Келешекте Қазаққа орыс емес, орысқұлдар қауіпті

/uploads/thumbnail/20170709231032603_small.png

"Қамшы" порталының поштасына танымал журналист Жұмаш Көкбөрінің "Орыс емес, құл-құтандар қауіпті!" деген өлеңі келіп түсті. Қордаланған мәселе қозғалған дүниені оқырман назарына ұсынамыз.

Ластап, лайлап, суы мөлдір суатты,
Көк жайлаудың отын таптап, сұлапты...
Орысқұлдар армиясы білдіртпей,
Қазақ Елін жаулап алған сияқты.

Тексіздердің армиясы жосылған,
Әңгүдіктер ойындары осылған...
Ал, оларға Жағымпаздар қосыны
Бір бүйірден көмекке кеп қосылған.

Шүлдірбайлық байқалмаған түрінде,
Солар билік құрып отыр бүгінде.
Ұзақ жылдар отарлаған Қазақты
Олар сөйлер қожайындар тілінде.

Ата-баба тілін сатып байырғы,
Ата-баба дінін сатып байырғы,
Ол байғұстар, қатын алмай Қазақтан,
Тапқан көбі орман жақтан қайынды...

Ұлтқа деген өшпенділік, наза бар,
Бөгде тілде оқып және жаза алар...
Отарлаушы ұлттан да асқан қатігез
Түрі Қазақ – Қазақ десе, сазарар!

Ұлттан шыққан – тексіздердің Тексізі,
Ұлттан шыққан – бетсіздердің бетсізі!
Қазақтардың ұнамайды бет-жүзі,
Ұнағанмен Қазақтардың ет, тұзы...

Түсінікті, құл тілінде сөздері,
Сол құлдарша малталарын езгені...
Сезбейді олар Ұлттық ауыр қайғыны
Ұнамайды Қазақтардың өздері.

Шеттерінен биік мансап көздейді,
Құлша сезіп, Ұлтша ештеңе сезбейді.
Ана құлша сөйлемейтін сазарып,
Қазақтарға ешқашан да төзбейді.

Құлша және басқа көп тіл біледі,
Қазақтарға тас боп қатқан жүрегі.
Арқа тұтар олар әлі Мәскеуін,
Сонда күнде ұшып барып жүреді.

Бұлар рас – тек соларға сенеді,
Түсінікті, себебі ме, себебі...
Тексіз болып туғандары үшін де
Біздей «мәмбет» қазақтарды сөгеді.

Құл-құтандай тәрбиесіз туар ма,
Деу сандырақ: «ата жолын қуар ма?...»
Біздің Ұлттық тәрбиені қоя тұр,
Ұлттық намыс, ар-ұят жоқ бұларда.

Олар емес, «сен, Қазақты» бағатын,
Қожайыны, әне, арқаға қағатын...
Біз осындай қасіретті Ұлт болдық,
«Іштен шыққан жыландары» шағатын.

Қаққа бөлген Қазақ деген халықты,
Бұл шіркіндер, болмас ұлтқа ауыпты.
Шынымды айтсам, келешекте Қазаққа
Орыс емес, орысқұлдар қауіпті!!!

Жұмаш Көкбөрі

 

Қатысты Мақалалар