Қарағандының Қарқаралы ауданындағы Қасым Аманжолов ауылының әкімдері шырт ұйқыда жатқанда, жергілікті халық жолдарды өз күштерімен қалыпқа келтіріп жатыр. Үлкен-кіші демей қолдарына күрек алған халық жерді таңғы сағат тоғыздан бастап күн батқанға дейін тегістейді екен, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
«Өйтпеске амалымыз қалмады», дейді көпшілік. Өйткені, жол машақатын басшыларға сан мәрте айтқанымен, саусақ ұшын қимылдатқан жан байқалмапты. Тіпті, жергілікті әкім көмек түгілі техника да бермей қойған.
- Менің естуімше жолға үш жылда бір рет 90 миллион теңге бөлінеді екен. Ал сол қаражат неге тексерілмейді. Ақырында пенсияға ауыздарын ашып, жол жөндейміз деп ақша жинады. Ауыл жігіттері болса, ат салысып, жеңіл-желпі жөндеу өткізіп жатыр. Ал осыған бір шара бола ма, жоқ па?, - дейді Қарқаралы ауданының тұрғыны Майраш Өсерова.
Сондықтан осыдан үш жыл бұрын ғана жөнделген 45 шақырым жолды қалыпқа келтіруге халық ақшаны да өз қалталарынан шығарыпты. Қасым Аманжолов ауылындағы 2000 тұрғыннан шамамен 200 мың теңгедей қаражат жиналыпты. Бірақ тас жолды асфальттауға сонда да ақша жетпейді деп отыр. Ақыры халық құм төсеп, жолдың шұрық-тесіктерін жамап жатыр. Ал жергілікті мамандар 45 шақырым жолды жөндеу үшін шамамен 300 миллион теңге жұмсалады деп отыр. Осыдан үш жыл бұрын жөнделген жолды қалыпқа биыл келтірмейміз дейді. Себебі бюджетте ақша тапшы.
- «Жол қартасы-2020» бағдарламасы аясында Қарқаралы Қасым Аманжолов 45 шақырымды құрайтын тас жолына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 302 миллион теңге бюджеттік өтінім жолданған болатын. Бүгінгі күні қаржы бөлінбеді, - дейді Қарқаралы ауданы әкімшілігінің ТКШ жолаушылар көлігі автомобильді жолдар, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімі секторының меңгерушісі Құмар Батырбеков.