Атажұрттағы мұң

/uploads/thumbnail/20170709010456539_small.jpg

Оралдым жүктерімді камаз басып,

Тұрағым – ата жұртта – қағаз лашық.

Жесірі жат қойнында, жер дауы үшін –

Қазағым жатыр тағы араздасып.

 

Жат алған баба қоныс суатымды,

Шығарды күш көрсетіп қуатынды.

Қаланып жер ошаққа емен- жыңғыл,

Қой тастар шағыл болып уатылды.

 

Алмасы бұйырмады Aла таудың,

Жуасы мен жидегі Қара таудың.

Биттеп келіп би болған келімсектің,

Қорасында жанды оты әр отаудың.

 

Күкірттің қарсы жүзген дауылына,

Күйінем табыныма, ауылыма.

Қара майдан тамшы да бұйырмады –

Жағуға төрт түліктің жауырына.

 

Немере жоқ атаға сәлем берген,

Мүделес туғанды би жемеңгермен.

Лениннің шекпенінен шыққан сұмдар,

Тайраңдап жүр, деп: “ дана кемеңгер- мен”.

 

Қайғыдан өткенді аңсап арыламын,

Лақ тартып Сібірде де қары қалың.

Елемеппін болжап ең қайран бабам,

Дүниенің осыншама тарыларын...

 

Қорқыттың күңіреніп тұр қобызы,

Келмейді ау қайта орнына Сыр теңізі?!

Аю мен айдаһарда жерім қалып,

Үш тоғыздан бұйырды бір тоғызы.

 

Төріңде ойнақтаттың кірмеңді, дат!

Ол аз болса босаға, іргемді сат!

Кеңдігінен не пайда жүрсем қаңғып,

Өз Отаным өзімнің түрмем құсап…

 

Тұрағым – ата жұртта – қағаз кеме,

Қазағым бір- бірімен араз неге?!

Қонағыңа күзет қой, іштен шыққан,

Шұбар жылан- сатқынның саны аз деме!!!...

ЕСБОЛ ҮСЕНҰЛЫ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар