Алматыда Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері әлі дүниеге келе қоймаған сәбиін туа сала сатпақ болған қызылордалық 22 жастағы ананы ұстады. Бұл туралы qamshy.kz Алматы қаласының ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Біздің тарапымыздан мұқият тексерілген ақпарат расталды. Кішкентай екі баласы бар ана үшінші сәбиін босанбай жатып 2000 долларға сатуды жоспарлаған. Тіпті, босанбай жатып сатып алушыдан жарты ақшасын алған екен. Сөйтіп, 4 келілік ұл бала босанып, жоспарын жүзеге асырмақ болған Сейфуллин көшесіндегі пәтерде ұсталды», - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының бастығы Ерлан Оралбеков.
Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы күйеуімен және тағы екі баласымен жалдамалы пәтерде тұрған. Жұмыссыз болғандықтан жезөкшелікпен айналысып күн көрген.
Осылайша, Баласын сатпақ болған әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабының 1-бөлімі бойынша («Кәмелетке толмағандар саудасы») қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал бала сәбилер үйіне тапсырылды.