Астанада «Жас жасампаздар жоба жарысы» және «Робототехника» сайысы басталды

/uploads/thumbnail/20170709010613602_small.JPG

Бүгін Астана қаласындағы «Нұр Орда» мектеп-лицейінде «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ-түрік лицей оқушыларының арасында республикалық «Жас жасампаздар жоба жарысы» және «Робототехника» сайысы басталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Шараның салтанатты ашылуына ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жонтаева Жаңыл Алпамысқызы, «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдурахман Сел, Астана қаласының маслихат депутаты Касенов Гайдар, Республикалық Дарын ғылыми-практикалық орталығының директоры Қирабаева Шолпан Ақашқызы, «НұрОрда» мектеп-лицейінің директоры Орхан Озтомсук және тағы да басқа қонақтар қатысты.   

«Жас жасампаздар жоба жарысы» бұл - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы аясында осымен 3 рет ұйымдастырылып жатыр. Сондай-ақ, «EXPO-2017» баламалы энергия көздері, әлеуметтік-қоғамдық мәселелер, жаратылыс тану және гуманитарлық бағыт бойынша өткізіледі.

Ал, Роботикс сайысы биыл алғаш рет оқушылардың экологиялық, шығармашылық, логикалық, қасиеттерін нығайту, хай-тек және нанотехнологияларды игеріп, техникаға деген қызығушылығын дамыту үшін ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің барлық өңіріндегі қазақ-түрік лицейлерінен 200-ден аса оқушы қатысуда. Шара барысында оқушылар робот жасайтын жаңа үлгідегі «ЛЕГО-РОБОТ» секілді бағдарламаларды пайдаланады.

Әділқазылар құрамына робототехника саласында қызмет ететін Қазақстан және шетел мамандары мен ғалымдары кіреді. Оқушылар арасынан жақсы нәтиже көрсеткен жобалар «Стартап» ретінде қарастырылып, кәсіпкерлікте қолданылатын болады. Мұндай жүлделендіру үрдісі балалардың күрделі ғылыми сұрақтардың жауабын іздеуге, аутентикалық зерттеу жұмыстарын қолдануға, ертеңгі күннің өзекті мәселелеріне шешім табуға итермелейді.

Сондай-ақ, сайыс нәтижесінде жоғары орын иеленген балалар Кореяда және Бразилияда өтетін жарысқа жолдама алады.

Нурила Асанбай және Алтынай Момбекова, Шымкент қаласындағы қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей оқушылары:

Біздің бүгін алып келген жобамыз «SMART DOOR» яғни, «Ақылды есік» деп аталады. Жалпы жұмыс істеу жолы былай: Біз есікке арнайы дыбыстарды есте сақтайтын және магнитпен жұмыс жасайтын екі құрылғы орнаттық. Біріншісі – сіз немесе отбасыңыздағы белгілі бір адамар ғана білетін есік қағу дыбысы. Мәселен, сіз бастапқыда есікті саусақтармен немесе қолмен 4-5 рет қағу немесе тағы да басқа жолдар арқлы орнатып аласыз. Содан кейін осы дыбысты есте сақтап алған есік тек сіз есік қаққанда ғана ашылады.

Ал, екіншісі – қазір көпқабатты үйлерде қолданылып келе жатқан магниттік құрылғы (домофон). Мұнда есіктің арнай жеріне орнатылған құрылғы болады. Сіз сонда тек өзіңізде болатын карточканы сол жерге тигізсеңіз есік ашыла қояды.

Шараның салтанатты жабылу рәсімі ертең 10:00-де Нұрорда мектеп-лицейінде өтеді.

Сапарғали Қанат

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар