«Тірісінде халық сүйіспеншілігіне бөленбеген жанды өлгеннен кейін пантеонға жерлесе, халық жақсы көріп кете ме?»

/uploads/thumbnail/20170710095214259_small.jpg

Маңғыстауда, Үстірттің үстінде, шыңның жиегінде Сисем-Ата деген үлкен қорым бар. Осы қорымды көшпелі адай жұртының пантеоны деп атау қалыптасқан. Әрине, қазақта бұрын пантеон деген сөз болмағаны белгілі, оны солай атап жүрген - сәбет заманындағы зерттеушілер, тарихшылар екендігі анық, бірақ келе-келе осы сөз күнделікті қолданысқа еніп кетті.

Неге олай атаған? Өйткені онда адай тайпасының көптеген рубасылары, атақты батырлар, билер, шешендер, тұтас елге қайыры тиген байлар, т.б. жерленген.

Көп жағдайда әрбір ру өкілдері өздерінен шыққан атақты, елге еңбегі сіңген адамдарын Сисемге жерлеуге тырысып отырған. Кейде ондай адамдардың өздері де сондай өсиет қалдыратын болған.

Егер өсиет қалдырған адам жорық жолында қаза тапқан болса немесе сол мезетте Сисемге жеткізудің мүмкіндігі болмаса, оларды сол қайтқан жеріне аманаттап уақытша жерлеген де, кейін сүйегін бәрібір Сисемге жеткізіп, қайта жерлеп отырған. Бұл жөнінде халық арасында аңыз әңгімелер жетерлік.

Сисемге жерлеуге ұйғарыла тұрса да, табиғаттың әлдебір тосын құбылысынан (қалың тұман түсіп кетіп адасу) немесе мүрде тиеген көлігі әрі қарай жүрмеуі салдарынан, т.с.с. сол жерге жерленіп, артынан өздері де үлкен қорымға айналып кеткендер де баршылық (Қамысбай, Қара кісі қорымдары).

Пантеон деген сөз болмаса да, сол замандарда Сисем-Ата деген сөздің өзі маңғыстаулықтар үшін пантеон деген сөздің синонимі болғаны анық.

Енді неге 360 әулиенің ішінен Сисем-Ата таңдалып алынған? Меніңше, оған себеп - оның орналасқан жерінің тиімділігінде. Ол адай тайпасының орналасу ареалының қақ ортасында, Маңғыстауға қыстап шығып, жаз шыға Жылой, Ембі, Орынборға дейін жаз жайлайтын, күз түсе кейін қайтатын көш жолының бойында орналасқан.

Бұл пантеон - халықтың өз жүрек қалауымен, табиғи түрде, уақыт өте келе, өзінен-өзі қалыптасқан пантеон.

Ал Астанадағы пантеон - биліктің қалауымен, директивасымен, бюджеттің қаржысына салынып жатқан пантеон.

Сисем-Атадағы ескерткіштер - әрбір рудың немесе марқұмның артында қалған туыстарының ұйымшылдығын, ауызбірлігін, байлығын, беделін көрсететін көрсеткіш, олар маңғыстаулық сәулет өнерінің қаншалықты шарықтап дамығандығын көрсететін өнер туындылары. Қазіргі кезде ол ескерткіштерді тек маңғыстаулықтардың ғана мақтанышы емес, қандай да шетелдікке ұялмай көрсетуге тұратын қазақ халқының сәулет өнерінің туындылары деп айтуға болады.

Ал Астанадағы ескерткіштер - халықтың миллиардтаған қаржысына, экономикалық қиындықтарға қарамастан мемлекет қазынасының есебінен тұрғызылатын, қымбат та түсі суық мрамордан жасалатын жасанды тасбелгілер. Онда шебердің қолының ізі, туыстарының жүрек жылуы, өз қаражатына салмағандықтан қанағаттанғандық сезімі болады деп ойламаймын.

Тірісінде халық сүйспеншілігіне бөленбеген жанның өлгеннен кейін үкімет қаулысына сәйкес пантеонға жерленуі халықтың сүйіспеншілік сезімін туғыза ала ма?

Сисем-Атаға қанша барсақ та, барған сайын толқимыз, жүрегіміз қобалжиды, бұрынғы өткен бабалар рухымен тілдескендей ғажайып күйге енеміз.

Ал ана жасанды пантеонға барғанда ондай сезімге бөленеміз деп айта алмаймын. Қытайдың жасанды, ГМО қосылған жеміс-жидектерін жеп отырғандай күйде болармыз деп ойлаймын.

Қуаныш Еділхантегінің Фейсбуктегі парақшасынан алынған

Қатысты Мақалалар