Қуат ДОМБАЙ: «10-15 жылда пиар-маманға орыс тілін білудің қажеті болмайды»

/uploads/thumbnail/20170709184457978_small.jpg

Қуат Домбай – Қазақстандағы тұңғыш PR-мамандардың бірі. Қазіргі таңда «Қазкоммерцбанк» АҚ Адами ресурстарды басқару жөніндегі департаментінің директоры. «Понтсыз пиар» (2009 жылдың бестселлері) және «Абырой-менеджмент: беделді басқару» (2013 жыл) атты кітаптардың авторы.

– Қазіргі қазақтілді пиар саласының проблемалары қандай?

– Қазір қазақтілді пиар сапалық тұрғыда орыс тілді пиардан жоғары деңгейге көтерілді. Мысалы, «Қазақстандық PR-шы клубы» жыл сайын болашақ пиар-мамандары арасында «Сиреневый прорыв» атты конкурс өткізеді. Сол байқауда соңғы бірнеше жылда тек қазақ тобында оқитын студенттер жеңіске жетіп жүр. Оларда креатив те, талант та жеткілікті. Жалпы, жақсы пиаршы болу адамның өз ынта-ықыласына байланысты. Пиарды былай қойып, қазақ тіліндегі журналистикаға келсек, маған қазақша жазатын БАҚ көбірек ұнайды. Неге? Олар халыққа жақын, елдің қайнаған ортасында болып жатқан ең өзекті мәселелерді қозғайды. Тауып алып жазатын тақырыптары да қызық. Қазақтілді бағдарламалардың мазмұны да жаңа деңгейге көтерілгенін байқаймын. Оның басқа себептері де бар. Мен қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да және Ақпараттық технологиялардың халықаралық университетінде (АТХУ) сабақ беремін. Айталық, менің жас кезімде, яғни Кеңес заманында орыс тобындағы білім деңгейі, балалардың әлеуеті мықты болатын. Олар қазақ тобынан әлдеқайда белсенді, пысық болды. Қосымша жұмыс тауып, аударма жасап, өз тәжірибемізді ұштап, кәсіби деңгейімізді көтеретінбіз. Ал, қазақ тобындағылар көбінде ештеңеге ұмтылмайтын. Оларда бәрі жеткілікті, оқуын бітіріп, ауылға қайтады. Ал, қазір бәрі керісінше. Ауылда жұмыс жоқ. Жастар толыққанды білім алып, қалада қалғысы келеді. Жай ғана білім грантын алып қараңызшы. Қазақтілді балалардың грантқа түсетін балы жоғары, конкурсқа қатысатын адам көп. Олардан терең білім талап етіледі. Бәсеке үлкен. Ал, орыс топтарына қайта адам толмай жатады. Ауылдан келген балалар грантқа зор еңбекпен, қиындықпен түскендіктен, білімнің қадірін біледі, ізденіп, үйреніп, бірдеңе ойлап табуға тырысып жүреді. Қосымша жұмыс та істейді. Өйткені, көбісінің ата-анасы күнін әрең көріп отыр. Соның арқасында олардың сапалық деңгейі де көтерілді. Ал, орыс топтарында, біріншіден, балалар саны аз, екіншіден, көпшілігі ұмтылып, тырыспайды. Қысқасы, жағдай қатты өзгерді.

– Яғни, ауыл халқы әл-ауқатының нашарлауы балаларымыздың бойындағы ынта мен пысықтықты оятты ма?

– Иә. Бұл – менің байқағаным. Өзім дәріс беретін топтарда солай. Сондай-ақ, біз өткізетін «Сиреневый прорыв» байқауындағы ең үздік жобалар да соларға тиесілі.

– Сол үздік деген бірнеше пиар-маманның атын атай аласыз ба?

– Олар әлі жас. Иә, түрлі салалардағы үлкен компанияларда еңбек етіп, көзге түсіп жүр. Бірақ әлі менеджерлік деңгейге жете қойған жоқ. Алдағы 3-5 жылда олар сол деңгейге жетіп, өз біліктілігін дәлелдейді. Сондықтан, қазақтілді пиардың келешегі зор деп сеніммен айта аламын. Өйткені, олар еңбекқор және бірнеше тіл біледі. Мен, мысалы, корпоративті пиар саласында жұмыс істеймін. Бір қиыншылығы – сондай корпорациялардағы орта есеппен 40 жастағы топ-менеджмент (басшылығы – ред.) өкілдері қазақша сөйлемейді. Ал, қазақ пиаршы мамандар орысша онша жақсы білмейді. Олардың корпорация ішінде карьералық өсуіне сол кедергі болып жүр. Бұл – PR саласындағы өте өзекті мәселе. Қазір көптеген қызмет көрсету орындарында қазақша қызмет көрсетеді. Ал, үлкен компанияларда қазақша білмейтін басшы отырса, пиар-маман қандай керемет жоба жасаса да, бәрібір оны орысша аударып, сол тілде түсіндіруге мәжбүр болады.

– Демек, мықты PR-маман болу үшін үш тіл білу міндетті ғой, солай ма?

– Бұл жағдай да өзгереді. Оған уақыт керек. Алдағы 10-15 жылда бәрі басқаша болады. Менің ойымша, жақсы маман болу үшін ағылшын және қазақ тілін білу жеткілікті. Басымдықты орыс емес, ағылшын тіліне беру керек. Өйткені, қазір дүние жүзіндегі бүкіл білімнің 92 пайызы ағылшын тілінде тарайды. Сондықтан студенттеріме үнемі «Ағылшын тіліндегі материалдарды жиі оқыңдар. Бәріміз – бұл нарықта тауармыз. Сен бәсекеге сай кәсіби сапалы «тауар» болғың келсе, ағылшын тіліндегі біліміңді тұрақты жетілдіріп отыр» деймін. Орыс топтары тіпті орыс тілінен басқа тіл білмейтін болып шығады. Бір мысал. Биыл мен АТХУ-да «Электронды журналистика» мамандығы студенттеріне лекция оқып жүрмін. Сол жерде қазақ тобында – 15, орыс тобында – 8 адам бар. Солардың шетел тілін қаншалықты білетінін тексерген кезімде қазақ тобындағы балалардың басым көпшілігі – 3, үш шәкіртім 4 тіл (қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдері) білетін болып шықты. Ал, орыс тобынан екі бала орыс тілінен басқа тіл білмейді екен. Өзіңіз ойлап қараңызшы, қай топтың білім сапасы жоғары? Бір ғана орыс тілін білетін пиар-маман ешкімге керек емес. Қай компания болса да, пиар-менеджерден мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алауын талап етеді. Бұл мамандықта тіл білудің маңызы ерекше. Мәселен, беделді, ірі компанияда бір жағдай болды делік. Компанияның еш кінәсі жоқ. Бірақ оның пиар-менеджері қазақша білмесе, қазақтілді БАҚ-қа компанияның кінәсіздігін қалай түсіндірмек?! Содан-ақ компанияның беделі бірден түсіп кетеді. Сондықтан, өз абыройын ойлаған компания мұндай қадамға бармайды.

– Өзіңіз де орыс тілінде сауат аштыңыз. Бірақ, соңғы жылдары ана тілін үйренуге ден қойыпсыз. Тіпті, өткен жылы «Facebook» желісінде «қызмет орындарынан мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етіңдер» деп үндеу тастадыңыз. Ұлтқа келіп тірелетін мәселелерде үнсіз қалмайсыз.

– Алматыда туып-өстім. Қала бойынша қазақ мектебі біреу ғана еді. Ағылшын тіліндегі №105 мектепті бітіріп, университетті орысша оқып тауыстым. Одан өзге, Әлем тілдері университетінде неміс, испан тілдерін меңгеріп шықтым. Бірақ, бірнеше шет тілін біле тұрып, өз ана тілімді білмейтініме ұялатын едім. Сөйтіп, 5 жыл бұрын қазақша үйрене бастадым. Әлі де үйрену үстіндемін.

– Қалай үйрендіңіз? Қандай әдістеме көмегін тигізді?

– Қазақстанда мемлекеттік тілді барынша тиімді үйрететін, оксфордтық жүйемен жасалған тәуір әдістеме жоқтың қасы. Мен, мысалы, сөздік қорымды ұлғайту үшін күн сайын жарты бет болса да, Кеңес заманынан қалған ескі кітаптарды оқып отырдым. «Абай жолы» романын, «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» сияқты журналдарды оқыдым. Бірақ грамматика да керек. Бұл тұрғыда Г.Дүйсембинаның «Қазақ тілін үйрену оңай! 9 қағида» деген кітабы ұнады. Бірақ, әлі күнге дейін үздік әдістеме жоқ. Бар болса да, мен таппадым. Қазақ тілін үйренуде маған қиындық туғызғаны – сөз қорының байлығы. Әрине, бұл мақтануға тұратын нәрсе шығар, бірақ тіл үйренушілерге дәл осы нәрсе – кедергі. Бір сөздің бірнеше синонимі бар. Сосын қазақша үйреніп, көбірек сөйлеуге талпынып жүрсең, айналадағылар «қазақ солай сөйлей ме екен» деп сын айтуға даяр тұрады. Ашуланады. Сосын ұялып қаласың. Осылай бірнеше рет ескерту естіген соң «құрысыншы, үйреніп қайтемін» деп тастап кететіндер де бар. Айталық, ағылшынша шатып-бұтып сөйлей бастасаң, ешбір америкалық немесе ағылшын «неге тілімізді бұзып тұрсың?» деп зекімейді. Олар сенің сөйлегеніңе қуанады, әрі қарай құлшыныспен үйренуге ынталандырады. Менің балам «Hailebury» мектебінде оқиды. Қазақ тілін оқытушы мұғалім «үйде бір мезгіл қазақ тілінде фильм, мультфильм көрсетіңіз» дейді. Ал ондай кинолар санаулы-ақ. Кинотеатрда да қазақша фильмдер сирек көрсетіледі. Онда да балаларға арналған киноөнімдер өте аз.

– Кітаптарыңызды қай тілде жазасыз?

– Орыс тілінде. Сосын қазақ тіліне аударылады.

– Үшінші кітабыңызды жазып жатырсыз. Не жайлы?

– Абырой-беделді меңгеру туралы. Пиар деген – өткен заман. Негізгі мәселе – бедел қалыптастыру. Беделді капитал ретінде қарастыру керек. Ол ақшамен саналады. Яғни, оны ақша ретінде беруге де, алуға да болады. Бедел-менеджменттің 7 түрлі әдісі бар. Мен, мысалы, сол әдістерді қолданып, «tengrinews.kz» порталына 80 мың теңге базалық жалақымен орналасып жатқан студенттің табысын жарты сағаттың ішінде 200 мың теңгеге дейін көтердім. Бұл дегеніңіз – меңгерген адамға өте тиімді дүние.

– «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушыларының бірісіз. Осы аптада байқау жеңімпаздары анықталды. Бұл бәйгені ұйымдастырудағы мақсатыңыз қандай?

– 2009 жылы Досым Сәтбаев екеуміз осы идеяны жүзеге асырдық. Содан бері өткізіліп келеді. Өзім жазушы болмасам да, жазушының ұлы, кәсіби менеджмент маманы және талғампаз оқырман болғандықтан, «Неге соңғы 20 жылда тұшынып оқитын жазушы жоқ?» деген сауалға бас ауыртып, «Бәлкім, сондай таланттарды анықтайтын әдеби байқау керек болар» деп ойладым. Кітабым «Меломанда» үш апта бойы Муракамиді артқа тастап, тез сатылып кеткендіктен, дүкен иесі сыйлық берді. Соны мен осындай игі іске жұмсайын деп шештім. Байқаудың сайтын ашып, объективті әділқазылар ретінде халыққа дауыс беру мүмкіндігін бердік. Бірінші кезеңнен өткен шығармалардың бағасын әдеби сыншылар береді. Бұл жағынан да проблема болды. Өйткені бізде әдеби сыншылар аз. Ал жазушының әділқазы болғаны дұрыс емес. Жыл сайын 500-600 шығарма қатысатын, биыл мыңға жуық туынды келіп түсті. Бізде «мемлекеттен ешқашан ақша алмаймыз» деген жазылмаған ереже бар, сондықтан, демеуші тартамыз.

– «Алтын қалам» елге танытқан таланттар қазір табысты жазушыға айналды ма?

– Иә, олар жазып жүр. Біразын ел біледі. Алайда, біздің елде Кеңес заманындағыдай бір ғана жазушылықпен күн көре алмайсыз. Менің әкем бір кітабын жазып, қаламақысын алған соң, келесі шығармасын жазу үшін іздене бастайтын. «Қалай күн көремін» деп бас қатырмайтын. Қаламақысы бәріне жетіп тұрды. Ал қазіргі жазушыларда ондай жағдай жоқ. Сондықтан, біздің таланттар бір бестселлер жазып, миллиондап табыс табатын шетел жазушылары сияқты бір байқаудан соң тұрмысы түзеліп кетті деуге болмас.

– Әкеңіз – жазушы Есенжол Домбаевтың жол апатынан қайтыс болғанын білеміз. Ол жайлы әлеуметтік желіде жазып, әділдік іздегеніңіз – есімізде. Қаққан адам ақыры жазаланды ма?

– Жоқ. Өкінішке қарай. Тіпті, сот та болған жоқ.

– Кешірім сұрады ма?

– Сұрамады. Бұл – менің жанды жерім... Кісі өлімі орын алғанына қарамастан, істің жәбірленуші жақтың кешірімінсіз оп-оңай шешілгеніне менің де таңым бар.

– Әкеңіздің туындылары ішінде сіз сүйіп оқитын шығарма қандай?

– Жақында ғана «Болмаған оқиға» атты хикаятын оқып біттім. Жалпы, барлық шығармаларын қызығушылықпен оқимын.

– Әңгімеңізге рахмет!

©  Корреспондент

Қатысты Мақалалар