24 миллион кімнің қалтасында?

/uploads/thumbnail/20170708150722829_small.jpg

Өскеменде оралмандардың квотасын иемденіп, ақша жымқырған күдіктілер анықталды. Көші-қон басқармасына қалалық прокуратура өкілдері жүргізген тексерудің нәтижесі осындай. Бүгін олар оралмандарға тұрғын үй алу үшін берілетін бірыңғай мемлекеттік төлемдер басқа біреулердің есепшоттарына аударылып келгені туралы мәлімдеді. Ел аумағына өтпеген 17 отбасының атына квота ресімделген. Осылайша, көші-қон басқармасының қызметкерлері қазынаның 24 миллион теңгесіне қол салған. Тергеу жұмыстарына кедергі жасамау мақсатында, прокурорлар күдіктілердің кім және қанша екенін құпия ұстап отыр.

 МЕРУЕРТ БҰЛҒЫНБАЕВА, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ АҒА КӨМЕКШІСІ:

— Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бір немесе екі адамның қатысы бар деп әзірге айта алмаймыз. Көші-қон басқармасының заңды тұлғасы мен басқа күдіктілерге қатысты іс қозғалды.

Прокуратура өкілдері бұл қылмыстың 2010 жылы жасалғанын айтады. Ол кезде көші-қон басқармасы облыстық әкімшілікке қараған. Ал, қазір Ішкі істер департаментінің құзырына өткен мекемеде ол құжаттарға жауапты тұлғалар жоқ көрінеді. Полицияның баспасөз қызметі осындай уәж айтып отыр. Мәселен, қазір үстінен іс қозғалған азаматшалардың бірі қызметтен осы өтпелі кезеңде кетіп қалған.

 БАҚЫТЖАН ТОРҒАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІІД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

— Ол азаматша аталмыш құрылым Ішкі істер департаментіне енгізіліп жатқанда бала күту демалысына кеткен болатын. Содан кейін, өзінің жеке өтініші бойынша, ішкі істер органдарынан босатылады. Яғни, ол ресми түрде бізде тіркелгенімен бірде-бір күн жұмыс істемеген.

Өскемен қалалық прокуратурасы істі Қаржы полициясына тапсырды. Оралмандар квотасын иемденгендерге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеріліп, тергеуге алынғандардың ішінде бұрынғы мемлекеттік қызметкерлер де бар.

Өскемен

Қуаныш Ғабдуллин

«7» телеарна

Тақырып өзгертілді

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар