«Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасының директоры, айтыс ақыны ретінде танылған Мұхамеджан Тазабек NUR.KZ порталына сұхбат берген.
«Асыл арна» телеарнасының ислами-ағартушылық арна болып ашылып, дами келе, көрермендермен қарым-қатынас жасай келе, олардан көптеген сұраныс, ұсыныстар нәтижесінде отбасылық арнаға айналғанын айтқан Мұхамеджан Тазабек телеарна жұмысы туралы кеңірек әңгімелеген.
«Бірінші – айтары аз емес, сөзі мен ісі сәйкескен қоғамдық тұлғаларға қашанда есігіміз ашық. Мәселен, біз аптасына екі рет тікелей эфирге шығамыз. Мемлекет және қоғам қайраткерлерінен бастап, таңдаулы теологтар, білікті имамдар, салт-дәстүр білгірлері, медицина майталмандары, кәсіп бастауды үйрететін тренерлер, маман баулудың майталмандары, университет профессорлары секілді сан-саланың құрметті азаматтары сол бағдарламамызда қонақ боп, қазақстандық көрермендердің сауалдарына тікелей эфирде жауап беріп жатыр», - деген арна басшысы Қазаққа дәл қазір керек сөзді айтуға лайық қабілетті тұлғаларға арна мінберінің – эфирінің дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ арна басшысы өзіне және арнаға бағытталып жататын түрлі сындар туралы да ойын айтқан:
«Өкінішке қарай, айнаның алдында тұрып әдемілігімізге қарап, өзімізді текті деп, бетті деп, батыр деп ойлайтын жағдайға келдік. Сондықтан, қазір қоғамда ақпараттың рас-өтірігі араласып тарқап, қиянаттардың жүріп жатқаны, ынсапсыз пікірлердің айтылып жатқаны - тұлғаның аздығынан. Жалпы «Асыл арнаға» түгілі, елбасымызға да, жұртқа үлгі боп жүрген Бекболат Тілеухан және басқа да қайраткерлерімізге байланысты сөздер оңай айтыла салады ғой. Кейде, рас, бала сияқтымыз. Пайда мен зиянды, дос пен дұшпанды ажыра алмай қалып жатамыз. Соның бәрі біздің шын зиялыларынан айрылған мемлекет құраушы ұлттың мықты тұлғалар туғыза алмай, толық пісіп жетілмегендігінің көрінісі. Қазір кез келген БАҚ-ты ашып қарасаңыз, келесі сөздерді оқисыз.
«Қазақ тілін дамыту үшін мемлекетке мынандай заң шығу керек, құзырлы министрліктер оны былай жүзеге асыру керек, осылай мәжбүрлеу керек, сол кезде болады» деп жатады. Негізі дұрыс айтып отыр. Одан да алдын бір маңызды нәрсе бар.
Ол ақылды кім орындайды? Жаныңды жай тапқызып кім жүзеге асырады? Мысалы, қоғамдық тұлға жеміс беретін ағашқа ұқсайды деп елестетейікші. Оны әкеп көшетін орналастырғаннан кейін ол жеміс бере ме? Жоқ. Ол әуелі тамырын жібере бастайды, жуандайды, одан жіңішке тамырлар пайда болады. Сөйтіп топырақ қыртысына орналаса бастайды. Содан кейін оның діңі жуандап, оған ұсақ бұтақтар шыға бастайды. Жапырағын жаяды. Тек төрт-бес жыл өткен соң гүлдейді. Онда да үсікке ұшырамаса, біртіндеп жеміс бере бастайды. Бағанағы тамыр жаю, діңінің жуандау, бұтағының тарауы сияқты процестерден өтпеген адамдар бар. Олар өмірі жеміс бермейді. Олар үйге әсемдік үшін орнатып қойған гүл сияқты», - дейді арна туралы түрлі көзқарастарға Мұхамеджан Тазабек.
«Біреу мені күстәналап, жамандап жазып жатса, мен оны уайымдамаймын. Оны түсінуге тырысамын. Өйткені, онымен алысып, оған хат жазып, дауласып жүрер болсам, уақытым шығын, әрі мәселе де шешілмейді. Керісінше, мән бергенім оған бір даңқ болуы мүмкін.
Бекер уақыт кететін шаруаларға назар аударғым келмейді. Себебі, менің нақты істеп жатқан шаруам бар. Көретін адам көріп отыр. Көрмес түйені де көрмес. Шаруасы реттелмеген адамдар ғана шаршап жүреді. Және солар ғайбат пен өсекке дайын тұрады.
Құмнан кейін су құйсаңыз, оған да орын табылады. Сол сияқты, жүрегіміздегі иман - бізге өмірдегі аса қажетті нәрсе мен маңызды нәрсенің немесе қажетсіз нәрсе мен аса қажетсіз нәрселердің орнын айқындап береді. Көп адамдардың өмірде шатасып жүруі, қажетсіз істермен шұғылдануы, тығырыққа тірелуі, ақылды деген адамдардың өмірінің ақыры суицидпен аяқталуы, немесе ұлтқа ақыл айтып жүрген адамдардың бала-шағасына сөзі өтпеуі, әйелінің алдында абыройы болмауы оның өмірінің реттелмегенін көрсетеді. Маңызды мен маңызсызды ажырата алмай жүргенін аңғартады.», - дейді өзіне қатысты сын-пікірлерге.