«Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығының лауреаттары марапатталады

/uploads/thumbnail/20170709235209796_small.jpg

Астанада «Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтеді.  Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Асанәлі Әшімов, кино және театр актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, «Қазақ әуендері» АҚ президенті Асхат Маемиров  «Сахнагер-2017» Ұлттық театр сыйлығы туралы әңгімелеп берді деп хабарлайды qamshy.kz.

Бұл сыйлық республикамызда жуырда тағайындалған әрі алғаш рет тапсырылады. Салтанатты жиын «Қазақстан» орталық концерт залында Қазақстанның театр қауымдастығының өкілдерінің қатысуымен өтпек. Осы жылы Қазақстанда Халықаралық  театр  күні театр өнері саласындағы елеулі оқиға – «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығын тапсыру салтанатымен ерекшеленбекші.

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен 2017 жылы   Қазақстан  Театрлары  ассоциациясының бастамасымен тағайындалып отыр. Ұлттық сыйлық театр дәстүрін сақтау мен нығайтуға бағытталған.

Қазақстан  Театрлары  ассоциациясының (ҚТА) негізі 2016 жылы қаланған. Оның президенті болып Қазақстан мен КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтар лауреаты, Ресей Федерациясының «М. Ломоносов» орденінің кавалері, «Отан», «Достық» ордендерінің кавалері Асанәлі Әшімов тағайындалған болатын.  

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы театр өнері саласындағы шығармашылық жетістіктер үшін беріледі. Театр қауымдастығының пікірі бойынша, сыйлық қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталып, еңбекке, кәсіби жетістікке, Отанға қызмет етуге, жоғарғы патриоттық идеяларға оң көзқарас қалыптастыратын туындылардың дүниеге келуіне ықпал ету тиіс.  

Сондай-ақ, «Сахнагер» сыйлығы еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, шығармашылық тәжірибемен тұрақты алмасу үшін жағдай жасамақ. Ұлттық сыйлық аясында жас дарынды әртістерді қолдауға ерекше назар аударылатын болады.   

«Сахнагер» сыйлығы келесі номинациялар бойынша үздіктерді анықтайды: «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік қоюшы-суретшісі», «Жылдың костбм бойынша үздік суретшісі», «Жылдың жарық бойынша үздік суретшісі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі», «Жылдың үздік спектаклі», «Жылдың үздік балаларға арналған спектаклі», «Жылдың үздік драматургы», «Жылдың үздік гримері», «Жылдың үздік театр сыншысы», «Спектакльдің үздік муызкалық рәсімделуі», «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жыл ашуы», «Үздік опера/балет партиясы». Іріктеу турына Қазақстанның 52 театр ұжымы қатысты.

Қатысты Мақалалар