Бұл сұраққа Алматыда журналистермен кездескен елдің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың өзі жауап берді, - деп хабарлайды Qamshy.kz 365info.kz-ке сілтеме жасап.
Естеріңізге салсақ, шымкенттік «сыра королі» Тоқтар Төлешов қаңтар айында қамауға алынған болатын. Оған қылмыстық кодекстің бірқатар баптарымен қоса, «Билікті күшпен басып алмақ болды» деген де айып тағылды. Т. Төлешовтің сыбайластары ретінде 6 маусым күні Оңтүстік Қазақстан облысында орын тепкен 35748, 55652 әскери бөлімдерінің командирлері Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев деген полковниктер де тұтқындалған еді.
Осы екі шендіге қатысты сауал Алматыға келген Тасмағамбетовке төтесінен қойылды.
Жауабын «Тергеудің аяқталуын күтейік» деп бастағанымен И. Тасмағамбетов оңбай шатылған екі бағыныштысына қатысты өз ойын жасырмады Тіпті, оларды «Ақшаға сатылып, өз беттерінше әрекет еткен» деп айыптады.

Полковник Қайрат Пернебаев отбасымен. Сурет: otyrar.kz

Полковник Бекзат Жумин. Сурет: otyrar.kz
«Халық «сыра королі» атап кеткен кісі ұстала салысымен, маған Т. Төлешовтің бұрын МҚМ-де қызмет атқарған әкесінің құрметіне ұйымдастырған «десанттар слеты» аталатын шараның видеосын алып келді. Оған ресейлік те әскерилер шақырылыпты. «Слетта» көп әскери техника көрсетілген, ұшақтар да қатысқан...
Әрине, мен бірден қызметтік тексеріс тағайындадым. Тексеріс олардың (Б. Жумин, Қ. Пернебаев – ред.) жоғарғы қолбасшылықтың келісімін алмай, өз беттерімен әрекет еткенін анықтады. Содан кейін мен оларды командир міндетін атқарудан босаттым. Кейін олардың ісі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне тапсырылды.
Менің ойымша, бұл жерде парақорлық сипаты анық көрінеді, оларға ақша берген..», - деп жауап берген И. Тасмағамбетов.
Т. Төлешов өткізген "слеттың" видеосы