Жер реформасы әскерилерге де түсіндірілуде

/uploads/thumbnail/20170709011145248_small.JPG

Халық арасында қатты наразылыққа ұшыраған жер реформасы мен білім беру саласындағы бастамаларға қатысты түсіндіру жұмыстары әскерилер арасында да жүруде, - деп хабарлайды Qamshy.kz ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Ұлттық ұланның Алматы қаласында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өңірлік қолбасшылық қолбасшысы генерал-майор Әлібек Серәлиевтің басшылығымен өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің әскери қызметшілеріне елімізде біраз дау тудырған Жер Кодексіне және білім беру мен денсаулық сақтау саласына өзгерістер енгізу туралы бастамаларды түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жұмыстар аясында қабылдануы тиіс жаңа нормалардың, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы өзгерістердің халыққа дұрыс жеткізілмегендігін, дұрыс талқыланбағандығын ескерген Әлібек Болатұлы жеке құрамға жаңа нормаларды кеңінен таныстырып, талқыға салды. Ол өз сөзінде:

«Қазіргі нарықтық қоғамда арандатушылыққа жол берілмеуі керек, Елбасымыздың жүргізіп отырған саралы саясаты мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды екенін ұмытпайық. Президентіміз ұсынған бес институционалды реформалардың жүзеге асуы, бұл – тұрақтылық пен жасампаздықтың кепілі», - дей келе, әскери қызметшілерге, осы мәселелерді отбасы мүшелеріне дұрыс түсіндіруді тапсырды. Бұнымен қоса қолбасшы ағымдағы жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Халықтары Ассамблеясының «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты 24 сессиясында қабылданған «Мәңгілік Ел» атты патриоттық актісін әскери қызметшілерге баяндап, еліміздің «Мәңгілік Ел» дәрежесіне жету жолындағы Елбасы ұсынған ауқымды 7 бағыттың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті.

Қолбасшының түсіндірме жұмыстарынан кейін қызметіне жақында ғана тағайындалған Алматы гарнизонының әскери прокуроры, әділет полковнигі Сәткен Тілекжан өңірлік қолбасшылыққа арнайы келіп, жоғарыда аталған мәселелерге байланысты өзінің пікірін білдірді. Сәткен Бауыржанұлы ағымдағы жылы қабылданған «2016-2018 жылдарға арналған Қазақстан Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» туралы жаңа бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар қолға алынғанын атап өтіп, нашақорлық, коррупция, суицид және басқа да қылмыстар туралы сөз қозғады, сондай-ақ оның алдын алу туралы пайымды мысалдар келтірді.

Қолбасшы мен әскери прокурорға әскери қызметшілер де өзегінде жүрген баспана алу, түрлі жәрдемақылар мен жеңілдіктер туралы көкейлерінде жүрген мәселелерді қозғап, қойған сұрақтарына тиісті жауаптар алды.

Қатысты Мақалалар