Алматылық дәрігерлер мен полицейлер жаппай ағылшын тілін үйреніп жатыр. 2017 жылғы Қысқы Универсиада ойындары кезінде қызмет ететін олар халықаралық тілге де жетік болуы керек, - деп хабарлайды Qamshy.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Әдетте ақ халатпен жүретін дәрігерлер қайтадан партаға отырған. Қазіргі уақытта 130 медицина қызметкері қаладағы 4 бірдей жоғарғы оқу орнында ағылшынша үйреніп жатыр. 1-ші желтоқсанға дейін 400 маман тілін жетілдіріп шығуы тиіс. Өзге тілді жылдам үйрену үшін олар арнайы бағдарламамен оқытылуда. Яғни, оқу барысы дене мүшелері, ауру түрлері, емдеу жолдары сынды медицинаның негізгі терминдері аясында өтіп жатыр. Ақ халаттылардан бөлек, полиция мен төтенше жағдай мамандары да шет тілін жетік меңгеруге кіріскен.
Нұржан Әбілқайыр, 2017 жылғы Қысқы Универсиадаға дайындық дирекциясы мемлекеттік қоры директорының орынбасары:
-2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының тәжірибесін негізге алдық. Тіл үйренушілер арасында жаңадан бастап жатқандар да бар. Бірақ соған қарамастан,бекітілген мерзім ішінде қажетті мамандарды ағылшын тілінде даярлап үлгереміз деп отырмыз.