Шпекбаев мемлекеттік қызметтегі ең парақор ведомстволарды атап берген. Оған сай әкімдіктер ең парақор құрылымдар. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлімдеген. Белгілі болғандай, өткен жылы Қазақстанда мемлекеттік қызмет бойынша 500-ден аса жемқорлық факті тіркелген. Бұндай деректі келтірген Шпекбаев Батыста және басқа да дамыған елдерде жемқорлық фактісі тіркелген жағдайда бір ұжымның түгелдей жұмыстан кететінін мысал еткен.
«Ең көп пара алатындар - әкімдіктегілер, ішкі істер қызметіндегілер, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаменті. Осы құрылымдарда парақорлық жайлап тұр, бұларға қарсы ескерту мен профилактикалық шаралар қолдану қажет», - деді агенттік басшысы орынбасары Шпекбаев.
Оның айтуынша, мұның алдын алу үшін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру керек және мемлекеттік қызметте жүргендердің жалақысын өсіру қажет. «Бірінші кезекте оларда экономикалық мотивация болуы тиіс. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізбеген басшыларға талапты күшейтіп, шара қолдану керек», - деген. Оның сөзінше егер де мемқызметкерлердің 35 пайызы қысқартылса, онда әкімшілік шығындарды да үнемдей отырып, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын екі есеге арттыруға мүмкіндік болады.
Айта кететін болсақ, жақында ғана жемқорлық дауына іліккен Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хеге ел Парламенті импичмент жариялап, бірнеше күн бұрын елдің конституциялық соты импичментті мақұлдаған еді.