Алматыда тұрғын үйлердің бірінің ауласында қоқыс жәшігінен дене мүшелері табылған ер адамның өліміне қатысы бар күдіктілер Байқоңырда ұсталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы полицейлері 1991 жылы туған Р. Ситак есімді азаматты өлтірді деп танылған күіктілерді Байқоңыр қаласынан ұстаған. Қыркүйектің 7-і Алматыдағы Абылай хан және Райымбек даңғылдарының қиылысында орналасқан үй ауласындағы қоқыс жәшігінде ер адамның дене мүшелерін табылған болатын.
Күдіктілер ШҚО және Павлодар қаласының тумалары, 1993 және 1994 жылы туған азаматтар. Таныстарын өлтіруге араларындағы жағымсыз жағдай cебеп болған. Ауыр қылмыстан соң екеуі Алматыдан қашып, мемлекеттік шекарадан өтіп кетпек болған.
Қазіргі кезде қалалық криминалды полиция және Алмалы ауданының ІІБ қызметкерлерінен құралған арнайы жедел-тергеу тобы күдіктілерді Байқоңырдан Алматыға алып келе жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге салсақ, осыған дейін Алматының Абылай хан және Райымбек даңғылдарының қиылысында орналасқан үйдің ауласындағы қоқыс жәшігінде ер адамның дене мүшелерін тапқаны жайлы айтылған еді. Онда, адам денесінің қалдықтары - басы және қолы табылған. Контейнердің ішіндегі дене мүшелерін қоқыс жәшіктерін қарап жүрген үйсіз адам көрген. Полицейлер тергеу жұмыстарын жүргізіп, куәгерлерді сұрастырып жатыр. Оқиға орнына қалалық ІІД-нің басшысы Серік Күдебаев келді. Ал таяуда қаза болған ер адамның Алматыға Кентаудан келгені белгілі болды. Сонымен қатар, оның туысы келіп, мәйітті таныпты.