Танымал әнші Төреғали Төреәлі алдағы жеке концертіне “Алло!” әнін бірге шырқаған әріптесі Ерке Есмаханды шақырмайды. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі әншінің өкіліне хабарласып білді.
Тілшілер администраторы Фаридамен тілдесіп, алдағы жоспарланған концерттің өткен концерттен қандай ерекшелігі қандай екенін білмек болды.
Әншінің өкілі Төреғали Төреәлінің әзірге қандай әріптестері концертке қатысатынын нақты айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен Ерке Есмаханның болмайтынын кесіп айтты.
“Сахнада басқа да өнер жұлдыздарынан кім болатыны белгісіз. Бірақ Ерке Есмахан болмайды”, – деді ол.
Концерттің ерекшелігіне тоқталып өткен Фарида, кеш 3D форматында өтетінін, әндер фонограммасыз, оркестрдың сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалатынын, бағдарламаның 90%-ы жаңа әндерден құралып, сахналық костюмдері қайталанбайтынын жеткізді.
Еске сала кетсек, әншінің бұған дейін жеке концерті осыдан жарты жыл бұрын, өткен жылдың 11-қарашасында ғана «Ұлы дала баласы» атауымен өткен болатын. Шығармашылық кешін дүркіретіп өткізген Төреғали Төреәлі араға алты ай салып тағы да өз тыңдармандарын «Қазақ қызға үйленемін» атты жаңа ән кешіне шақырады.
Кеш 22-мамыр күні Алматыдағы Республика сарайында өтеді.
Айта кетсек, “Ел аузында” бағдарламасына сұхбат берген Төреғали Төреәлінің әкесі әрі продюсері Төреәлі Төлеп Ерке Есмаханды "Алло" әнінің арқасында танымал болды дегені Баян Есентаеваның қытығына тиген. Бұған шамданған Есентаева Төреғалидың әкесінің былықтарын жайып салған еді. Ал “Алло” әнін шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленген Ерке Есмахан әріптесінің әкесі жайлы артық сөз айтқысы келмейтінін айтқан.