Ғаламторда, анығын айтқанда "вконтакте" әлеуметтік желісінде кеңінен таралып жатқан бұл сурет ешкімді бейжай қалдырмасы анық деп хабарлайды "Қамшы" порталы. Арнайы маман болмасақ та фотошоп емес, кәдімгі сурет секілді деп айта аламыз. Инстраграм желісіне кіріп фотода көрсетілген аккаунтты да іздеп көрдік. "Shaxnoz_92" деп тіркелген ұлты өзбек екі азаматшаны таптық. Екеуінің де емшектегі баласы бар. Бала емізіп отырған фотоны инстаграмға салғаны үшін күйеуі тілгілеп тастаған деген ақпараттың алайда рас-өтірігін анықтай алмадық. Ең өкініштісі, жамандық атаулысына етіміз үйренгені соншалықты бұл жаңалықтың шындық болып шығуы ғажап емес. Себебі бұған дейін осы сияқты сорақы дүниелерді көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. Айта кетерлігі, кейбіреулер баланы қоғамдық орында емізуге ұялады, базбіреулер бұған қарсы. Әрбір іс-қимылды, отырғаныңды-тұрғаныңды инстраграмға сала беру заманауи қоғамдық дерт екендігі түсінікті. Біздің айтқымыз келетіні – қоғамдық орында қарны ашқан балаға омырау сүтін беруде тұрған еш әбестік жоқ. Қайта бұл қоғамды ізгілендіруге, мейірімді болуға әсер етеді.