2017 жылғы 27 наурызда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Бүкіләлемдік театр күніне орай тұңғыш рет тағайындалған «Сахнагер - 2017» Ұлттық театр сыйлығымен марапаттау салтанатына қатысты деп хабарлайды qamshy.kz.

Сондай-ақ, оған Парламент депутаттары, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, еліміздің танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев ел дамуында мәдениет пен өнердің маңызды рөліне аса мән беретінін атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып, 52 театр табысты жұмыс істеуде, «Астана Опера», «Астана Балет» театрлары, Қазақ Ұлттық өнер университеті, Қазақ Ұлттық хореография академиясы бой көтерді.

Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ 2016 жылы құрылған Қазақстан театрлары қауымдастығының еліміздің рухани-мәдени өмірінің дамуына маңызды үлес қосатынына, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, Мемлекет басшысының еліміздің Үшінші жаңғыруында белгілеп берген мақсаттарын іске асыратынына сенім білдірді.
«Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығы еңбекке деген оң көзқарасты қалыптастыратын шығармаларды жасауға, елдің біртұтас мәдени кеңістігін нығайтуға, қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті дамытуға бағытталған.