АЛАШ-ОРДА-100 жыл
Жазушы Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ ХХ ғасырдың басында өркениет талабына сәйкес өмірге келген қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысы жайында көп уақыттан бері тарихи-танымды туындылар жазып келеді. Азаттық қозғалысының туған шағынан шыққан шыңына – «Алаш-Орда» Халық Кеңесі құрылғанға дейінгі кезеңді қамтитын шығармаларының бірқатары қаламгердің «Рух-Сарай» атты танымды туындылар топтамасында жарияланды. Алаш-Орда тарихын әңгімелейтін «Мәңгі бастау» романы топтаманың 2010 жылы «Қазақпарат» баспасынан шыққан 4-ші томында басылған. Биылғы 100 жылдық мерейтойға орай біз оқырман назарына «Алаштың ордасы қалай құрылды» деген тақырыппен осы романнан төмендегі үзіндіні ұсынып отырмыз.
АЛАШТЫҢ ОРДАСЫ ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ
1.
Желтоқсанның 5-ші жұлдызында жиналған Екінші Жалпықазақ съезінің төрағасы Бақыткерей Құлманов ұйымдық шаруаларды түгел реттеп болғаннан кейін, құрылтайды ресми түрде ашық деп жариялаған. Содан соң:
– Бізді жан-жақтан тілектестеріміз құттықтап, ізгі тілектерін поштамен, телеграфпен жолдауда, – деп хабарлаған. – Ал бірқатар бауырымыз ыстық жүректерінен айтпақ лебіздерін бәрімізге тікелей жеткізу үшін осында келіп отыр.
Содан кейін съезде отырған құрметті қонақтарға құттықтау сөздерін айтулары үшін кезек-кезек сөз берді. Олар мінбеге бірінен соң бірі ұмтылды. Бірінші болып жұрт алдына Бүкілресейлік орталық мұсылман кеңесінің ағзасы Зәки Валидов шықты.
Түркі халықтары қозғалысының көрнекті қайраткері, аз уақыт өте Башқұрт автономиясы басшыларының бірі болатын, кейін кеңес өкіметімен қызметтес болып, ұзамай одан көңілі қалатын, сөйтіп, тіпті, оған қарсы да күресетін Зәки Валидов, ақыры шетел асып кететін саяси эмигрант, ірі шығыстанушы, тарихшы, түрік университетінің болашақ профессоры Ахметзәки Уәлиди Тоған, – 1917 жылғы 5 желтоқсанда жалпықазақ желтоқсан құрылтайы мінбесінен делегаттарға құтты болсын айтты. Сосын мемлекетте федеративтік құрылымның түзілуіне мұсылман халықтары қатарында қазақ халқының да зор үлес қосатынына шүбәсіз сенетінін білдірді.
– Большевиктер билікті басып алысымен езілген халықтардың өз тағдырын өздері айқындауға деген құқтарын мойындайтындықтарын жария еткенін білесіздер, – деді ол одан әрі. – Біз башқұрттардың орталық кеңесінде – шурода ақылдаса отырып, бұл алдамшы декларацияға арқа сүйеудің қажеті жоқ деп ұйғардық. Біз өз құқтарымызды өз күшімізбен жеңіп алғанымыз жөн деп санадық. Большевиктердің орталық өкімет орындарын басып алуы ел ішінде анархия туғызды. Азамат соғысы тұтанды. Одан қорғану үшін Башқұртстанның дербестігін жариялау қажеттігі туды. Сондай пайыммен біз 16-шы қарашада Башқұртстанды автономиялық республика деп ресми жария еттік.
Зал бұл хабарға қол шапалақтап құрмет көрсетті.
– Біз ұлттық үкімет құрдық. Ұлттық әскери бөлімдер құру ісіне кірістік. Бауырлар, біз мұсылман халықтарының ішінде бірінші болып өз дербестігімізді жария еткен екенбіз. Біздерден кейін Қырым, одан соң Түркістан өздерін дербес автономиялық республика деп жариялады.
«Ендігі кезек қазақтікі, – деп ойлады Жанша, – онсыз бұл құрылтайдың мәні болмайды...»
Жанша мұндай ойға Питерде өзі куә болған төңкерістің аласапыран оқиғаларына байланысты бекіген еді. Қуылған Ресей Кеңесінің бір топ эсер мүшесі сол күні кешкісін Смольныйға барды. Революцияшыл ұйымның иелігіне көшкен байырғы текті қыздар институтының зор ғимараты алдында жағылған алаулар мен іште терезелерден жарқыраған жарықтар, отқа жылынған, күзетте тұрған солдаттар қараңғыда айрықша әсер беріп тұр еді. Олар құжаттарын сақшыларға көрсетіп ішке кірді. Құжынап-қайнаған адамдар илеуі: ғимарат іші толы ығы-жығы халық – иін тірескен, ерсілі-қарсылы қозғалған жұмысшылар, мылтық асынған солдаттар.
Олар әлгінде ғана біткен Петроград Кеңесі мәжілісі жайында естіді. Иін тірескен жұртқа көтеріліс тізгінін қолында ұстап тұрған Әскери-революциялық комитет атынан Троцкий қауғадай қалың бұйра шашты басын кегжите, көзәйнегі жалт-жұлт етіп:
– Уақытша үкіметтің күні таусылды, – деп мәлімдеді.
Артынша көрінген Ленинді ел дүркірете қол соғып ұлықтаған. Ду-ду қошеметпен қарсы алған. Сонда ол әлемдік социалистік революцияның жарқ-жұрқ от алып тұтанғанын хабарлады. Одан соң Троцкий көтерілістің жеңгені жайында майдандарға жеделхаттар жолданғанын, Петроградқа беттеген әскери бөлімшелерге алдарынан шығып, мән-жайды түсіндіретін делегациялар жіберілмегін айтты. Әр жер-әр жерден:
– Сіздер Бүкілроссиялық Кеңестер съезінің қол-аяғын буып, өз шешімдеріңізді тықпалап тұрсыздар! – деген мағынадағы сөздер шықты.
Троцкий айылын жимай, салқын үнмен:
– Бүкілроссиялық Кеңестер съезінің ерік-жігері мен қабылдауға тиіс шешімін Петроград жұмысшылары мен солдаттарының орасан зор көтеріліс жасаған факті айқындап тұр, – деп жауап берді.
Жанша тітіркеніп кетті. «Көтеріліс дейді... төңкеріс қой бұл... – деген ой келді оған. – Бұл төңкеріс – заңдылықты белінен басудың жарқын көрінісі ғой... – Өз ойының көтерілісті қолдамаушылармен бір жерден шығып тұрғанын аңдады, артынша мұның ақырын бағамдауға тырысты. – Немен тынар екен? Анархия аласапыранына апармас па екен?» Ұзамай, көкейіндегі сауалдарына жауап табу мақсатымен, сол түнде, Смольныйдың ішін толқулы дүбірге толтырып тұрған Бүкілресейлік Кеңестер съезінде болды. Аузы-мұрнына шыққан, адам тері мен темекі исінен ауасы тарылып қолқаны атқан алып залға итермелесіп жүріп әрең бас сұқты. Алғашқы съез бен бұл екінші басқосу арасында жер мен көктей айырмашылық бар еді. Оны Жанша анық аңғарды.
Бірінші Бүкілресейлік Кеңестер съезінде сайланған ЦИК жетекшілері төрде отыр. Ортаға орналасқан Дан шылдыр еткізіп қоңырау қақты, зал тынши қалды. Ол қысқа сөйледі. Съезді саяси сөзбен ашуға еш мұқтаждық жоқтығын жолдастар түсінер деген сенім білдірді.
– Айрықша сәт, айрықша жағдай... – деді сосын сәл мүдіріп. – Біздің партиялас жолдастар өздеріне ЦИК жүктеген министрлік міндеттерін жанқиярлықпен орындауда. Олар қазіргі сәтте оқ астына алынған Қысқы сарайда отыр. Жағдайдың қиындығын осыдан-ақ біле беріңіздер... Жұмысшы және солдат депутаттары екінші съезінің алғашқы отырысын ашық деп жариялаймын.
Съездің төралқасын сайлау қызу айтыспен астасып өтті. Ақыры, төралқада делегаттардың санына пропорционал өкіл болуы жайында фракциялар тарапынан алдын-ала келісілген тәртіп шу туғызып барып, дегенмен сайлау өткенде, төралқаның жартысынан көбі большевиктер боп шықты.
Оңшыл эсерлер, ортаңғы бағыттағы эсерлер, меньшевиктер съездің төралқасына кірмейтіндіктерін мәлімдеді.
Ескі Орталық Атқару Комитетінің серкелері төмен түсіп, олардың орындарына жаңа төралқа мүшелері көтеріліп бара жатты. Дуылдасып орындарынан тұрып кеткен делегаттар жаңа төралқаны қоштаған айқайға басты. Съездің шатырлатып қол соққан құрметіне бөленген большевиктер төрдегі үстелден орын алды. Каменев, Троцкий, Ногин, Луначарский... Араларынан жалғыз әйел-күрескер Коллонтай көрінді.
Каменев күн тәртібін хабарлады. Қарауға үш мәселе ұсынылады: билік, бітім, Құрылтайшы Жиналыс. Залдан біреу көтерілді де, күн тәртібін қарауға көшкенге дейін Петрокеңестің есебін тыңдауды және ескі ЦИК пен партиялардың өкілдерін сөйлетуді ұсынды. Бірақ сөзінің аяғына дүңк еткен зеңбірек үні ұласты. Зал тіксініп қалғандай болды, дір етіп, бәрі де қараңғы терезеге жалт-жалт қарасты. Алыста күркіреген зеңбірек ерен бір оқиғаның хабаршысы болып тұрғаны анық еді.
Меньшевик Мартов сөз алды:
– Жолдастар, азамат соғысы басталды! – деді ол, дөңгелек көзәйнегін бір түзеп қойып, қырылдаған дауыспен. – Біздің бірінші міндетіміз – дағдарысты бейбіт жолмен шешу болуға керек. Біз азамат соғысының алдын алу жолдарын талқылауға тиіспіз. Ана жақта, көшеде – біздің бауырларымызға оқ жаудырып жатыр! Кеңестер съезі ашылар алдында билік мәселесі астыртын әскери сөз байласу жолымен шешілуде! Ал оны істеп отырған – өзіміздің революцияшыл партияларымыздың бірі.
Бұл анықтама большевиктерге жақпады білем, бір сәт зал шуылдап кетті. Мартов сөзін үзбей, даусын көтере жалғастырды.
– Барлық революцияшыл партиялар орын алған фактіге тік қараудан жалтармауға тиіс! Съездің міндеті – ең алдымен билік мәселесін шешу, бірақ ол көшеде күшпен шешіліп жатыр! Біз күллі демократия мойындайтын билік жасауға тиіспіз! Егер съезд революциялық демократияның үні болғысы келсе, онда – басталып жатқан азамат соғысы алдында қол қусырып отыра бермеуге тиіс! Съезд біртұтас демократиялық билік құрудың бейбіт жолын іздеуге тиіс!.. – Шешен терең күрсіне тыныстап алды да, сөзін нақты ұсыныспен сабақтады. – Жолдастар, басқа социалистік партиялар мен ұйымдарға барып келіссөз жүргізу керек, сол үшін съездің делегациясын сайлайық...
Біріккен социал-демократтар мен солшыл эсерлер оны қатты қолдады. Бір офицер орнынан көтерілді де, айқайға басты:
– Осы съезді басқарып отырған саяси жәдігөйлер бізге билік туралы мәселені қарайық дейді, сөйдей тұра, тап осы кезде өздері біздің сыртымыздан, съезді ашпай жатып, бұл мәселенің тағдырын белгілеп, алға шығарып қойған! – деді ол, большевиктерді сын садағына алып. – Қысқы сарай атқылануда! Бірақ, біліп қойыңыздар – оған тиген соққы осынау авантюраға барған саяси партияның табытының қақпасын шегелеп қағып жатыр!
Наразы гуіл. «Әрине, бұлар большевиктер», – деп ойлады Жанша. Большевиктерге қарсылық, солар туғызған ахуалға наразылық білдірген тағы неше түрлі сөздер айтылды. Социалист-революционерлер тарапынан – осы уақытқа дейін террорды негізгі қару деп келген кәдімгі эсерлер атынан да біреу ашына сөйледі. Ол үкіметке қарсы жасалып отырған «осынау жосықсыз террорды» жазғырып, большевиктер ұйымдастырған тап мұндай анархияны өздерінің мойындамайтындарын жария етті. Ақыры, большевиктердің «үкіметті әскери қаскүнемдік жасау жолымен басып алғанына» көрсеткен қарсылықтары ретінде, Мартов бастаған меньшевиктер съезді тастап кетті.
Түн ортасы ауа сәл үзіліс жасалды. Сосын жұмысын қайта бастаған отырысқа Ленин келді. Соның алдында ғана Қысқы сарай алынған-ды. Уақытша үкімет мүшелері тұтқындалған. Осы жәйттер оған «қажеттігі туралы большевиктер үнемі айтып келе жатқан социалистік революцияның жасалғанын» жария етуге мүмкіндік берді.
Таң атқанда дейін билік жайлы мәселе қаралып, үндеу қабылданды. Онда съездің елдегі барлық өкімет билігін өз қолына алатыны, жер-жерде күллі билік Жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары кеңестеріне көшетіні хабарланды. Олар, Кеңестер – съездің үндеуіндегі тұжырымдамаға қарағанда, елде шынайы революциялық тәртіп орнатуды қамтамасыз етуге тиіс.
Келесі түні, съездің екінші отырысында, бітім және жер жайындағы декреттер қабыл алынды. Сосын большевиктер Кеңес үкіметін құру жайында ұсыныс жасады. Жаңа ЦИК сайланды. Елді басқару Халық Комиссарлары Кеңесіне жүктелді. Оған тек большевиктер кірді, өйткені солшыл эсерлер бұл билікке қатысудан бастартқан еді.
Таң ата съезд жұмысын аяқтады...
2.
Орталық мұсылман кеңесі атқару комитетінің мүшелері осынау төңкеріс жайын ақылдасып, болашақ іс жоспарын талқылаған. Большевиктер Кеңес өкіметі құрылғанын жария етті. Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Джугашвили-Сталин болды.
Бәрі енді Икомустың осы жаңа комиссариатпен жұмыс істеуі керектігін түйсінді. Осыған дейін Уақытша үкіметпен қызметтестік барысында жолға қоюға тырысқан барша істі қайта бастауға тура келеді. Құрылтайшы жиналысты жаңа өкімет қашанға шақырар екен? Ұлттық-мемлекеттік құрылымдар құру жайы қалай болмақ? Күні кешеге дейін дін мәселелері бойынша пәтуәласу шегіне жетпеген еді. Осы саланың басқарылуындағы патша уақытынан бері өзгеріссіз келе жатқан қасаңдық хақында Икомус үкіметпен қатты айтысқан. Сөйтіп, әлдебір ымыра жолдарын ойластырған. Енді не жағдай болады? Бұларда діни ұйымдармен жұмыс істеу әзірге ойластырылмаған тәрізді, шамасы, бәрін әлгі ұлт комиссариатымен шеше беру керек шығар...
Қызметтестік жоспарын үйлестіру мақсатымен Ахмед пен Жанша большевиктер үкіметі орналасқан Смольныйға барды. Сұрай-сұрай тапқандары – қару-жарақ бөлумен шұғылданып жатқан бір үлкен бөлменің екінші бұрышында жетімсіреген шағын үстел. Тұсындағы қабырғаға шегемен жарнама-қағаз қағылыпты. Қолмен айбақ-сайбақ етіліп: «Ұлт істері бойынша комиссариат» деген ірі жазу жазылыпты. Ұлт істері бойынша комиссариаттың «кеңсесі» екенін сол ғана білдіреді. Бар белгі сол. Комиссар Сталин көрінбейді. Үстел маңында ешкім жоқ.
Жанша Ахмедке қарады:
– Жаңа өкіметтің біздің мұңымызға көңіл бөлу дәрежесін осы жетім үстел байқатып тұр-ау?!
Ахмед тұнжыраңқы жүзбен жетім үстелге қарады:
– Шамасы, олар әзір қызметке кірісе қоймаған болса керек...
Олар жүре әңгімелесті.
– Иә, қаладағы әр жаққа тартқан түрлі партия мен қоғам тіршілігі бар, Керенскийдің ықпалындағы әскер бар, соның бәрі бір жайлы болмай, бізбен сөйлесетін комиссар табыла қоймас...
– Құтқару комитеті белсенді қимылдауда. Мына тосын дерттен отанды құтқарамыз дейді...
– Бұл бір баршаның төбесіне жай түскендей оқиға болды емес пе... Қалалық дума да қарсылық жасауда...
– Мен біздің эсер жолдастардың бірінің жер туралы декретті қалай сынағанын естідім. Оны эсер партиясының бағдарламасынан большевиктер ұрлап алған дейді.
– О, олары несі, қайта, бағдарламаларының жүзеге асатын құжатқа айналғанына қуанса болмай ма?!.
– Жоқ, ондай шаттықтан аулақ көрінеді. Өз құлағыммен естідім: «большевиктер – узурпатор* және алдамшы» деп айыптап жатыр...
*билікті заңға қарсы жолмен басып алушы.
– Қызық, бұлар осы билігін ұстап тұра алар ма екен...
– Қалай болғанда да, біз әліптің артын бағуымыз керек...
Әліптің артын бағудан өзге амалдары қалмағандай. Ағымдағы саяси ахуалды қадағалап, өз көзқарастарымен талдауға және мұсылман комитетіне тиімді тұсын айқындауға тырысады. Әзірге нақты әрекет жолы белгісіздеу...
Қала өмірі дүрліккен түрде жалғасып жатты. Халық Комиссарлары Кеңесі үкімет ретінде жарияланысымен, билікті қолға шоғырландыру шараларын қарастырды. Аз күннен кейін Ресей халықтарының декларациясы дүниеге келді. Бірақ ол да тыныштық орната қойған жоқ. Қилы саяси ой-пікір қайнап тұрды.
Жанша Икомустағы талқылаулардан тыс жерлерде еш жаққа араласпау саясатын ұстанған. Түрлі ұстанымдағы жұртпен пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрғанында тек жалпы ахуалдың астарын, басым ой бағытын ұғуға ниеттенеді. Көптен Питерде тұрып келе жатқан Өтеміс пен Жасайдың септесуі арқасында, бұрын араласпаған кадеттердің кейбірімен пікірлесті. Олардың большевиктер көсемі Ленин жайында білетіндерін естіді.
– Ол барып тұрған қатыгез өкіметтің іргетасын қалады, – деді әлдекім қабағын түйіп, – ол да, оның үкіметіне сайланған комиссарлары да бірінен бірі өткен, еш аяушылықты білмейтін арсыз жандар.
– Дұрыс, – деді екіншісі. – Ол құрал таңдамайды, адал-һарам демейді, оған бәрібір. Мақсатына жеткізсе болды. Мақсатына жетіп алғаннан кейін, жолдасын да сатып жүре береді.
Өтеміс есіне Думадағы баяғы бір жарыссөзді түсірді. Сонда бір депутат большевиктердің екіжүзділігін тілге тиек еткен. Олардың өкілінің Думадағы сөзі мен партияларында қабылданған қарарды салыстырып қарап тұрып, масқара әшкерелеген еді. Кездейсоқ емес екен-ау...
Жасай кадеттер арасында аса беделді әйел қайраткерден естіген әңгімесін айтып берді. Ол әйел – конституцияшыл демократтар партиясы орталық комитетінің алғашқы сайланымынан бері тұрақты мүшесі боп келе жатқан Ариадна Тыркова болатын. Ариадна ханым Ленинді алғаш бірінші революцияға дейін көрген екен. Сонда тұңғыш әрі жалғыз-ақ рет жүздесіпті. Денсаулығына орай біраз демалып қайтуға Женеваға барғанында, сол қалада тұратын өзінің гимназиялас құрбысы Надежда Крупскаяға жолыққан. Соның күйеуі болғандықтан ғана, Ленинмен танысса керек. Әйтпесе оның ұстанымы Ариаднаны еш қызықтырмайтын. Қысқасы, Ленин ол үшін Женевада қатардағы эмигрант журналистердің бірі санатында еді. Ерекшелігі – өз партиясының орталық комитетіне қасақана, партия басылымы «Искраны» өз қарамағына қаратып ала алғандығы. Революциялық топтарда оның билікқұмарлығын, билікке жету жолында ештеңеден тайынбайтын жәдігөйлігін білетін. Тікелей танымаса да, Ариадна бұл жайында талай естіген, оның социал-демократтарды екі жару әрекетіне қанық еді.
Қаншама шетін пікір тұжырымдап жүргенмен, Ленин де, оның партиясы да, Ариаднаның ойынша, соншалықты қызығушылық туғызбайтын. Қайта, сол тұста жандармдар корпусының шефі Плевені өлтірген эсерлер партиясы ел аузында көбірек айтылатын-ды. Астыртын сөз байласып, ірі террор жасап жүрген эсерлер құпия даңқ құрметіне бөленген еді. Сол себепті де саясатқа құлағы түріктерді таңырқатып, әуестендіретін-ді. Ал эсделер* олардың террорлық әдістерін сынап жүретін. Алайда олардың сонау сындары да жұртты селт еткізген емес. Мұны Ариадна анық біледі. Ал бұлар, большевиктер, террорды билікке келгенше сынаумен болды. Бірақ міне, билікті басып алысымен, көп ұзатпай-ақ, өздері де эсерлердің жолына түсті. Аз уақытта бұған баршаның көзі жетеді – олар өкіметті қолдарында ұстап қалу үшін, найзаны, қызыл террорды негізгі қаруы етті...
*социал-демократтар.
Большевиктер біреудің мойнына бірдеңе іліп қоюға құмар болатын. Сондай құмарлығымен олар саясаткерлерге көңілсіз әсер қалдыратын. Сондықтан да шығар, большевизмді ешкім елеулі саясат ағымына баламайтын. Ленинді 1904 жылы Женевада көргенінде Ариадна Тыркова осындай ойда еді. Оның әйелі Надя – Ариаднаның гимназияда бірге оқыған құрбысы. Сол құрбысы меймандыққа шақырғандықтан, оның үйіне барған-ды. Шай үстінде түрлі жылы естеліктер айтысып, жалпы жақсы кеш өткізген. Қайтарында Ариаднаны трамвайға дейін, Надежданың өтінішіне орай, күйеуі Владимир шығарып салыпты. Ол әдетте жұмысшылар киетін тозығы жеткен каскеткасын* басына милықтыра киіп алып, қасында келе жатқан қызды – әйелінің құрбысын – жолшыбай әзіл-шыны аралас сөздермен әжуәлап, күлумен болған екен. Ариаднаның либерализмге бой ұрғандығын, буржуазияшылдығын айтып мазақтаса керек.
*ерлердің фуражка тәрізді жеңіл баскиімі.
Жасынан өткір, тілді қыз қарап қалмай, оның марксизмін сынаған. «Сіздер адам табиғатын түсінбейсіздер» деген, «баршаны бір казармаға айдап тығып, аракчеевшіл тәсіл қолдануға деген құлшыныс есіл-дерттеріңізді билеп алған, ал бұл – жалған қисын» деген. Сонда оның сөзіне Ленин ызаланған, әрине. Бұрыннан азулы айтыскер, сол әдетіне салып, қарсы дау айтқан. Жымиғансыған. Еріндерін ажыратпай езу тартқан. Қысық көздері сығырайып, улы, зәрлі сипат ала түскен. Ашулы, зілді ұшқын атқан көздерімен қызға жеп қоярдай тесіле қарап, шындап салғыласқан.
Ариадна оны әдейі қыздыра түскендей болыпты. Себебі, есіне ертеде естіген бір жәйт түсіп кеткен екен. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы ішінде Ленин Сібірге жер айдалған. Сондағы Лениннің Минусинск қаласында және Шушенское селосында айдауда болғандар арасында көрсеткен қылығы әрі күлкілі, әрі үрейлі еді. Бұл жайында Ариаднаға өзінің сол жақта болып айтқан бауыры айтып келген-ді.
Жер аударылғандар арасында Ленин өзін тым астам ұстайтындығымен ерекшеленіпті. Сол жаққа өзінен сәл бұрынырақ жер аударылған халықшылдарды ол дөрекі түрде сөгіп, бүгінде ешкімге қажеті жоқ ескі-құсқы қоқыс деп атапты. Болашаққа халықшылдар емес, олар – социал-демократтар ие болады деп сеніммен мәлімдейді екен.
Байырғы жер аударылғандардың өздерін де, дәстүрлерін де Лениннің елемей, тіпті менсінбей қарайтындығы олардың біреуі айдаудан қашып кеткенде анық байқалыпты. Ондайда, әдетте, полиция қырына іліккенге күллі колония көмектесетін. Жазаланбасын деген оймен бірлесіп ақша жинайтын, не тәуір етіктерін беретін. Ленин мұндай дәстүрмен санасқысы келмеді. Жергілікті полиция кінәлі деп тапқандарын жауапқа тартуға кіріскенде, қашқынға көмектесті деп айыпталып отырған серігіне жәрдем беруден бастартқан. Сөйтіп, жолдасының қашуына септескен өзі секілді саяси аумаға залалын тигізді. Ананы түрмеге қамап қойыпты.
Сонда жер ауғандар Ленинге жолдастық сот құрған екен. Ленин сотқа тек «олардың пікіріне түкіргені бар» деген сөзін айту үшін ғана келгенін, ешқандай да жолдастық сотты мойындамайтынын мәлімдепті. Осыны бауыры Ариаднаға күле әңгімелеген-ді. Бірақ, сөзінің соңында мейлінше байсалды кескінмен: «Бұл Ленин дегенің – сұм адам, оның зұлымдығы – қасқырдың жанарындай өшпенділікке толы көзінен де байқалады» деп ыспаттаған.
Құрбысының жары жайында баяғыда естіген осынау әңгімені есіне түсіргендіктен болар, Ариадна қыз оның қытығына тие берген тәрізді. Саясаттағы ұстанымын қажайтын ащы әзіл айтса керек. Сондықтан да шығар, трамвай көрінгенде, Ленин оның көзіне қадала қарап тұрып, зәрлі күлкімен:
– Әлі көрерсіз, сіз сияқтыларды біз шам бағандарына асып қоямыз, – дейді.
Ариадна оны жосықсыз әзілге балап, күліп жібереді:
– О не дегеніңіз, мен сізге ұстата қоймаспын!
Ленин езу де тартпайды. Салқын қоштасып тұрып, тістене тіл қатады:
– Біз мұны көрерміз әлі...
Осы қысқа таныстығы, содан бір мүшелден астам уақыт бұрын болғанына қарамастан, Тыркованың санасында тап бүгінгідей жаңғырды. Сондағы оның сөздерін еске ала келе, сол кездесуден бір жыл өткен соң құрылған кадет партиясы орталық комитетінің күні бүгінге дейін өзгеріссіз мүшесі болып келе жатқан жас күрескер әйел:
– Ол бүгінгі жағдайды сол кезде-ақ ойластыра бастаған болу керек, – деп түйген.
– Олай емес шығар, – дейді оған Жасай, – былтыр ғана неміс жастары алдында алғашқы орыс революциясы жайында оқыған лекциясында ол өзін болашақ революцияны көруі неғайбыл кәртәмішке жатқыза сөйлеген тәрізді еді...
Қалай болғанда да, ертеде Жасайды иіріміне едәуір тартқан большевизм көсемінің ұраны жүзеге асты. Ол бір кездері: «Бізге революционерлер ұйымын беріңіз, сонда біз Россияны төңкеріп тастаймыз» дейтін. Осы көктемде өзі шетелден Питерге келгелі бері, шашыраңқылау жүрген большевиктерді бекем ұйымға ұйыстыра алды. Содан олар, міне, төңкеріс жасап, билікке келді. Және, ауыздарынан шыққан сөздеріне, істеген істеріне қарағанда, өздерінен өзгеше ойдағылардың бәрін құртып жіберуден тайынбайтындықтары анық. Ол қайткенде тек большевик билігін нығайтуды ойлауда. Осылай тұжырымдалған Жасайдың байламына ешқайсысы күдік келтірген жоқ. Жаншаның көзі де осыған әбден жетті.
Тағы бір қатерлі жәйт, Жаншаның тіксіне байқағаны сол – бұлардың анархиялық өнегесі аймақтарға тым шапшаң таралуда. Икомусқа Ташкенттен келген хабар сондай пікірге жетелейді: онда да үкіметті большевиктер басып алған болып шықты. Кеңестер съезін өткізіп, өлкенің үкіметін құрған. Ал ғажабы – жер иесі түркілерді оған жолатпаған. Әйгілі қайраткер Сәрәлі Лапиннің өлке үкіметі пропорционал негізде құрылуға тиіс деген талабын елең қылмаған.
– Туземдіктер арасында пролетар элементтер жоқ! – деген желеу айтса керек.
Жас та болса, Мұстафа шешімтал жігіт боп шықты. Оның басқаруындағы Ұлттық орталық деп аталатын жергілікті мұсылман кеңесі өлкеде төтенше съезд шақыру қамында тәрізді. Бұл, міне, нақты іс! Жаһаншаһ алақанын ысқылады. Өзара қырқысқан орыс партиялары ішінде қосақ арасында кету іспетті пәлеге ұрынбай тұрғанда, қазақтар да бірдеңе істеуге тиіс...
Ақыры, Оралдағы қазақ комитетінің төрағасы Халел Досмұхамедовтен хабар тиді: баршасы сыйлайтын үлкен қайраткер Әлихан Бөкейханов бастаған топ Орынборда кезекті жалпықазақ құрылтайын шақырып жатқан көрінеді. Халел хабарының артынша, Икомусқа сол ынталы топтың өзінен де жеделхат жетті. Қазақ съезіне Жаһаншаһ Досмұхамедов жеке тізіммен шақырылыпты. Шешуші дауыс беруге қақылы делегат ретінде белгіленген екен. Желтоқсанның басында бас қоссақ дейді.
– Достар, мына әсем, бірақ анархия жайлаған шаһарды енді мен сендерге қалдыра тұрмақпын, – деді ол Жасай мен Өтеміске.
Екеуі де осында отбасын құрып, сіңісіп, питерлік болып кеткен. Нақты күрес шараларына қатысуға Жасайдың тән саулығы келмейді, ал Өтемісте ашық белсенділік жоқ. Демек, буырқанған қаладан олардың бәрібір кетпейтіні анық-ты. Ал қашаннан революциялық ұйымдар көрігін қыздырушылар қатарында жүрген Жанша «анархия жайлаған» Питерде бұдан артық қала баруді лайық көрмеді. Икомустағы үзеңгілестерімен қоштасты. Астанаға қажеттілік туған уақытта ғана оралмақ боп, шұғыл елге қайтты. Оралға келді. Қазақ комитетінің аткомында ағымдағы жағдайды талқылауға қатысты.
Бірнеше күннен соң Ахмед Цаликовтен хабар алды. Ол қаладағы анархиялық құбылыстардың басылғанын, кеңес өкіметін баршаның мойындап жатқанын айтыпты. Өзінің Халкомкеңестің Ұлт комиссариатымен келіссөз жүргізгенін және ондағылардың болашақ қызметтестіктің шарты ретінде – мұсылман кеңесін таратуды ұсынғанын хабарлапты...
3.
Қазақ құрылтайын құттықтау сөзінде Зәки Валидов Мәскеудегі мамыр айында өткен жалпымұсылман съезінде жасаған теориялық баяндамасын одан бергі нақты өмір шындығымен сабақтастыра өрбітті.
Жанша оған ойлана құлақ тігіп отыр. Большевиктер Икомусты таратуды қалаған. Бұлары, демек, Жалпымұсылман съезінің шешімдерін мойындамайды деген сөз... Ал онда Зәки мен Жанша бірінен бірі өткен орақ ауыз шешендікпен, унитаристерге қарсы иықтасып тұрып, өз иланымдарына сенімділікпен шайқасқан болатын. Жеңген. Ал мына төңкеріс жасап билікке келген жаңа өкімет олардың жеңісіне пысқырып та қарамайтын секілді...
Большевиктердің көзқарасына Зәки де қанық білем, ол жайында тіс жармай, мұсылман қозғалысы барысында тұжырымдалған жәйттерді өз іс-тәжірибелерінде қалай дамытып отырғандарын әңгімеледі. Жанша әріптесін ризашылықпен тыңдады.
– Башқұртстанның дербестігін жария еткенде, біз халқымыздың күллі этнос ретінде иелене алып жатқан аумағын қамтимыз деп ойлаған жоқпыз, – деді ол, – біздің ұйғарымымыз тек шығыс бөлігі жайында болды. Мұнда мұсылман халқы осында тұратындардың кемі жетпіс пайызын құрайды. Біз осы өлкені Кіші Башқұртия деп атап отырмыз. Басқа облыстардағы үлестік салмағының мөлшері азайып кеткен башқұрттар мен татарларды болашақта Башқұртстан мен Түркістанға көшіріп қоныстандырамыз ғой деп ойлаймыз. Біздің жоспарымыз бойынша, башқұрт елі және қазақ елінің батысы, сондай-ақ Орынбор казактар қауымы осы Орынборды ортақ бас қала ете алады. Келешекте, қоян-қолтық отырған башқұрт-қазақ бір облысқа ресми түрде бірігіп жатқан жағдайда, оған орыс казактары да қосылған болар еді. Біз казачествомен тіл табыса аламыз. Мен өзім бұған еш шүәланбаймын. Біз олармен тату-тәтті, ұлысаралық өзара келісіммен, жарасымды бейбіт қатар өмір сүрген болар едік. Өйткені казактар, түптеп келгенде, жартылай түркі тұқымдас қой. Казак қауымы – казачество арасындағы біздің достарымыз осы ойды қуаттап жүр.
Сосын ол таяуда башқұрттардың үшінші құрылтайы ашылатынын айтты.
– Біз оны өзіміздің отанымыздың бас мәжілісі сипатында өте ме деп отырмыз. Біздің үкіметіміздің мүшелерінің көпшілігі Ресей Құрылтайшы Жиналысына мүше болып сайланған-ды. Бірақ, оның қалыпты өтуіне большевиктер мүмкіндік бере қояр ма екен?! – Зал ақырын гу ете түсті. – Қалай болғанда да, біз оған дейін өз мемлекеттігіміздің ауы мен бауын түгелдемекпіз. Ал бұл мәселе тиянақты қарастыруды тілейтіндіктен, бәлкім, большевиктердің пейіліне қарап қалған Құрылтайшы Жиналысқа біз бармаспыз да.
Жанша оның большевиктерге сенбей тұрғанын іштей қанағаттана атап өтті.
– Қазіргі тарихи сәт бізге өз тағдырымызды өзіміз, ешкімге жалтақтамай, батыл қолға алуды тілейді, – деді Зәки дөңгелек көзгелдірігінің әйнегі жалт-жұлт етіп. – Осындай күрделі кезеңде құрылтайға жиналып отырған қазақ бауырлар, мен сіздерге ауызбірлік көрсетіп, тезірек дербес ел болу жайында маңызды шешім қабылдауларыңызға тілектестік білдіремін. Бауырлас түркі халықтарының заманаға сергек қарайтын уақыты туды! Біз ортақ жау алдында біріге алатын қабілетімізді көрсетуіміз керек! Ол үшін алла-тағала сіздерге де тезірек дербес түтін түтету нәсібін жазсын!
Валидов залдың қошеметіне бөленіп төмен түсе бере-ақ, мінбеге жаңа шешен көтеріліп бара жатты. Қазақ құрылтайын және оған қатысушыларды жергілікті мұсылман жасағы әскери шуросының төрағасы прапорщик Баширов, «Янги Вакт»* газетінің редакторы Фатих Каримов, Орынбор казактарының әскери кругынан** келген өкілдер Тимофей Седельников пен Абдрауф Богданов, тағы басқалар осынау маңызды оқиғамен шын жүректен құттықтады.
*«Жаңа уақыт».
**казак әскерлерінің жиналысы.
Сөйлеушілердің бәрі съезге арнайы келіп айтқан құттықтау сөздерінде бір жерден табылып жатты. Қай-қайсысы да қазақтарды қазіргі қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесуге шақырды. Көпшілікке, әсіресе, Седельниковтің сөзі ұнады. Оны іштей Жанша да оң қабылдады.
Орынбор казак-орыс әскерінің өкілі Тимофей Седельников казачествомен қатар қазақтың да мұң-мұқтажын жап-жақсы түсінетін әм әрдайым әр жерде батыл қорғап жүретін. Ол сонау 1906 жылы Бірінші Мемлекеттік Дума мінбесінен империя халықтары өкілдерін тұңғыш рет қазақ мұңынан хабардар еткен-ді.. Таврия сарайы күмбезі астында қазақша сөздерді алғаш рет және соңғы мәрте, тек жалғыз өзі ғана қалықтатқан еді. Қазақ пен башқұрт мүддесін ертең кеңес өкіметі алдында да күйттейтін адал қайраткер. Міне сол азамат қазақтың желтоқсандағы съезінде тарих тағдырлас еткен халықтардың туысқандық сезімі ұштаса беруіне тілектестігін білдірді. Залды съездің ашылуымен құттықтай келе, бір сәт Зәкиге сілтеме жасады:
– Башқұрттар патша тақтан құлағалы ата тектеріндегі қасқыр рухы жетегімен оңға да, солға да жұлқына шауып, ақыры, орталықтан тәуелсіз ұйысу жолына шығып отыр, – деді. – Олар, әлгінде қозғалыстың жас барысы аузынан естігеніміздей, жақында ашылмақ құрылтайында нағыз ел болу шарттарын жасамақ. – Осылай деді де, залға қасқая қарсы қарап тұрып, кеудесін кере тыныстап алды. – Қымбатты қазақ бауырлар, сіздердің әрдайым «қой да аман, қасқыр да тоқ» болғанын қалайтын бітімшілдік қасиеттеріңіздің көп жағдайда басым түсіп жататынын мен жақсы білемін, – деді содан соң. – Бірақ сіздер үміт артып отырған учредилканың* қазіргі ахуалда әділ өтеріне мен сенбеймін. Тіпті сол бола да қояр ма екен?! – Сұраулы жүзбен айнала қарады. – Сондықтан мен сіздерге бірінші кезекте өздеріңізге сенуді, өзара түсіністік пен бірлікке қол жеткізуді, сөйтіп, өз тағдырларыңызды өздеріңіз қолға алуды тілеймін.
*Құрылтайшы жиналыстың.
Құттықтау сөздерге қол соғып ризашылықтарын білдірген зал ықыласы саябырси бере, құрылтай төрағасы Құлманов орнынан тұрды.
– Мінбеге шығып, қазақ жиналысына құтты болсын айтқан мырзаларға делегаттар атынан үлкен рахмет, – деді.
Сосын қолындағы бір буда қағазды жұртқа көтеріп көрсетіп, жер-жерден хат, жеделхат түрінде түскен құттықтаулар барын айтты. Сөйтіп залды жазбаша құттықтаулармен таныстыруға көшті. Қазақ құрылтайының ашылуына орай Орынбор муфтиі жолдаған хатты, қалалар мен ауылдардан, түрлі ұйымдардан келген жеделхаттарды оқыды.
Хат-хабарларда тек құттықтау сөздері ғана емес, жергілікті жұртшылық кезігіп отырған проблемалар мен сол орайда құрылтайға білдірілген тілектер де бар еді. Олар жұртты жайбарақат қалдырмады. Залда отырған делегаттар жер-жердегі жағдайды орын-орындарынан қысқаша айтып беруді қош көрді.
Құрылтай төрағасының бақылауымен, Қазақ елінің шартарабынан келген өкілдер өз аймақтарындағы ахуалдан кезектесіп хабардар етіп жатты. Өзекті де маңызды хабарламалар әр аймақ делегаттары тарапынан жасалды. Артынша, съезге қатысушылар пікір алмасты. Естігендерін жайбарақат қалдыра алмады. Назар аударған хабарлар бойынша тиісті қарарлар алды.
Жер-жерде барша азамат Құрылтайшы Жиналыс пен земство сайлауына мән беруде көрінеді. Үйездердің бірқатарында үйездік земство ағзаларын сайлау мәреге жеткен сияқты. Ал тағы бірқатар үйез, тіпті, Құрылтайшы Жиналысқа делегат сайлау науқанын да өткізіп қойыпты. Барлық жерде де қазақтардың земствоға және ұйысу жиналысына өкіл сайлау мәселесіне қызығушылық танытқаны мәлім болды. Бұл съезді қанағаттандырғандай еді.
Тек, Сырдария облысының қазақтары Құрылтайшы Жиналысқа өкілдер сайлауда бір тоқтамға келе алмаған көрінеді. Олардың дау-дамайға жол беріп, уақтылы сайлау өткізе алмайтындай ахуалда тұруы ешкімге ұнамады. Жік-жік боп партияларға бөлініп, әлі күнге дейін ортақ келісім жасай алмапты. Сөйтіп, әр топ өз мықтысын әлпештеген бірнеше тізім шығарса керек. Не керек, айтыс-тартыс, саяси топтарға бөліну салдарынан біртұтас тізім ұсына алмаған, одан жеткен жерлері сол – облыс бойынша қазақтардан ұйысу құрылтайына жалғыз ғана депутат өткізе алатын түрлері бар.
Мұны делегаттар қынжыла талқылауға мәжбүр болды.
Бұлай жарамайды десті. Құрылтай халыққа қайрылып айрықша үндеу жариялайтын болсын деген тоқтамға ұйыды. Ел-жұртты дау-дамайлар мен айтыстарды доғаратын, партиялық бақталас күресті қоятын, азып-тозу жолынан аулақ болатын, сөйтіп мына аласапыранда тек бірлікке ұмтылатын ету керек. Міне сол үшін Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов шұғыл түрде үндеу мәтінін жазып, құрылтайдың бекітуіне ұсынсын...
– Сырдария облысының халқынан құрылтай атынан, телеграф арқылы – сайлауда облыстық бір ғана тізімге дауыс беру сұралсын...
– Міне, ағайын, «алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген осы... Бірлікке қол жеткізу маңызды...
– Ол рас-ау, бірақ біздің Жетісу өңірінде тіпті масқара жәйт орын алып тұр, жұрт аштан қырылып жатыр...
Жетісу облысы қазақтарының жағдайы ауыр көрінеді. Олар ескі үкіметтің Он алтыншы жылғы озбырлығына – тыл жұмысына адам алмақшы болғанына қарсы көтерілгені үшін жазалау экспедициясының аяусыз шапқынына ұшыраған еді. Содан міне, тоз-тоз боп, адам айтқысыз қайыршылық күй кешуде. Талайы аштан өліп жатыр. Бірқатары әйелдер мен балаларды саудаға салуға мәжбүр. Әулиеата мен Пішпек үйездерінің қазақ-қырғыздарын ашаршылық жайлаған.
Оларға астық Ақмола облысының жапсарлас үйездерінен келу керек-тін. Алайда, сатып алынған астықты тасымалдаудың өзі, көлік жоқтықтан, аса қиын боп тұрса керек.
Хиуа хандығы аумағында көшіп жүрген қазақтарды түркмендер тонап, отын ойрандап кетіпті. Олар сүйектерін сүйретіп, Темір және Ақтөбе үйездерінің шегіне әрең іліккен. Қазір жәрдемге аса мұқтаж.
Бұл орайда құрылтай күллі облыстардағы қазақтарға мынандай ұсыныс білдіргенді орынды көреді: жазалаушылар ойрандаған Жетісу халқы мен түркмендер тарапынан күйзеліске ұшыраған қазақтар пайдасына – орта есеппен әр жаннан бір сомнан қаржы жиналсын, оны әркімге дәулетіне қарай әділ бөлу арқылы жинау – жергілікті басқармаларға тапсырылсын...
– Жизақ үйезінде тәртіпсіздіктер орын алып отыр. Қазақтар бірінің малын бірі барымталауға көшкен. Жергілікті өкіметтің тәртіп орната алар түрі жоқ. Осы үйез қазақтарының бір үлкен тобы Түркістан автономиясынан шығуға ынталы. Егер Қазақ автономиясы жарияланар болса – қосылғылары келеді.
Құрылтай бұл хабарды да сергек қарсылады. Жизақ өңірін мекендейтін қазақтардың бір бөлігі айтып жатқан біртұтас Қазақ автономиясына кіру жөніндегі тілегі мақұлдансын. Бұл жайында Түркістан автономиясы өкіметімен тиісті қарым-қатынас жасалатын болсын.
Түркістан автономиясына арнайы құттықтау жолдансын. Жауап-жеделхат Орынбор муфтиіне де жолдансын...
4.
Кейінге қалдыруға болмайтын осынау ағымдағы мәселелер хақында жедел шешімдер алынған соң, делегаттар құрылтайдың күн тәртібін белгілеуге көшті. Он мәселе қ
Пікір қалдыру