Теолог-ғалым Досай Кенжетайдың «Шымкент салафиттердің ордасына айналды» деп ашынғаннан ащы шыққан даусы деструктивті діни ағым өкілдерінен бұрын осы салаға жауапты шенділерге ауыр тигенге ұқсайды. Кей ақпарат құралдары ғалымның «Шымкентте 15-20 мың салафит бар» деген ғылыми болжамына жауап жазыпты.
Қазақстанда салафиттер көбірек қайда орналасқан дегенде, мамандар көбіне-көп Ақтөбені, Атырауды, Оралды, Сәтбаев қалаларын көрсетеді. Шынында да аталмыш өңірлерде жалпы халыққа шаққанда салафилердің шоғыры басым. Мешіттегі бес уақыт құлшылық жасауға келген жамағаттың тең жартысына жуығын сақалдылар мен келте балақтар құрайды. Онда қолын кіндігіне емес, көкірегіне байлаған көкірек намазхандар жетерлік. Имам «Фатиха» сүресін оқып болған соң «Әумин» деп даусын көпе-көрінеу зорайтатындар аз емес.
Досай Кенжетайдың сын садағына іліккен ОҚО – еліміздегі халық ең тығыз орналасқан өңір. Әрі мемлекет құрушы қазақ ұлтының саны да басым. Ислам дінін ұстанушылар, оның ішінде өзге облыстармен салыстырғанда намазхандары өте көп. Қазақстанда 2500-ден астам мешіт болса, соның үштен бірі осы облысқа тән. Қолда бар деректерге қарағанда 750-дей мешіт, қоғамдық орындарда 50-дей намазханасы бар. Бір сөзбен айтқанда ОҚО-сы мұсылман қауымының басымдығымен ерекшеленеді.
Досай Кенжетайдың «Шымкентте 15-20 мың салафит бар» деп шамалап айтқан болжамының жаны бар. Неге десеңіз, өңірде бір уақытта 1000 намазхан сиятын 100-ге жуық мешіт бар. Сол шамада бір уақытта 500 намазхан сиятын тағы да 100-ге жуық мешіт орын тепкен. Ал, салафилер көбінесе қарақұрым намазхан жиналатын мешіттерде төбе көрсетеді. Оның бір себебі, олар салт-дәстүрді берік ұстайтын ауылдық мешіттерге келсе, ақсақалдардың басына әңгіртаяқ ойнатуынан үркектейді.
Салафилер ОҚО-ғы үлкен мешіттердегі жамағаттың кемінде 10 пайызын құрайды. Сонда 1000 намазхан сиятын 100 мешіттің 10 пайызын шотқа салсақ, өңірде 10.000 салафит бар болып шығады. Ал, 500 намазхандық мешіттердің 10 пайызын есепке алсақ, алдыңғы 10.000-ға тағы 5000 салафит қосылады. Сайып келгенде, өңірде жай қарапайым есепке салғанның өзінде 15.000 салафит бар болып шығады.
Оңтүсікте үш миллионнан астам халық өмір сүреді. Осыдан да салафиттер көп деп айтылатын өзге өңірлерге қарағанда, олардың Шымкенттегі ордалары еленбей қалуда. Айтайын дегеніміз бұл емес. Біз неге шындықтың бетіне тура қарауға қорқамыз. Тарихшылар күні кеше қарасын батырған КСРО-ны жалған есептердің кесірінен құлағанын айтып жүр. Біз де өз өтірігімізге өзіміз сеніп, ертең содан опық жеп қалып жүрмейміз бе?
Салауат Кертаев