Шілденің 27 күні (2016 ж.), ШҚО Науалы ауылының әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Серік Садуақасов бастаған бір топ адам Науалыға келіп жиын өткізді. Негізгі мақсаттары – менің Қуаныш Мұқтай бауырыма жіберген «Жер сатылмасын! Шетелдіктерге жалға берілмесін!» деп 247 адам қол қойған ауыл азаматтарының тізімі мен «Республикалық «Алаш жолы» қозғалысының Қазақстан халқына жолдаған: «Жер сатылмасын! Шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген талабы. Науалы ауылындағы белсенділер отырысының Қаулысының фейсбукте қалай, неліктен жарияланғанын анықтау, қол қойған адамдардың тізімін алып, оларға қысым жасау, қорқыту, райынан қайтару сияқты болды... Сол үшн 25.07.2016 күні жиналысқа қатысқандардың бәрін, Науалы әкімдігіне шақыртты.
Ауданнан келгендердің айтысына қарағанда біз «заң бұзушылық жасаған» сияқтымыз. Өйткені жоғарғы жақпен келіспей, олардан рұхсат алмай ауыл әкімдігінде жиын өткізіппіз, әкімдікпен келіспей. Жер туралы мәселе қараппыз, мақалаға қазақ полициясын қаралайтын жалған фотосурет тіркеппіз (маған таққан кінәсі)... Сондықтан билік басындағылар Жер туралы Заңнан «хабары жоқ қол қоюшыларға» (олардың ішінде мен де бармын) түсіндіру (шындығында қысым жасау) жұмыстарын жүргізуге келіпті-мыс.
Бұларға айтар жауабым төмендегідей:
Біріншіден, жиналыс ауыл әкімдігінде емес, ауылдың Мәдениет үйінде өтті. Ауыл әкімдігі Мәдениет үйінің үстіңгі қабатындағы 4 бөлмесінде орналасқан. Сонда ауыл азаматтарының Мәдениет үйінде түрлі шараларға байланысты ақылдасуына болмай ма? Бұлай талап қоя берсе, болашақта «далаға барып, дәрет сындыру...» үшін де жоғарыдан рұқсат сұрауымыз керек шығар? Тарихтан оқығанымыздай 1937 жылдың суық ызғары, қайта айналып келе жатқандай ма? Қалай өзі?
Менен Жерге байланысты қол қойған адамдардың тізімін беруімді талап етті. Ол тізімді мен бере алмаймын, бермеймін де. Үйткені олардың кейбіреуі «Жапонның жансызы (шпионы)» болып кетсе, обалы маған тиеді. Сондықтан, «Жапонияға астыртын қызмет етіп жүрген» өзім ғана жауап берейін. Кейін Президентің, Парламенттің, Үкіметтің қолдарына тиген соң, тізімнің көшірмесін, сол жерлерден сұрап алуларыңызға қарсы емеспін.
Екіншіден, жиналыстың тақырыбы: «Аягөз ауданы, Шынқожа ауылында ШЫНҚОЖА БАТЫР ескерткішінің ашылуы құрметіне берілетін асқа байланысты ұйымдастыру шаралары». Жер туралы сұрақ аяқ астынан пайда болды. Жиын біткен соң, ШЫНҚОЖА БАТЫР бастаған ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр Қазақ жерін жаудан қорғауға үлестерін қосты, Жерді бізге мұраға қалдырды деген тақырыпта баяндама жасалды. Қазір «Жер сатылады екен, шетелге жалға беріледі екен» деген сөз, қазақ даласын шарлап жүр. Сондықтан біз де Жерге байланысты өз ойымызды ашық айтайық деп өтініш білдірдім...
Үшіншіден, Жерге байланысты қол қойып «заң бұзғандардың» ішінде, менің «кінәм басқаларына қарағанда ауырлау» екен. Себебі олар менің фейсбукте жариялаған: «...Қазір ниеттес досым Бекбаев Қапез екеуіміздің жазған тізімдеріміздегі қол қоюшылардың саны 247 адам болды. Қол қоюдан бас тартқан, бірақ бізді қолдайтындардың саны – 10 адам. Бойын үрей билеген, ешқандай себеп айтпай қол қоюдан жалтарған – 1 адам. Қорыта айтқанда Науалы ауылының 99,99 % халқы жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге қарсы!» деген хатымыздан «ауыр кінә» тауыпты. Айтқан уәждері, менің бүкіл ауыл халқын атынан сөйлеуге құқым жоқ екен... Сондай-ақ, мақалама «Шетелдік полицейдің, әйелді тепкілеп жатқан суретін жариялап, полиция қызметкерлеріне кір жақты...» деген айып тақпақ болды.
Бүкіл ауыл халқының атынан сөз айтуға менің құқым жоқ. Ол қағиданы мен жақсы білемін. Бірақ хатта жазылған 99,99 % тек 258 адамға ғана қатысты болып тұр ғой. Биліктің жасап отырған қысымшылығының арқасында, бюджеттен ақша алатындар бұл үндеуге ешқашан қол қоймайды. Сондықтан бүкіл ауыл халқымен түгел сөйлеспей, олардың 99,99 % жер сатуға қарсы екен деп, Қазақстанда, тек есінен адасқандар ғана айта алады.
Биліктегілер, халықтың белсенділік танытып, Отанын, Жерін қорғап, бір ауыздан ауызбірлік көрсетіп, патриоттық сезімдерін білдірген ауыл адамдарына қуанудың орнына, неге бұдан трагедия жасап, заң бұзушылықтың ізін табуға тырысады? Мұндай айып ешқандай ақылға симайды. Күлкілі. Борат естімесін деп тілейік. Әйтпесе, тағы да оның сайқымазағына айналамыз.
Фейсбукта жариялаған мақаланың төменгі жағына «Әйелді тепкілеп жатқан полицейдің суретін жариялап, біздің полиция қызметкерлерін масқараладыңыз. Бұл біздің елдің полициясы емес Ресейдікі. Тез арада, бұл қай жерде болғанын анықтаймыз, сосын...» деп сес көрсетті. (Қарапайым көзбен қарағанның өзінде-ақ, полицейдің қазақ екені, киім үлгісі де Қазақстандық екені, жерде тепкінің астында жатқан арудың орыс ұлты емес, қазақты қызы екені анық көрініп тұр емес пе? Тіпті бұл фотосурет Алматыда түсірілген сияқты).
Құқық қорғау саласы адамдарының арасында мынандай мағнада: «Адам болса болды, оған қарсы ЗАҢның бабы табылады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар. «Тәртені қалай бұрсаң, арба солай жүреді, заң да солай» дегендей. Ия іздеңдер, «мен тіркедім, бұл суретті», барлық айыпты маған таға беріңдер... Мені атыңдар, түрмеге қамаңдар, соттаңдар, бәріне дайынмын. Бірақ ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕРІН САТПАУ, ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРМЕУ туралы өз пікірімнен айнымаймын, жолдас-жораларыммен де, тіпті туған-туыстарыммен де ымыраға келе алмаймын. ЖЕР ХАЛЫҚТІКІ! ЖЕР ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОЙНАУЫ, СУ КӨЗДЕРІ, ӨСІМДІКТЕР МЕН ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ, БАСҚА ДА ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНДЕ БОЛУЫ КЕРЕК!!!
Төртіншіден, Серік Құсайынұлы! «Қазақ Елінің Жері сатылған жоқ, шетелдіктерге, әсіресе қытайларға жалға берілген жоқ» деп айтуыңыз ешқандай ақылға симайды. Жалған!!! Жалған емес десеңіз, мына сұраққа жауап беріңізші.
Егер қытайлар бұл ауданда болмаса, Айдын Егеубаев бауырымыздың «ДАТ» газетінде басылған (№18(335) 05.05.2016) «Үржар жерін саудаға салғандар арасында қазақтар да бар...» деген мақаласына неге терістеме жазып, халыққа түсіндірілмеді?
Биыл, мамыр айының 18 күні, Науалы ауылында аудан әкімі – Серік Зинабекұлы қатысқан жиында осы мәселені алғаш рет көтерген едім. Ол кісі менің бұл сұрағымды терістеген жоқ... Тіпті біздің «Бәтуә» шаруашылығына барсақ, таныссақ деген ниетімізге қарсы болған жоқ, қолдады. Нәтижесінде сол жерге Сіз, әкімдіктің ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы, мен және Үржар ауылынан Есембаев Түсіпхан деген азамат бар, барлығы – 4 адам бардық, таныстық.
Қытайлар бұл шаруашылықта 2010 жылдан бастап 2012-13 жылға дейін жұмыс істеп, жергілікті азаматтарға Қытайдан келген көптеген техниканың, егістікті жүргізудің технологиясын үйреткен екен. Бұл шаруашылықтың Қытай мен Қазақстанның біріккен, қытай мен қазақ бірлесіп басқаратын шаруалығы екенін Сіз де, біз де көрдік. Осыдан артық қандай дәлел керек?
Бұл біріккен Қытай - Қазақ шаруашылығында, бұрын 108 адам жұмыс істепті. Қазір кейбір қиыншылықтарға байлаысты 30 адам ғана жұмыс істейді екен. Агрономы – Лю деген Қытай азаматы. Бірақ біз оны көре алмадық. Қазір осы «Бәтуә» шаруашылығын Алматыда тұратын, Қытайдан келген оралман қандасымыз – Ержан Мұхамедұлы басқарады. Осы жердегі шаруашылықты жүргізу мен тұрмыстық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында, электр энергисын өндіру үшін тәулігіне 1 тонна дизель отынын пайдаланып, біраз шығынға батып отырған көрінеді. Сондықтан бұл жерге жақын арада электр энергиясын әкелу мақсатында, электр жүйесі тартылатын болыпты.
Серік Құсайынұлы! Осы болған жағдайды да теріске шығармайтын боларсыз? Бұл туралы бізде аудио жазба мен кейбір фото суреттер бар. Қытайдан әкелінген «Бәтуә» шаруашылығындағы қаптаған, қытайда жасап шығарылған техника – комбайндар, тракторлар, самосвалдар, автомашиналар, ауыл шаруашылық техникалары т.б... Қытайдан әкелінбесе қайдан келді? Сонда Қытайлар мұнда 3-4 жылға қонақ болып, немесе қыдырып келмеген болар?
Ал, ЖЕРДІ САТПАУ, ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ЖАЛҒА БЕРМЕУ... туралы сұраққа келсек, Президенттің өзі де: «Халық қолдамайтын заңның керегі жоқ. Халықпен ақылдасыңдар... Халықтың Жерді сатуға қарсы шығып, көшеге шыққанына бір жағынан риза болып отырмын...» демеп пе еді? Әлде Президенттің сөзін тыңдамау керек пе еді? Халыққа барып қол жинағанымыз – халықпен ақылдасып, олардың пікірін білгеніміздің несі айып?
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, былай деп пайымдауға болады:
1. Бізге келіп жиналыс ашқан адамдар, Президенттің: «Халық қолдамайтын заңның керегі жоқ. Халықпен ақылдасыңдар... Халықтың Жерді сатуға қарсы шығып, көшеге шыққанына бір жағынан риза болып отырмын...» деген пәрменін орындамай, Президенттке қарсы шыққан арандатушылар деп ойлауға болатындай. Егер қол қоюшылар райынан қайтып, Жер сатылсын деп қол қойса, «кінәлілер» бірден жазықсыз болып шығатын...
2. Президенттің: «Халық қолдамайтын Заңның керегі жоқ...» деген сөзі жалған. Ол Жердің сатылғанын, шетелдіктерге жалға берілгенін қалайды. Ал бізге келіп жиналыс ашушылар – жоғарыдан келген «құпия» жарлықты орындаушылар ғана сияқты.
Сіздер қалай ойлайсыздар? Ал мен, осы пайымның екінші жағындамын.
Құрметті бауырым, Серік Құсайынұлы!!! Жоғарыда жазғандарым саған – жергілікті биліктің өкілі ретінде, шындығында, өзің арқылы биліктің жоғарғы эшелондарында отырған мәртебелі лауазым иелеріне берген ресми жауабым.
Ал енді, өзіңді, әкімнің орынбасары болмай тұрған кезден бастап білетін, Қазақстанның қарапайым азаматы ретінде, осы өңірде мен құрметтейтін, силайтын екі адам болса, соның бірі ретінде, өзім деген адамға айтылатын базынамды жеткізейін. Бірақ мұны өкпе деп қабылдама. Жоғарыда сендерге өкпелемейтінімді, ренжімейтінімді айтқан болатынмын. Сондай-ақ, бұл сөздерім, негізінен тағы да сен арқылы жоғары биліктегілерге арналады.
Мен білетін ер жүрек, халықтың сөзін сөйлейтін, өз құқығын қорғай алатын, ауданның бұрынғы әкімі Бауыржан Жанақовты өткір сынға алып, жерге қарататын бауырым Серік, қазір қайда? (Сондағы сөйлеген сөздерің жазылған бейне жазба менің мұрағатымда әлі сақтаулы). Билік пен байлық қолдың кірі сияқты бүгін бар, ертең жоқ. Билік басындағылар халықтың сөзін, жанайқайын неге тыңдамайды? Неге олар шынайы пікірін білдіргендерді, шындықты айтатындарға қысым жасап қудалайды, түрмеге жабады? Одан да, күйзеліп отырған халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға неге көңіл бөлмесіңдер?
Серік бауырым! Баспасөз материалдарының мәліметіне қарағанда, Қазақстанның қазба байлығының азайып бара жатқаны туралы айтылады. Жердің астын сатып бітірдіңдер!? Енді Жердің бетін сатып, пайда таппақсыңдар ма??? Ертең, «келер ұрпаққа не қалдырдым» деп айтасыңдар? Халықтың, болашақ ұрпақтың қарғысына, қаһарына ұшыраймыз деп ойламайсыңдар ма? Ойланыңдар!!!
Сондықтан биліктегілерге айтарым, Отаныма, Қазақстаныма зиян келетін әрекеттерге барған жоқпын, бармаймын да. Отанын, елін сататын адам мен емес. «Ұлтыңды сүйсең, оның кемшілігін, айта отырып, оның кемшілігін жоюға ықпал ет» - деген халқымыздың дана сөздерін ескере отырып, елдегі болып жатқан кейбір келеңсіз жағдайларға қарсылығымды білдіріп,түрлі жиындарда пікірімді білдіріп, баспасөз беттерінде жариялаймын. Өтініш айтып келген адамдарға шамам келгенше көмек көрсетуге тырыстым
Белшесінен батқан бассыздық пен жемқорлық жайлаған елдің құрдымға кететіні бесенеден белгілі. Мұндай әрекеттер елдің экономикасын тығырыққа тіреп, мемлекеттің іргетасына қауіп төндіретіні де ақиқат. Еліміздегі парақорлық пен жемқорлықтың қоғамның барлық саласын қамтып, оның кез келген саласының дамуына кедергі келтіріп, күйзеліп отырған қарапайым халықтың тұрмысына кері әсерін тигізіп отырғаны да ешкімге құпия емес. Қазіргі кезде бүкіл елді жайлаған жемқорлық эпидемиясымен күреспек түгілі, оны бақылауға алудың өзі қиын...
Ендеше, бұл індетке қарсы тұру - халқы үшін жаны ашитын, көзі ашық азаматтардың басты міндеті, азаматтық борышы. болуы керек деп есептеймін. Сол себепті, мұндай келеңсіз жағдаймен күресу - менің де, көзі ашық, көкірегі ояу әр адамның да азаматтық борышы. Бізден мемлекетке ешқандай қауіп жоқ, керісінше біз мемлекеттің жанашырлары әрі санитарымыз.
Елімізде екіжүзділік, жағымпаздық, намыссыздық, еліктегіштік, қорқақтық, парақорлық, жемқорлық тағы да басқа жағымсыз қасиеттер қоғамның айықпас дертіне айналған. Сондықтан, мені мемлекетіміздің болашағы, ұлт тағдыры, күйзеліп жүрген халықтың тұрмысы, адам құқығының жаппай сақталмауы, демократиялық құндылықтардың жойыла бастауы, басқа да келеңсіз жағдайлар қатты алаңдатады.
Мен үкіметке де, халыққа да қарсы емеспін. Тек, дөрекі, мәдениетсіз, ұр да жық әкімдерге, олардың заңсыз іс-әрекеттеріне, шенеуніктердің бюрократтығы мен парақорлығына, қоғамды жайлаған жемқорлыққа, қыруар қаржының бақылаусыз шетке кетіп жатқанына, қазақ тілінің қауқарсыздығына, ұлтымыздың рухани дағдарысқа үшырауына, осыларды көріп-біле отырып, шара қолданбайтын биліктегілерге қарсымын.
Жақсы болсын, жаман болсын, бар заңның дұрыс жұмыс істемеуіне наразымын.
Қазба байлығы аса мол, халқы Қытайдың орташа қаласындай ғана елдің экономикасын дұрыс басқара алмай отырған жоғарғы биліктегілердің әлсіздігіне, жұмыссыздар мен қайыршылардың молдығына ашынамын.
Биліктің қуыршағына айналған мұғалімдер мен дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің сайлау кездеріндегі заңсыз әрекеттеріне қынжыламын.
Мен, еліміздің Өркениетті ел болуына, мемлекетіміздің көркеюіне, халқымыздың шынайы демократиялық жағдайда өмір сүруіне атсалысуға тырысып жүрген, еліміздің Заңдарына жүгінетін, заң шеңберінде өмір сүретін Қазақстанның қарапайым азаматымын.
«21 мамыр күні митингіге шығамыз, рұқсат беріңіздер» деп, 2 адам (бастамашыл топтың атынан) аудан әкімдігіне бардық. Алайда митинг өткізуге байланысты өтініштің мерзімін (өтінішті қарау мерзімі 10 күн) кешіктіріп алуымызға орай, рұхсат берілмеді. Олай болса басқа күнді белгілеуді ұсындық, оған да қарсылықтарын білдірді.
Митингіге шығудағы басты талабымыз: «Жер сатылмасын! Шетелдіктерге жер арендаға берілмесін!.. Молақ ауылындағы 87 адамның шабындық жерлерін «жайылымдық жер» деп, ауылдың кәсіпкеріне заңсыз рәсімдеп берілген жер қайтарылсын! Болмаса 87 отбасынан 2 адамнан шықса 174 адам және Науалы ауылынан да адамдар қосылады.., сонда бір ғана Науалы ауылдық огругінен 300 дей адам аудан орталығына барамыз. Аудан орталығынан да, жерді сатуға... қарсы адамдар шығатынын есептей беріңіздер...» деп ескерттік.
Аудан басшылары, біздің талабымыздан соң, шұғыл түрде әрекетке көшті. 18 мамыр күні Науалы ауылында Үржар ауданының басшылары қатысқан (Аудан әкімі, оның барлық орынбасарлары, аудандық мәслихаттың хатшысы, бөлім бастықтары, «Семей таңы» газетінің тілшісі...) жиын болды...
Нәтижесінде, Науалы ауылдық округі қарамағындағы Молақ ауылының 87 отбасының 1,5 жылдан бері қайтарып ала алмай жүрген шабындық жерлері, қолма-қол қайтарылды. Халықтың наразылығын тудырған, бұрынғы ауыл әкімің заңсыз шешімінің күші жойылды, әрі сол әкімнің иелігіндегі 4 гектар жерді, аудан әкімі, мал өсірумен айналысатын азаматшаға алып берді. Сонымен халықтың ашу-ызасы тарқағандай болды... ?!?!
Ең бастысы, біздің (бастамашыл топтың) риза болып қуанғанымыз, ХАЛЫҚ БІРІКСЕ ҮЛКЕН КҮШ ЕКЕНІН АНЫҚ СЕЗІНДІ!!!!!!
«Дат» газетінде жазылған «Үржар жерін саудаға салғандар...» деген мақаладағы «Бәтуа» ЖШС иелері (қытайлар) біздің ауданнан Көкшетауға кеткенін, ауылымызда болған жиында аудан басшылары растады. Сенбесеңдер сол жерге апарайық көріңдер деді. Қашан апарады деп күтіп отырмыз. Егер сол жерден сараптамалық топырақ алсақ, қай жерде сол топырақтың сараптамасын жасатуға болады? Біздің адамдарға сенім жоқ.
Тоқан Тұрсынбаев
30.07.16 жыл