ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА СЕНАТҚА БАРДЫ...

/uploads/thumbnail/20170709065716284_small.jpg

Президент Жарлығымен Дариға Назарбаева ҚР Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды, - деп хабарлайды Qamshy.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

«Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызы Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалсын», - делінген президент Жарлығында.

Сонымен, өткен аптада биліктің жоғарғы сатысында басталған кадрлық ауыс-түйістер бүгін өзінің логикалық шегіне жеткен сияқты. 8 қыркүйек күні Президент Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовті орнынан алып, ҰҚК басшылығына тағайындаса, 2012 жылдан бері Үкімет жетекшісінің Бірінші орынбасары лауазымын атқарып келген Бақытжан Сағынтаев премьер креслосына жайғасты.

Осы өзгерістердің қарсаңында, 5 қыркүйек күні Qamshy.kz  порталында «Сағынтаев Мәсімовтің орнын басып, Сенатқа Дариға Назарбаева баруы мүмкін», - деген болжам мақала жазған болатынбыз. Онда Үкімет құрамында бірқатар кадрлық өзгерістердің болатыны, Елбасы Өзбекстан жағдайынан сабақ алып, биліктің әр тармағындағы ықпалды нүктелерді сенімді тұлғаларға тапсыратыны туралы болжам жасадық.

Қазақстан Конституциясы бойынша, Сенат төрағасы - билік иерархиясындағы екінші тұлға. Ата Заңның 48-бабында «1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi» делінген.

Бұл жерде Сенат төрағалығы туралы әңгімені де бекерге қозғап отырған жоқпыз. Дариға Нұрсұлтанқызы Сенатқа бекер бармады. Қазіргі спикер Қасым-Жомарт Тоқаев зейнет жасына жеткенін ескерсек, ол алдағы отырыстардың бірінде лауазымын өткізуі мүмкін. Ал, Сенат депутаттары «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңға сай төрағалыққа Дариға Назарбаеваның кандидатурасы ұсынылса, қарсы келе қоймас. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар