Қызылорда облысында «Алла», «Мұхаммед» деген жазуы бар қозы туылды

/uploads/thumbnail/20170709210518693_small.jpg

Жақында Қазалы қаласында тұратын Азамат Нұрмахановтың шаңырағында тосын оқиға орын алды. Олай дейтін себебіміз, бір бүйірінде «Алла», бір бүйірінде «Мұхаммед» деген жазуы бар қозы туылды, деп хабарлайды qazaly.kz

– Кешқұрым мал өрістен қайтқан соң қораға кірсем, буаз аналық қой толғатып жүр екен. Бұл қалыпты жағдай болған соң, еш алаңдамастан үйге кіріп кеттім. Таңға жуық қораға келсем, мал төлдеп, қозы туыпты, – дейді Азамат Еділұлы.

Жаңа туған қозының денесіндегі ақ белгіні байқаған ол таңғажайып жазуды бірден Қазалы қаласындағы «Жиеналы Ахун» мешітінің имамы Болатбек Наурызбековке көрсеткен. Имам қозының үстіндегі «Алла және Мұхаммед» деген жазуларды оқыпты.

Ү.Түктібаев ауылындағы «Орынбет ишан» мешітінің бас имамы Ғабдулла Ізат: «Бұл жағдай Алла тағаланың бір, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хақ, Құран кәрімнің шын екенін айғақтайды. Бір бүйірінде «Алла», екінші бүйірінде «Мұхаммед» деген жазуы бар қозының Қызылорда облысында алғаш рет қасиетті Қазалы жерінде тууы кездейсоқтық емес. Бұл топырақ киелі жер. Уақытысында бұл жерде жүз мешіт болған», – деп бұл таңғажайып оқиғаны жақсылыққа жорыды.

«Жақсыны көрмекке» деген. Бұл таңғажайып көруге келген адамның қарасы көп болды. Олардың арасында Жасарал Сералиев бастаған намазхан жігіттер, көрші-көлем мен ағайын-туыстар бар. Жасы сексеннің төртеуіне келген Өмірзақ Оспанов ақсақал бұл жақсылықтың нышаны екенін айтып, ақ батасын берді. Биыл пайғамбар жасына келген Сарқыт апай жиналғандарға әулеттің атынан алғысын айтып, Өмірзақ ақсақалдың иығына шапан жапты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар