Бүгінде жер шары тұрғындарының 1,8 миллиарды жастар. Бұл БҰҰ-ның ақпараты бойынша рекордтық көрсеткіш. Әлем дамуымен қатар жастардың басына түскен қиындықтар да азаймай отыр. Қазіргі таңда ондаған миллион бала мектеп қабырғасын көрмейді. Тіпті мектепте оқиды деген балалардың өзі жеткілікті білдім алмайтынын халықаралық сарапшылар айтып жүр. Дамушы аймақтардағы жеткіншектердің 60 пайызы оқымайды немес жұмыс істей алмайды 500 миллионнан астам жас әр күн сайын бір үзім нанға қолын әрең жеткізеді. Он жастың тоғызы дамушы елдерде тұрады. Сондай-ақ бұл елдердің кейбірінде жастар тұрғындардың басым бөлігін құрап отыр, жұмыссыздық мәселесін шешуде қиындықтар туындауда.
БҰҰ-ның есебі бойынша жастардың саны алдағы уақытта да өсе түспек. Экономикалық өрлеудің биік сатысына көтеріліп, халқы сауатты, дені сау болғанын қалайтын мемлекет ең алдымен жастардың жағдайына көңіл бөлуі керек. Жастарға қамқорлық жасау тұрғысынан Шығыс Азия мемлекеттері алда келеді екен. БҰҰ өкілдері Африка елдеріне олардан үлгі алу қажеттігін айтуда. Жастарға жеткілікті деңгейде көңіл бөлген мемлекеттер алдағы 30 жыл ішінде жылына 500 миллиард долар табыс түсіре алады.
Жастардың мәселесі — жаһан мәселесі. БҰҰ жыл сайын өткізетін Жастар форумына жиналған жоғары санатты шенеуніктер мен белсенді жастар әлемнің ауқымды мәселелерін талқылап, ұсыныстарымен бөліседі. Жыл сайын 12 тамызда жастар күні аталып өтіледі. БҰҰ бұл атаулы шараның аясын кеңейтуді жоспарлауда.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун биылғы мәлімдемесінде жастарға қатысты әділетсіздіктің бірі оларды қауіпсіздік мәселелерімен айналысудан шеттету екендігін атап айтты. Соның айқын мысалы, көптеген жастар майдан алаңында қаза табуда. Осыдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі 2250 резолюциясын қабылдау арқылы бітімгер жастарды қолдауды ұсынған. Бірақ мемлекет басшылары дөңгелек үстел басында бейбітшілікті талқылағанда жастардың пікірі ескерілмей қалатыны өкінішті.
Бас хатшы, сондай-ақ босқындар арасында жастардың көп болуына алаңдайтынын жеткізді. Бүгінде әлемде 70 миллион адамның жұмыссыз екенін еске салған Пан Ги Мун Австрияның бұрынғы канцлері Вернер Файманды Жастарды жұмысқа орналастыру жөніндегі арнайы өкіл етіп тағайындағанын мәлімдеді. Жастар тұрақты дамудың басты қозғаушы күші екені сөзсіз. 2030 жылға дейінгі БҰҰ-ның Тұрақты Даму бағдарламасын жемісті жүзеге асыру үшін ең алдымен жастарға қолдау көрсетуіміз қажет.
Пан Ги Мунның мәлімдемесінде айтылғандай, биыл БҰҰ 18 000 үміткердің ішінен тұрақты дамуды жүзеге асыруда белсенділік көрсеткен 17 көрнекті жас іріктеліп алынбақ. Дүниежүзі бойынша өтетін таңдаудан үздік шыққан жастар қыркүйек айында БҰҰ-ның ғимаратында болашаққа қатысты өз идеяларын таныстыра алады.
Шарафат Жылқыбаева