Нұрғабыл Жеңісбекұлы – 1989жылы 19наурызда Алатаудың бауырындағы Текес ауданында өмірге келген. ҚХР-дың Күйтүн қаласындағы "Ақындар институтының" түлегі. Өлеңдері республикамызда және Қытай, Моңғолия елдеріндегі басылымдарда жарияланған. Қазақстан тәуелсіздігінің 25жылдығына арналған "Азаттығым - ғажап күнім" атты ақындар антологиясына өлеңдері енді. Әр кезеңде өткен ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы.
Түн, Ақпан, Ай нұры. . .
Бір елесті еске салды-ау қайғылы,
Түн,
Ақпан,
Ай нұры. . .
Сенің мені ұмытқаның қай күні,
Менің сені ұмтқаным қай күні? !
Түн,
Ақпан,
Ай нұры
Себелеген үнсіздіктің жаңбыры.
Қараңқыға сүңгіген жол. . .
Мұңлы бақ,
Қайғылы еді барлығы.
Түн,
Ақпан,
Ай нұры,
Ай нұрымен тамырланған қар гүлі.
Қар гүлінің қауызына жазылған
Көз жасымның тағдыры.
Түн,
Ақпан,
Ай нұры. . .
Күз
Жүйткіп жүзген алтын түстес балық-күн,
Кірпігіммен қармақ салып жалықтым.
Тағыда бір күз келіпті-ау өлкеме,
Қайтқан қаздың қанатынан жауып мұң.
Самал ырғап өткен еді шөп басын,
Сар жапырақ ұзылды, әне,
(тоқташы ! . . . )
Жирен құлын секілді екен ол да бір,
Желі арқаннан үзіп қашқан ноқтасын.
Бұл хабарды сай ішіне жайды шық,
Доң басында отыр ұлып ай-күшік.
Жалғыз досым-жарлы байғұз өксійді
Әжіміңнің ернеуінен қайғы ішіп.
Бұл табиғат мың сарғаяр, мың көктеп,
Жастығымды таба алам ба іздеп тек? !
Осылай деп
Құбылаға дұға оқиым,
Көз жасымды таспиық қып Тізбектеп. . .
Екінші құс жолы
Ақ қайыңдар жылап жатқан өлкеге,
Мың сан жасы құлап жатқан өлкеге,
Қимастықпен қош айтысып қиқулап,
Құстар қайтып бара жатты
Өртене!
Қиқуынан құлап мұңы қияқты,
Жербетіне жеті көктен күй ақты.
Тұздың соңғы бұлқынысы сияқты,
Күздің соңғы күрсінісі сияқты! . . .
Құстар қайтып бара жатты. . .
(ол анық. )
бір арманға мың үмітпен жол алып.
Кездесіп біз тұрдық үнсіз екеуміз,
Жапырақтың өкінішін оранып.
Бір жараның бетін тырнап көмілген,
Қайтып құстар бара жатты көгімнен.
– Көктемді іздеп бара жатыр! -дедің сен,
– Күзден қашып бара жатыр. . . -дедім мен !. . .
Түңілу
Бүгін тағы соқыр қайғы, соқыр мұң,
Саған ғашық болғаныма өкіндім.
Көкжиекті кірпігіме кілкітіп,
Көз жасымды отқа жағып отырмын.
Қыбыланың етіп алған гүлін мең,
Сағыныштың исі аңқиды іңірден.
Бұрымыңдай боп өрілген ойыма,
Асылам да өліп алам бүгін мен.
Асылам да алам өліп, сене бер,
Байғұздардың зарына орап көмеді ел.
Аршып ал сен көз жасынан бейуақтың,
Жүз жылдан соң іздеп келсең
Мені егер. . . . . .
Жирен бұлақ
Жирен бұлақ. . .
Көшіріп таңды,
Іңірден ағып басталған.
Толқыны бояп тоты-бұлттарды,
Арнасын салған аспаннан!
Айналып әсем сағымға көбік,
Тамшыларыңнан таң үзіп.
Жастығымды менің жалынға көміп,
Барасың қайда ағызып?
Жирен бұлағым _ ерке бастауым,
Ерніңе тәңір күлкі үйсін.
Ақынның мұңшыл өртеп асқарын,
Көкжиектерде кілкисің.
Иырымденіп ұйып сан сұрақ тұрар,
Жол ашсадағы мың сырға.
Сол жирен бұлақ
Тамшы боп тұнар,
Қарашығымның усында.
Осылай бізге бір күй ұқтырған,
Аман бол ұлы тағылым.
Жеті қат көкке ніл құйып тұрған,
Көкжасыл қылып тамырын _
Ей, жирен бұлағым
Бүгін тіл бердім,
Ақиқатыңның айыт бәрін:
Гүлдірлеп шапқан құлын түндердің
Ғұмырымды ішіп жатқанын ! ! !
Жирен бұлағым...
Жирен бұлағым ... ...
Іңір элегиасы
Қозы жон қыр,
Кешкілік сол тұрағым ! . . .
... ... ...
Көкжиекті ұйытып бота мұңға,
Қызыл шарап-іңірді толтырамын,
Қыздың белі секілді бөкәлімә.
Қыз кірпікті шаншылып сезім қайғы...
Шарап исі шашылған кең өлкеде,
Өлең оқып беремін өзің жайлы,
Ай бетінде қап қойған көлеңкеңе.
Байғұздардың батысқа ұзап әні,
Мен отырам баяғы серігім мұң.
Онан ары көкжиек қызарады,
Табы қалып қойғандай ерініңнің.
Іңір өшіп,
Ымыртқа көшіп ағын,
Дөңгелейді,
Ай көкте тұнып толық.
Жолың нұрлы болсын деп отырамын,
Көз жасымды аспанға іліп қойып! ! !
Қозы жон қыр _
Кешкілік сол тұрағым. . .
Елес
Түн.
Жанарыңа ай жасырып, от іліп,
Осы бақта біз екеуміз қосылып
Құшақтасып
Өбісетін күн қайда,
Жапырақтың алақанына отырып.
Кірпіктерің түн құшақтап, екеуміз
Елжіресіп табысқанда, көкем біз. . .
Жалғыздықпен жабырқайтын жас төгіп,
Жасыл ерні дір-дір етіп шетен-қыз.
Бал күлкіңді шашып тастап көп баққа,
Жатушы едік жасыл шөпте _ көк тақта.
Енді бүгін елес іздеп отырмын,
Ескі баққа еніп кірген соқпақта.
Екеуіміз түн жамылып қосылып,
Жапырақтың алақанына отырып
Құшақтасып
Өбісетін күн қайда,
Кеудемізде іңкәрлықтың оты ұлып? !
Нұр түн қайда,
Күлкің қайда,
Қысыр мұң,
Бәрі де жоқ, бәрі де өлген, тұсындым !
. . . Қарғалардың қанатына жабысып,
Қара түннің қиқымдары ұшып жүр ! ! ! . . .
Бәрі де өлген,
Бәрі де жоқ,
Тұсындым. . .
Ертек
Тағдыр болған осындай. . .
Жаны қуаң
Жаралы бір жүрегін бөзге оратып,
Қызыл іңір тамшылап тамырынан,
Ымырыт қызы көз жұмған
Кез болатын ! . . .
Бекет іші
Жөңкіліп жүрген теңіз,
Кеп жатыр, кетіп жатыр. . . Түк ұқпаймын.
Тек қана құлағыма сіңген лебіз:
«Мен сені ұмытпаймын ! » . . .
Турап өтіп тосынен дала-белдің,
Сенен алыс басталмақ сапар бүгін.
Сен ғанасың түсінген, қара жолдың
Қара қанжар секілді қаталдығын.
Ыстық-ыстық жасыңды құшағыма
Құлаттың кеп, мендегі мұң өртенді.
Махаббаттың айналып мысалына,
Осылайша түгейтін
Бұл ертегі ! . . .
Ымырыт қызы көз жұмған кез болатын... ...
Аңсау
Оралар ма екем балашағыма,
Құлпырар ме екем далаша мына.
Қып _ қызыл шарап ұсыншы маған,
Толтырып гүлдің қауашағына! . . .
Шайырша шалқып тебіренейін,
Ерке бөкәлдән ерін емейін.
Ертегі болған ерке көкемді,
Еркелеткендей еміренейін.
Көз жасы тамған көбелектердің,
Гүлы шарап қой көне бөктердің.
Көне бөктерде күн көре бермей,
Көк белді тастап неге кеткенмін.
Жол ашамын деп болашағыма,
Ақымақ басым адасады да.
Өзімді өртейін
Шарап ұсыншы,
Толтырып гүлдің қауашағына? !. . .
Түннің табан іздері
Ымырыт-қызды бауыздаған. . .
Қадырлемей қайыран жарын,
Түн келеді тереземе,
Қолына алып ай-қанжарын.
Жанарына жұлдыз толып,
Жалғыздық тұр өмірге асық. . .
Өмір жәйлі ойлады түн
Шам нұрынан шөлін басып!
Ойлады түн,
Ойланды түн. . .
Бүрлегенде күн иісі,
Қалды сөйтіп тереземде
Көлеңкенің жымиысы. . . . . .
Ай және Ли Бай
Туған жердің жусанының отын ап
Жану-бақыт.
Бұйырыпты осы бақ !
Әйтседағы бұйырмапты, тұлпардың
Тұяғынан төңкерілген топырақ.
Жаны жомарыт шайырым-ау. . .
Қай күздің
Елесімен жанарыңнан қайғы үздің.
Отырдың ғой қолыңдағы бөкәлға,
Шомылдырып түн-бұрымын ай-қыздың.
Жағымпазша жалтақтамай сен мүлде,
Қамын ойлап туған жердің, елдің де.
Сұлуыңның сарғайыңқы өңіне,
Сағынышыңнан бояу сеуіп бердің бе? !
Құс қайтқанда қиқуласа
Қаз әні,
Ол шайырдың бізге жазған ғазалы.
Мен түсінем, айға ғашық ақынның
Сұлулықтан болатынын ажалы.
– Кәне, сахи! шарбатыңнан құй,
Ішіп. . .
Сағындым! -деп,-туған жердің иісін.
Кең кеудесі ай ғашығын емірентіп,
Көрпе-көлде табысты бір
Сұйысып ! . . .
Туған жердің жусанының отын ап
Жану – Бақыт.
Бұйырыпты осы бақ!
Әйтседағы бұйырмапты, тұлпардың
тұяғынан төңкерілген топырақ !!!...
Естелік
– Кезім еді ол менің ес білетін,
Ертегі тау,
Қыстауы _ ескі, жетім.
Қызыл иек іңірдің сақалынан
Байғұз үні тамшылап. . .
Кеш кіретін! . . .
Жіберген самайына ақ шашып уақыт,
Бастайды атам әңгіме
Асыл ақық.
Жусан кешіп келеміз екеуіміз,
Адым сайын шегіртке шашыратып.
«Ол қыстауда бар дейсің қайсы қызық,-
Күрсінеді кәриә айтып-үзіп _
Қара таудың басында
Күзеттегі
Арқар менен тұратын ай сұзысып!
Екеуінің қарап ап мүйізіне,
Апаң оию басатын киізіне. . . »-
Солай айтып тағы да күрсінеді
Кеудесінен бір мұңлы күй үзіле.
Жүзіне ажым тастаған қашып уақыт,
Бастайды атам әңгіме
Асыл ақық.
Жусан кешіп келеміз,
Екеуіміз
Адым сайын Шегіртке шашыратып! . . . .
Кезім еді ол менің ес білетін. . . . . .
дайындаған: Бұлғын Сусар