4 наурыз күні Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігі «8 наурыз халықаралық әйелдер» мерекесіне байланысты құттықтау кешін өткізді.
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен мерекелік шарада Президент жарлығына сай «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» Уйкасова Светлана Диканбаева және Абдиганиева Зульфия Жумабаева марапатталды. Марапаттау рәсіміне Медеу ауданы әкімі Жылқыбаев Ержан Жұматұлы қатысып, аналарға төсбелгілер тақты. Сондай-ақ барша әйелдер қауымына жылы лебізін айтып, құттықтауын жеткізді. Іс-шара «Әйелдің жүрегі – Әлемнің тірегі» концерттік бағдарламасымен жалғасты.
«Қамшы» порталы оқырмандары назарына Ержан Жұматұлының құттықтауын ұсынады.
«Армысыздар аяулы арулар!
Қымбатты да қадірлі аналар!
Сіздерді көктемнің шуағымен бірге келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Әйел - өмір тірегі ғана емес, әйел - өмірдің өзі». Өйткені өмірге нәр беріп, ошақтың бақ-берекесі мен жылуын сақтайтын Сіздер, қымбатты арулар.
«Ізгілік атаулының бәрі күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» осыны ұмытпай, біз сіздерге әрдайым бас иіп тағзым ету біздің міндет.
Біз қашанда қоғамның дамуын, өмірде – нәзік, ал істе – мығым әйелдер қауымымен тығыз байланыстырамыз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аналарымыз бен апаларымыз ел мен ерге сын болған шақта қоғам жүгін қайыспай көтере білді.
Тарихымызда батырлар мен ақындарды дүниеге әкелген, ақылымен ел билеген және айбатымен жау қашырған аналар – қай кезде де қоғамның бағы мен бақыты, тірегі мен жүрегі, арманы мен жауапкершілігі бола білген.
Міне сол ұрпақтар сабақтастығының куәсі ретінде бүгін арамызда Вера Васильевна, Шамша Көпбайқызы, Аягүл Төреқызы, Мариям Нұрғалиқызы, Марфуға Айтқожина сияқты ауданымыздың құрметті азаматшалары отыр.
Отанымыздың әр құтты қадамы мен табысты істері Сіздердің арқаларыңызда келген асыл дүние. Елбасымыз айтқандай: «Әйел – ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ел болашағының барлығы әйел азаматтарының қолынан өтеді» деген сөзі баршамыз үшін үлкен өнеге.
Мемлекетіміздің бүкіл тыныс-тіршілігінің басы – қасында болып, бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына, ел әлеуетін көтеруге аналарымыз бүгінде де ер азаматтарымызбен иық тіресе еңбек етіп келесіздер.
Сондықтан да баршаңыздың ел дамуы жолындағы ерен еңбектеріңізге зор ықыласпен ризашылығымды білдіремін!»