ПЕЙНТБОЛ ОРТАЛЫҚТАРЫ «ЖАС ЖИҺАДШЫЛАРДЫҢ» ШЫНЫҒУ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ МА?

/uploads/thumbnail/20170709045805382_small.jpg

Бірде Жезқазғанға барғанымда ондағы достарымның бірі қала тұрғындары «сақалтайлар» деп ат қойып, айдар таққан салафит жастардың спортқа, жауынгерлік дайындыққа аса мән беретіні туралы өрбіген әңгіме арасында олардың қаладағы пейнтбол орталығының тұрақты клиенттері екенін айтып қалды.

«Аптасына бірнеше рет пейнтбол алаңдарын жалға алады. Топтарына бөтен адамды кіргізбейді. Тек өздері жиналып барып, алаңды бірнеше сағатқа иеленеді. Өзгелермен бірлесіп «соғысуға» құлықсыздық танытады, бөтен адамдардың алаңға кіргенін қаламайды», - деп қалғаны бар. Сол сөз сол айтылған жерінде қалып, сол сәтте аса мән бермегенім өтірік емес. Тіпті, «Зейнетақы қорына ақша аудару – харам, Еңбек кодексі – шариғатқа қайшы» деп, еңбек заңнамаларына сай тұрақты мекемелерде жұмыс істеуден қашқақтайтын кей «діндәрдің» жарылғыш заттар пайдаланылатын шахталар мен қару-жарақпен тікелей байланысты күзет қызметтерінен бас тартпайтыны, әлгіндей «шариғи тыйымдарды» ұмытып кететіні де ойландырмапты сол кезде...

18 шілдеде Алматыда болған оқиға радикалды жастардың әлеуметтік портреті туралы қайта ойлануға себеп болғаны анық. Олардың не үшін радикалданатыны, мемлекеттік жүйе мен заңдарға қарсы тұратыны, зайырлылық принциптері мен зайырлы өмір салтын ұстанатын жандарға қаскөйлігі емес ойландырған. Ойландырғаны, жалғыз адамның санаулы минуттар ішінде қаншама адамды өлтіріп, жарақаттағаны. Қарулы қақтығыстарды былай қойып, әскерде мерзімдік қызметін өтемеген адамның әлгіндей шеберлік көрсетуі шынымен ойландырады. Көп адамның көкейінде әлі күнге осы сұрақ жүргені анық.

Қазір Алматыда қанды қырғын ұйымдастырған Руслан Күлікбаев тергеліп жатыр. Бірқатар ақпарат құралдары айыпталушының тергеуде айтқан сөздерін жариялауда. Р. Күлікбаевтің тергеушілерге айтқан кей сөзін жақында «Время» газеті де жариялады. Алматы қаласы Алмалы аудандық ІІБ-ге ол бір тапанша, бір шолақ мылтықпен барғанын айтыпты.

«Бала кезімде мен кикбоксингпен айналыстым, орын алмасам да облыстық жарыстарға қатысып жүрдім. Әскерде болмадым, бірақ, аңшылықпен әуестендім. Одан бөлек пейнтболмен кәсіби түрде шұғылдандым. Мен шынымен судьялардан, полиция мен прокурорлардан өш алғым келді. Өзімнің үкімім объективті болды деп санамаймын. Бірінші Алмалы аудандық сотына бардым, бірақ ол жақта форма киген ешкімді кездестірмедім. Одан Алмалы АІІБ-ге бардым да посттан жаңа ғана шыққан адамды аттым...Сосын басқа полицейлерге оқ жаудырдым. Бейбіт адамдарды атпадым. Жезөкшеге келер болсақ, мен оған және басқаларына да кәсіптерінің, әсіресе, Рамазан айында харам екенін ескерттім. Мен оларға жезөкшелікті Алла қаламайтынын ескертсем де олар тыңдамады. Сосын мен оны аттым. ...Макаров тапаншасы мен шолақ мылтықты көшеден тауып алғам, қай көше екені есімде жоқ...», - дейді Р. Күлікбаев тергеу барысында.

Р. Күлікбаевті қанша жерден дінге қатысы жоқ, оның әрекетін әдеттегі бандитизм деуге тырысқанмен оның осы сөздері алғашқы адамды (жезөкшені) діни көзқарасына байланысты өлтіргенін растайды. Ең бастысы ол ату дайындығын «пейнтболмен кәсіби түрде шұғылдану» арқылы шыңдағанын мойындап отыр. Шынымен де нысананы дәл көздеп, өзіне оқ тигізбей ұрыс жасау үшін қалада басқа қандай жерде дайындалуға болады? Айыпталушының айтқанына сенбеске шара жоқ.

Сонымен, 18 шілде күні Алматы қаласында 5 адамды өлтіріп, 7 адамды жаралаған (жараланған бір полицей келесі күні көз жұмды – ред.) Р. Күлікбаев пейнтбол орталығына жиі барып тұрған. Пейнтбол – бірнеше адам қатысатын топтық ойын. Демек, Р. Күлікбаев жалғыз емес...

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар