АЙТУҒА ОҢАЙ... Көңілім қалды... Айтуға оңайға өкпем қара қазандай... Әй, өзіме де обал жоқ-ау! Неге бардым екен? Неге? "Бердібек Соқпақбаев жайлы түсірілім жасамақпыз" деген соң, құстай ұшып едім. Бердібектің өмірі, шығармашылығы жайлы бар білетінімді, ойға түйгенімді айтсам деп едім. Өлімі жайлы да көкейде біраз жайт сарнап жатыр. Бірақ, барлық ойым кесіліп тасталыпты. Эфирге жібергендері бір ауыз сөз. Ақыры қиғыш екен, ала салмады ма? Менсіз де, сол бағдарлама "керемет" болып жарқ ете қалар еді ғой. Бердібектің қалай өлгені жайлы үш нұсқа бар. Біріншісі - отбасылық кикілжің. Кейінгі жеңгейден туған екі ұлының тәрбиесіне қатысты түрлі әңгімелер айтылған болатын. Айтыла береді де. Екіншісі - "Өлгендер қайтып келмейдінің" мемлекеттік сыйлықты ала алмай қалуы. Бұл өз дәрежесінде жазушының психологиясына әсер етпеуі мүмкін емес. Үшіншісі қазір екінің бірі айтып жүрген БҰҰ-на хат жазбақ болғаны. Кеңестік идеологияға қарсы шығуы. Мен алғашқы екеуін айта отырып, жоққа шығардым. Өз басым үшінші нұсқаға сенетінімді айттым. Ал, "Айтуға оңайлықтар" бұған пысқырмапты да. Алған да, қиып тастай салған. Сонда деймін-ау, мен өмірден қайтып кеткен Қадыр Мырза-Әлінің және сол түсірілімге қатысқан Аманхан Әлімнің ойын қайталау үшін барыппын ба? Жәрәйді, бұл қысқарды дейік. Мен Бердібек ағамыздың 17 жыл бойы еңтеңе жазбауы мүмкін емес екенін дәлелдеп тұрып сөйлеген едім. Сол 17 жылдың ішінде ағамыздың дым жазбауы мүмкін емес. Демек, шығармалары қолды болды деген сөз. Бұл ойым да жоқ. Есесіне Бексұлтан Нұржеке ағамның маған қарсы пікірі ғана жүр. Ол кісі "Өлгендер қайтып келмейдіні" 1984 жылы жазылды деді. Мен ағамыздың жағасынан алуды мәдениетсіздік санап, тыныш отыр едім, менің ойымды Бердібек ағаның үйіндегі жеңгей растап, бұл шығарманың өздері ажыраспай тұрғанда жазылғанын дәлелдеп берді. Құдіретіңнен айналайын, "Айтуға оңай" оны да белінен сыза салыпты. Сосын бағдарламаның аяғында тағы екі-ауыз сөзім жылт етті. Алдындағы һәм артындағы ойларым қиылғаннан соң, оның да берекесі қалмапты. Ауылдағы ағайыннан, соны көрген мені танитын адамдардан ұят-ай! Бұдан кейін көрмегенім, бармағаным - "Айтуға оңай" болсын! Осы бағдарламада жұмыс жасайтын, өзім жақсы көретін бауырларым бар. Сол бауырларыма айтарым мынау... Мені клоун жасап қойғандарыңыз үшін рахмет... Дүние алма кезек қой..