«Қамшы» порталының хат қоржынына Жақсыбек Қақанның хаты келіп түсті. Өзекті мәселе қозғалған материалды портал оқырман назарына ұсынуды жөн санады.
«Біз Білім жəне ғылым министрін текке жазғырып жатырмыз-ау шамасы. Баяғыда бір кісі айтты дейді "Улап-шулап жүріп, ұл табатын келіншекке қыз таптырдық" демекші дау-дамай мен улап-шулаудан танбаған біздің қоғамда билік аспанда қалықтап, өздері құрған жоба мен жоспардың нəтижесіне өздері мас болып, өздерінен-өздері шайттанып, риза болып жүретін сияқты. Қоғамның қозғалтқыш күші халық не ойлайтынында. Оларда халық деген ұғым жоқ. Оларда қаныпезер монопол капитализінің мақсаты ғана бар. Біздің билікті аңғарсаңыздар іштен басқармайды. Сырттан бір құдіретті күш қаусырып, қысып қадағалап тапсырма береді тұрады. Сіздер ойламаңыздар қазіргі билік орыс тілді өз ұрпақтары үшін күресіп жатыр деп, олар үлкен бір өзгеріске зор дайындық үстінде. Өте сауатты түрде жүргізіліп жатқан астыртын саясат қазақты ұшпаққа шығармайды, қазақты қораға қайта тығу даярлығында. Ешбір мемлекет ұлттық тіліне қарсы біздің биліктей аярлық танытып отырған жоқ. Ешбір ел өз тіліне қазақ билігіндей сатқындық жасап жатқан жоқ. Қазақ тілін сөйлей алмайтын адам билікте отырып қазақ мүддесін қорғай алмайды. Ашынбасақ айғайлап неміз бар. Билік дұрыс саясатын жүргізіп, халықтың жағынан шығып тұрса, саясатта неміз бар. Билік қайта-қайта қитұрқы мəлімдеме жасап, қисынсыз заң қабылдап жұрттың жүйкесін сынап, ойнап отырған жоқ. Олар кезең-кезең бойынша сұмдық жоспарларын тықпалап, зорлап болса да ортаға салып келеді. Халық улап-шулап бір бұлқынады, екі бұлқынады. Ақыры еті өліп үйренген соң қалағаныңды қыла берге келіп алды. Əйтпесе не ҰБТ-дан қазақ тілін алып тастайтын қандай құдіреттері бар. Қазақ мемлекеті ме, қазақ тілі негізігі емтиханның ең маңызды талабы болуы шарт. Ол өзгермейтін парыз. Мейлі қандай сылтау болса да ұлттың тілі құрбандыққа ұшырамауы тиіс. Мына азат елде ешкімнің оған шектеу қоярлық ұқығы жоқ. Біз тілмен ғана қазақ бола аламыз. Бастары басқаға істемесе де, осы тілге келгенде, тілсізденуге келгенде биліктің қуана заң қабылдап, белсене атқара қалатыны тықырдың тереңде екеніне көзіміз жете түседі. Қазақ елінде тұрып өзіміз қазақтықтан жерісек, шеттегіден не сұрайсың. Иммунитетіміз өлмесе екен. Əр шудың астында үлкен қысастың күтіп жатқанын жүйкеміз сезіктеніп, селт етіп оянып жатсақ екен».
Жақсыбек Қақан