Шахтинск қаласының маңындағы Шахан ауылында құлаған көп қабатты үйдің тұрғындарына материалдық көмек көрсетілетін болды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазіргі таңда апаттың орын алу себебін анықтау және салдарын жою, сонымен қатар, бюджеттен зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылған. Апатта қайтыс болғандардың отбасына миллион теңгеден және жарақат алғандарға 500 мың теңгеден материалдық көмек көрсету, қаза тапқан азаматтарды жерлеу жұмыстарын жүргізу бағытында жекелеген жұмыстар атқарылады. Республика деңгейінде комиссия құрылады. Біз ІІМ-не оқиғаның жай-жапсарын толық анықтауы үшін комиссия құрамына арнайы мамандарды енгізу туралы өз ұсынысымызды білдірдік", - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов 2015 жылы облыс әкімдігі тарапынан Шахан қаласындағы жылыту жүйесін орталықтандыру туралы өтінішті ұлттық экономика министрлігіне жолдағанын айтып өтті.
Қазіргі таңда үйіндіні аршу жұмыстары жалғасуда. Өкіншке қарай, адам өлімі орын алды. Үйінді астынан 9 адамның мәйті шығарылды. Апат орын алған үйден 118 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, ТЖ орын алған жерден 6 адам құтқарылды. Үйінді аршу жұмыстарына 280 адам жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары жалғасуда.
Пікір қалдыру