«Қамшы» порталы мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіттің өліміне қатысты Ұзынағаш ауылында болған қылмыстық істі жіті бақылап, оқырмандарын ақпараттандырып келеді. Жақында ғана, аталған қылмысқа қатысты тергеу ісі аяқталып, қылмысқа қатысты үшінші күдікті бар екені белгілі болған еді.
Ұзынағаштағы үш ағайынының өліміне қатысты айыпталғандар қатарына Сүлейменовтің әйелі де кіруі мүмкін. Қарасай ауданында өтіп жатқан сот процесінде прокурор осындай жайттың басын ашты. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Тексеру барысында істегі басты айыпталушы Сүлейменовтің үйінен ағайындарды өлтірген мылтықтан басқа, тағы бір қарудың сақталғаны анықталған.
Прокурор үйде қарудың бар екенін біле тұра қылмыстың алдын алмаған оның әйелінің де оқиғаға қатысы бар деді.
Еске сала кететін болсақ, аталған оқиғаға байланысты тергеу аяқталып сот басталар алдында жәбірленушілердің туыстары «Қамшы» порталына тергеу жұмыстарында шикіліктің бар екенін айтқан болатын.
«Талғаттың әйелі болса қару-жарақты жасырған екен. Ол жауабында: «18-і күйеуім үйде болды» деген. Ал, Талға үйде болса біздің бауырларымызды кім өлтірді?», деген еді жәбірленуші туыстарының бірі Адал Зарлыхан. Айта кетер болсақ, Талғат Сүлейменов тергеуге берген жауабында ағайындар жоғалған 18 қыркүйекте үйде болмағанын айтқан. Осындай күдікті жағдайлардан жәбірленушілердің туыстары марқұмдарды өлтірген қылмыстың артында басқа сыр бар деп келеді. Олар биліктен қылмысты толық ашып, қылмыскерлердің тиісті жазасын беруді сұрап отыр.
Оқырманның есіне салсақ, 18 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданында жоғалған үш азаматтың қылмыскерлер қолынан қаза тапқаны, осы қылмысқа қатысты күдікті ретінде 24 қыркүйекте екі азаматтың ұсталғаны хабарланған болатын. Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.
Ерлан Төлеубай