Ақтөбеде «террористер» полицияны сотқа берді (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170709070316149_small.jpg

Ақтөбедегі терактіден соң тура үш ай тоғыз күннен кейін облыстық Ішкі Істер департаменті сот алдына келді.  Тәртіп сақшыларының қателігі салдарынан "Террористердің" тізіміне  кіріп кеткен ағайынды Самат пен Таңат Қожаниязовтар осы уақыт ішінде биліктен бірде-бір адам келіп кешірім сұрамады дейді. Полицияны жауапқа тартуды көздеген олар тіпті моральдық шығын ретінде 10 миллон теңге талап етіп отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz 31-арнаға сілтеме жасап.

Сот залындағы айыпталушы отыратын орын бүгін бос. Бірақ бұл жауап беруші тарап жоқ дегенді білдірмейді. Бұл жолы сот алдында бүтіндей бір Ақтөбе облыстық Ішкі Істер департаменті. Құзырлы органның үстінен арыз жазған ағайынды Самат пен Таңат Қожаниязовтар. 5 маусымда Ақтөбеде теракт жасап, әскерилер мен бейбіт тұрғындарға аяусыз оқ жаудырған террористердің тізіміне Қожаниязовтарды енгізіп жібергендері үшін департамент қызметкерлері кінәлі дейді. Нақтырағы, Таңатты өлтірілген лаңкестердің, ал Саматты іздеу салған террористердің қатарына қосып, жалған ақпарат таратқандары үшін жауап беріп, тіпті кешірім сұрауларын талап етеді. 

ТАҢАТ ҚОЖАНИЯЗОВ  Жағабұлақ ауылының тұрғыны:

  - Мен 9-ы күні көрдім. 10-ы күні ашумен келдім жеңгемді ертіп. Ағам бара алмады давление болып, үйден шыққысы келмеді. Бір жеті күтіңіз, бір жетіден кейін хабар береміз, кешірім сұраймыз деді. Бір ай өтті, екі ай өтті, үшінші айға кетті кешірім сұраған жоқ.

Ал, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті ағайындылардан кешірім сұрауға асықпайды.

ҚАРЛЫҒАШ ҚҰРМАНҒАЗИНА, Ақтөбе облыстық ІІД өкілі:

 - Кінәміз болса, сұраймыз. Кінәміз болмаса, сұрамаймыз. Қазір кінәміз жоқ. Неге десеңіз ол «социальный сетьте» айтылған анықтама. «Социальный сетьттің» бізге ешқандай қатысы жоқ.

 - Ол адамдардың тізімін кім шығарып отыр онда?

 -  Білмеймін, біздің еш қатысымыз жоқ.

Бүгінгі алғашқы сотқа ағайынды Қожаниязовтар ауылдарынан көршілері мен тума-туыстарын ерте келіпті. Олардың бәрі  куәгер ретінде тыңдалды. Ал Саматтың жары бұл жағдайдың отбасына ауыр соққы болып тигенін  айтады.

ГҮЛМИЗА ҚАЛБЕКОВА, Самат Қожаниязовтың жары:

 -  Стресс болды менің жолдасымда шындығы керек. Бір адам келген жоқ біздің алдымызға. Әлі бұл спискада жүр деген соң біз мәселені қозғап тұрмыз. Қай жерге барсақ та алдымыздан шықты.

Тегімізге қара күйе болып жағылған бұл жағдай әлі де кесірін тигізуде дейді азаматтар. Тіпті ауылдастары да екі жігітке әзілдеп «террорист, вахабист» деп  лақап ат қойып үлгеріпті.

САМАТ ҚОЖАНИЯЗОВ, Жағабұлақ ауылының тұрғыны:

- Шет ел түгілі Қазақстанда, мына Бейнеуде осы тұрғанда ориентировкада тұрмын.

ЖАНАР ҚОЖАНОВА, тілші:

- Лаңкестердің тізімінен алынса да Қожаниязовтардың тегі еліміздегі қылмыскерлердің жалпы базасында әлі тұрған көрінеді.  Енді ағайынды жігіттер бұл жағдай  өсіп келе жатқан балаларымызға кері әсерін тигізеді ме деп қорқады. Сол үшін де өз тектерін ақтап алғылары келеді. Соттың келесі отырысы қыркүйектің 26-  на белгіленді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар