Алматыдағы терактіде жараланған тағы екі полицей көз жұмды

/uploads/thumbnail/20170709045813945_small.jpg

Алматы қаласының жедел жәрдем ауруханасы жансақтау бөлімінде 18 шілде күні болған оқиғада жарақат алған екі полиция қызметкері көз жұмды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Дәрігерлер жарақат алған полиция қызметкерлерінің өмірін құтқару үшін барын салған.

Жансақтау бөілімінде көз жұмған полицейлердің бірі полиция аға сержанты Серік Еркінұлы Әбілдаев 1973 жылы туған, Алматы қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полициясының полицейі, ішкі істер органдарында 1994 жылдан бері қызмет еткен. Полициядағы қызметі барысында 1,2,3-дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Қазақстан полициясына 20 жыл» кеуде белгісімен, ҚР ІІМ, ІІД бастығының грамоталарымен наградталған. Марқұмның артында әйелі мен үш қызы қалды.

Көз жұмған екінші полицей – полиция лейтенанты – Мейрамбек Нұриддаұлы Рахматуллаев. 1992 жылы туған. Алмалы ауданы ІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы. ІІО-да 2012 жылдан бері қызмет еткен. Қызмет барысында бірнеше рет ҚР ІІМ, Алматы қаласы ІІД бастығының грамоталарымен наградталған. Үйленген.

«Алматы қаласы ІІД басшылығы, Ардагерлер кеңесі мен жеке құрамы қаза болған Серік Әбілдаев пен Мейрамбек Рахматуллаевтың жақындары мен туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады» делінген ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қатысты Мақалалар