Ол – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын, аудармашы, драматург.
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.
Мұқағали Мақатаев поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Оның «Қош, махаббат» жинағына әр жылдар жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген.
Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Шығармалары өзбек, қырғыз және тағы басқа тілдерге аударылған. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындалып, оған ҚР Мемлекеттік сыйлық, “Ғасыр ақыны” атағы берілді. 60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Алтынбек Қоразбайұлы Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, т.б. сазгерлер ән жазды. 1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына М. Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды. Ал 2008 жылы М.Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.