Басқа түспеген жан білмейді, ал «қашақ әкенің» қорлығы «көкек шешеден» бір кем емес. Туған баласына көмек беруден қашып, қара басының қамын ғана ойлап бой тасалап жүрген еркектер аз емес. Бұрын «бір ауылды бір өзі асырайды» деген азаматтар өзінен туған бауыр еті баласына тиын-тебенін төлей алмай қашып жүрсе, ондайға не айтуға болады? Жуырда Мәжілістегі Халықтық коммунистер партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе талқыланды. Жиналысты жүргізіп отырған депутат Айқын Қоңыровтың мәліметіне қарағанда бүгінгі күні елімізде 300 мың баланың қашақ әкелерден өндіре алмаған алиментінің сомасы 2 млрд. теңгеге жетіпті. Оны қалай өндіруге болады деген сұраққа депутаттар ақылдаса келіп, басқа елдердегідей мемлекеттік алимент қорын құру керек деп шешті. Сөйтіп, тірі жетімдер алиментті өкіметтен алсын, ал өкімет алиментті қашақтан өндіріп алсын деген тұжырым айтылды. Шынында қолы ұзын, нешетүрлі рычагтары бар мемлекет жесір әйел мен тірі жетім балаға қарағанда әлдеқайда қауқарлы емес пе? Ендеше алиментті қашақтан өзі өндірсін деген шешімге келген жиын ұсынысты үкіметке жолдады. Бұған Үкең не айтар екен?
С.Елеу, сарапшы