Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері есіртік сатуды кәсіп еткен зейнеткер әйел мен оның ұлын қолға түсірді, - деп хабарлайды Qamshy.kz Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Ұстау барысында күдіктілердің үйінен 5 келіден астам героин заты табылып, тәркіленген.
Тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғындардың бірі арызданып, Төле би ауданында есірткі саудасының қызу жүріп жатқанын айтқан. ОҚО ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы жасағы және Төлеби АІІБ-мен бірігіп, күдіктілерді ұстау операциясын жүргізді. Нәтижесінде, 1954, 1976 және 1993 жылы туған үш күдікті қолға түсті. Олардың ең үлкені - 62 жастағы әйел қылмыстық топқа жетекшілік еткен. Оның қырыққа келген ұлы мен 23 жастағы тағы бір азамат зейнеткерге көмектесумен айналысыпты. Анасы мен ұлы бұған дейін де есірткі сатамын деп бір рет сотталған дейді полицейлер.
Күдіктілер сауданы үйінде жүргізген. Нысанды тінту кезінде 5 полиэтилен қалтасына оралған героин табылды. Олардың жалпы салмағы 5 келіден сәл асады. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 297-бабымен «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысында есірткі затын сақтау және сату бойынша 87 қылмыс тіркелген. 22 кг аса есірткі заты тәркіленген, оның ішінде 5,5 кг героин есірткісі. Тәртіп сақшылары заңсыз есірткі затын сатумен айналысқан 47 күдіктіні құрықтаған.
Пікір қалдыру