«Қамшы» порталы Алаш орданың 100 жылдығына орай биылға 5 іс-шараны атқаруды жоспарлаған. Оның ең біріншісі ретінде 2017 жылы 5 наурызда Алматыдағы А.Байтұрсынұлы мұражай-үйінде Алаш арыстарының рухына арнап ас берілді. Енді «Жүз ағаш отырғызу» акциясы басталды. Бұл шараға Алматы қаласы әкімшілігі қолдау көрсетіп отыр. Атап айтқанда қала ішінен ағаш егуге лайықты жер телімі ұсынылатын болды. Осыған орай наурыз айының соңы мен сәуір айының басында ағаш отырғызатын жер мен уақыт белгіленеді. Әзірге белгілі болғандай, қала ішінде жеміс-жидек ағаштарын отырғызуға тыйым салынған екен. Отырғызылатын ағаштың биіктігі үш метрден кем болмауы негізгі шарттардың бірі. Ондай ағаштың орташа бағасы 7000-10000 тг.көлемінде көрінеді.
«Қамшы» порталы Алаш арыстарына арналған барлық іс-шараны халықтық деңгейде өткізуді әу бастаған хабарлаған. Сондықтан да «100 ағаш отырғызу» шарасына кез келген адам қатыса алады. 1000 ағаш отырғызып жатсақ, тіптен құба-құп. Онда халықтың өз күшімен «Алаш Аллеясын» жасау еш қиындық болмас еді. Егер Алаш арыстарының рухы риза болсын, ертеңгі ұрпағымыз сол ағаштар саясында есіл ерлердің еңбегін еске алсын десеңіз, осы игі шарадан қапы қалмаңыз. Ниет білдірген азаматтар өз аты-жөндерімен қоса байланыс деректерін осы материалдың астында пікір ретінде жазып қалдыруға болады. Ал аты-жөндерін жария еткісі келмеген азаматтар «Қамшы» порталының qamshy@gmail.com электронды поштасына жіберуге болады. Шараның күні, уақыты нақтыланған кезде тіркелуге өтініш берген азаматтарға қоңырау шалынып, мән-жай хабарланады.
Біз Алаш арыстарының ой орманынан әлі де отын алып жүрміз... Ал Сіздің ұрпағыңыз әкесі еккен ағаштың аясында ұлы мұратына тамызық алатын болсын!
Құрметпен, «Қамшы» порталының редакциясы.
Пікір қалдыру