Жер комиссиясында айтылып жатқан өткір сын мен шынайы шындықты естігенде өткен ғасырда Қытай елінде өткен «Сайрату науқаны» еске түсе береді. Мао «Гүл біткен ашылсын, Құс біткен сайрасын» деп ұрандатып, демократиялық ашықтыққа біршама кеңдік берген ғой. Әрине, мұндай кезде зиялы қауым, ғалымдар, жазушылар үнсіз қалсын ба, жапа-тармағай жамыраған ғой. Елдегі мүшкіл жағдайды айтады, Батыс елдерінен артта қалған мешеуліктерін әшкерелейді, қысқасы, жаңаша дамудың барлық жайларын жіті талқылайды ғой.
Бәрін тыңдап, толық ақпарат алып болған соң Мао үкіметі «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, ішінде қарға-құзғын да бар. Ашылғанның бәрі гүл емес, арасында арам шөп те бар. Солардан еліміздің бау-бақшасын тазартайық» деген мағынада тағы бір үндеу тастап кеп жібереді. Ал, сонымен «мәдениет төңкерісі» лап қояды. Демократиялық көзқарастағы озық ойлы ғалымдарды жас «қызыл жасақшылар» үйлерінен, кабинеттерінен, кафедраларынан айдап шығып, қолдарына соқа, тесе, күрек ұстатып ауыр жұмысқа салған. Ондағысы, сайрағаныңдай енді жұмыс істе дегенді меңзегендері болса керек. Осылайша, елді ойрандап, зиялысыз қалдара жаздаған. Жаңылмасам, сол тұста кейін ұлы реформатор болған Дэн-Сяо-Пин (Дың-Шоу-Пиң) де абақтыға түсіп ауыр жұмысқа жегілген.
Жеркомның ақырғы нәтижесі де солай болып жүрмесе болды ғой, неше жерден ХХІ ғасыр деп өзімізді жұбатсақ та.
Қуандық Шамахайұлының Фейсбуктегі парақшасынан алынды