Павлодардағы «Қазақстан алюминийі» зауытында өндірістік апаттан екі жұмысшы зардап шекті,-деп хабарлайды Qamshy.kz Хабар24 арнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға зауыттың гидро-металлургиялық цехында болды. №2 учаскеде тұтқыр сүзгінің ақауын жөндеп жатқан 37 және 43 жастағы екі азаматтың денесі мен көздерін термо-химиялық күйік шалды. Екі жұмысшыға да шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, №1 қалалық ауруханаға жедел жеткізілді. Алған жарақат өте ауыр. Біреуінің денесінің 85, екіншісінің 40 пайызы күйіп қалған. Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр. Еңбек инспекторлары жұмыскерлердің қателікке бой алдыруы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Қазір апатқа қатысты тергеу жүріп жатыр. Арнайы комиссия 10 күн ішінде оның нақты себебін анықтауы тиіс.
Абылай Садыров, мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Қазір олар жансақтау бөлімінде жатыр. Бізбен сол хабарлама түскен сәтте зауытқа барып, оқиға орны қарастырылды. Жұмыскерлер клапанға ревизия жүргізу үшін насосты өшірген, бірақ сол өшірген насосты емес, қасындағы жұмыс істеп тұрған насостың клапанын шешкен. Сол уақытта сұйықтық атылып, олар күйік алған.