Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, айтыс жанашыры, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, «Ана тілі» халықаралық қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман бүгін 66 жасқа толды.
Жүрсін Молдашұлы 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының бұрынғы Қарсақпай ауданындағы Сталин ұжымшарында туған.
Еңбек жолын 15 жасында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.
1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық теледидарында бас редактор, 1983-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында бас редактор қызметін атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімдерін басқарды. 2006-2010 жылдары Қазақ радиосының және «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Бас директоры қызметтерін атқарған. 2013-2016 жылдары Республикалық Кітап мұражайының директоры болып қызмет істеді.
Жезқазған теледидарында қызмет істеген жылдары (1972-1980) ақындар айтысының теленұсқасын жасау арқылы асыл мұраны жаңғырту жолын бастады. 1984 жылдың наурыз айынан бергі отыз жыл бойы айтыстың республикалық телеарналардан насихатталу ісіне бас ие болып келеді.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», т.б. кітаптары жарық көрген.
М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденімен марапатталған.
Пікір қалдыру