2016 жылы "Time" журналы адамзат тарихындағы ең ықпалды және маңызды суреттер топтамасын жариялады. Осы суреттердің бір сыпырасын «Қамшы» порталы журналист Айымгүл Оралқызының oner.kz-те жарияланған материалын сілтеме бере отырып ұсынбақ.
Терезедегі көрініс. Ле Гра
1826 жыл
Жозеф Нисефор Ньепс

Адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосуретті жасаған адамның нағыз өнертапқыш екені айтпаса да түсінікті. “ Терезедегі көрініс” аталатын бірінші гелиогравюраны Жозеф Нисефор Ньепс есімді француз азаматы түсірген. Өнертапқышты бейненің көшірмесін алудың жаңа жолдары қызықтыратын. Сол жолдарды табу мақсатында Ньепс шығыс Францияның Сен-Лу-де-Варенн қаласындағы Гра елді мекенінде орналасқан шеберханасына арнайы құрылғы орнатады. Ол обскур камерасы деп аталатын. Аталмыш құрылғы күн сәулесі арқылы бейненің тікелей көшірмесін жасайтын. Шеберхана терезесіндегі көріністі фотосуретке түсіру Ньепс мырзаның 14 сағат уақытын алыпты. Тынымсыз елгезектік пен төзім нәтижесінде адамзат тарихындағы ең алғашқы фотосурет алынды. Ньепстің еңбегі фотоөнер саласының негізін қалады десек артық айтқандық болмас.
Кейін ол Луи Дагер есімді суретшімен бірлесе жұмыс жасады. Суретшінің дагеротипті аталып кеткен түсірілімдері фотоөнер саласының даму үдерісін жаңа деңгейге көтерді. Ал, тарихи суреттің түпнұсқасы қазіргі таңда Техас штатының Остин қаласындағы зерттеу орталығында сақтаулы тұр.
Тампль Бульвары
1839 жыл
Луи Дагер
Мен жарықты аулап алып, қапасқа қамап қойдым. Күн мен үшін сурет салуға мәжбүр болды.
Луи Дагер

Париждің Тампль Бульварында жұмыс істеп жүрген аяқ киім тазалаушы өзінің адамзат тарихындағы ең ықпалды фотосурет түсіруші атанарын білді ме екен?! Оның есімі Луи Дагер болатын. 1839 жылы Луи жасаған сурет – адам сұлбасы бейнеленген алғашқы фото туынды еді. Дагерге дейін адам келбеті тек қылқалам шеберлерінің картиналарында ғана бейнеленген болатын.
Өлім көлеңкесінің алқабы
1855 жыл
Роджер Фентон

«Өлім көлеңкесінің алқабы» фотосуретінде жол үстінде шашылып жатқан жарылғыш заттар бейнеленген. Бір қызығы бұл суреттің екінші нұсқасы да бар болып шықты.
Роджер Фентон – адамзат тарихындағы алғашқы әскери репортер.
Авраам Линкольн
1860 жыл
Мэтью Брэди

1860 жылы ақпан айында Авраам Линкольн Нью Йорк қаласына арнайы купер Одағының алдында сөз сөйлеу үшін келген.
«Линкольн сырт көзге тым ұзын көрінетін мойнын жейдемінің жағасымен жасырып, дайын болған соң нағыз саясаткерге тән қалыпта суретке түсті. Кейін президент болған соң, Линкольн «Мені президент қылған Брэдидің суреті» деп қалжыңдаған екен.
Энтитем мәйіті
1862 жыл
Александр Гарднер
Энтитем шайқасы –АҚШ-тағы Азамат соғысы кезінде орын алған шайқас. 3600 адам мерт болған «америка тарихындағы ең көп қан төгілген біркүндік текетірес» деген атаумен белгілі. Суреттің авторы Александр Гарднер шайқас орнына екі күн өткеннен кейін келген. Өліктер мекеніне айналған өзен жағалауында бірнеше суреттер жасайды. Мэтью Брэди оның суреттерінен «Энтитем мәйіті» атауымен көрме ұйымдастырады.
