Ажырық пен жусан исі әтірдей бұрқырап, танауыңды жыбырлатып, терең демалған адамның көкірегін кеңейтіп, көзін шырадай ашады. Күн тас төбеде тұрса да, дала желемік салқын еді. Жаздың шілдесінде де, көктемнің самал-салқынында да үй маңынан ұзақ шықпайтын Бадиша бүгін күннің әбден көтерілер шағын күтіп тезек, шөпшек теруге әдейі шыққандай...
Жасы отыздан асса да, Бадишаны ата-анасы әлі жас баладай көреді. Оның да себебі бар. Жасынан ақыл-есі кем қыз өзге адамдардың қамқорлығынсыз еш әрекет ете алмайды.
Үйдегі екі қыздың үлкені – Бадиша, кішісі – Хадиша. Хадиша тұрмысқа шығып кеткелі қашан, төрт балалы да болған. Екеуінің арасы екі жас болса да, Хадиша үйде жүргенде мұны сіңлісіндей жетектеп жүретін... Хадиша жол бойындағы бір жігітке тұрмысқа шыққалы қанша жыл, шарбақ қорада шыр айналып Бадишаның өмірі өтіп жатыр... Көрші-қолаң Бадишаны туғанынан біледі. Оған қарап таңырқап, мүсіркемейді де. Ол кейде қолына түскен орамал, сүлгіні орап әлдилеп қуыршақ етсе, бірде қолына түскен шыбықты ат қып мініп, шу, шулап жүргені. Кейде бір уыс болып, бүк түсіп шарбаққа жабыса отырып, ары өткен, бері өткендерге телміре қарап, олардың қарекетінен бірдеңе ұққысы келген ұзақты күн шарбақ арасынан сыртқа тесіледі... Сол Бадиша былтырдан бері ауық-ауық ақыл-есі пайда болғанын байқатып отырған. Бірақ әкесі Ахметше мен шешесі Қатыш үшеуінен өзге жан аяғы баспайтын бұл қорада оның ақыл-есінің дұрыс па я бұрыс па екенін саралап жататын жан жоқ. Ата-ана үшін Бадиша – сол баяғы Бадиша. Оның әрекетін мынау – дұрыс, мынау – бұрыс деп айту түгіл ойлайдаудан олар ада болғаны қашан? Бадиша санасындағы кейбір сәулеленген шақтарын онымен қатар өсіп, қартайған төбет қана сезеді. Әшейінде Бадишаға көзінің қиығын да тастамайтын ит, бұндай сәттерде оған еркелеп, құйрығын бұлғақтатып, аузын кеңінен ашып, қыңсылап қоятын. Санасы сәулеленген сондай сәттердің бірінде терезе алдында тұратын сынған айнаның бөлігінен басындағы орамалын көріп, Бадиша сыртқа шыға шелектегі суға малып жуа бастаған. Бұның ол әрекетін ессіздік деп ұққан анасы:
– Ойбай-ау, оның не? Ол ішетін су ғой! О қу құдай, алпыстағы маған өзеннің табанынан су тасу оңай дейсің бе? – деп, қызын қағып тастап, орамалды суын сорғалатып кір ілетін жіпке жая салған. Қатыштың бұл ісіне алдынғы екі аяғын созып жіберіп, басын аяғына қойып, қалғып жатқан кәрі төбет басын жерден жұлып алып, арс-арс етіп Қатышқа бір, Бадишаға бір қарап үрді.
– Жаратқан ием! Біз өлген соң бұл ессіз бейбақ кімге керек, көзге күйік етіп қойғанша, ақ өліміңді де бермедің бұған, – деп қарғап сіледі шешесі.
Әлде сөз, әлде ыңырсу сияқты дыбыс шығарған Бадиша қолымен жуамын, – деген белгі берді.
– Жә, сен нені жуып жарытпақсың! Одан да суды былғадым демейсің бе, – дегенде көлеңкелеп отырған қыздың әкесі:
– Ей, қатын, одан да сол суды кір жуатын легенге құйып, сабын беріп отырғызып қоймайсың ба? Осы үйде күлімсі иісі шықпаған таза бір зат жоқ қой. Соны сезген шығар бұл бейбақ, – деген.
Ахметше айтса айтқандай бар. Қатыш – бұл ауылдағы ең салақ әйел. «Олақтан салақ жаман» демекші оның дастарханының кірін бір көрген, қол сүрткіш орамалының иісін бір сезген адам қайтып ол үйдің есігін ашпасы анық. Осындай Қатышқа безіп кетерге барар жері, басар тауы жоқ Ахметше пен ақыл есі шамалы Бадиша ғана төзе алар еді...
Өзен табанынан таситын су туралы есі кіресілі-шығысылы Бадиша бірдеңе ұққандай, су әкелетін иін ағашпен шелекке жармасқан. Бірақ бәрі әурешілік.... Басы ауып, жылт еткен сәуле қайта қалың тұманға еніп, бұлдыраған бұл ішіне енгендей жоқ болды. Ол тұрған жеріне жалп етіп отыра кетті.
Әр кезде қыз санасында болатын осы бір жылт еткен өзгерісті алдымен қорадағы кәрі ит сезсе, екінші боп қыздың әкесі сезетін... Сезген сәттен бастап қысқа қолы алыс емшілерге жетпесе де маңайдағы құлақ естіп, көз көрген бақсыларға қаратып, көрші ауылдағы Қасым молдаға дұға оқытып та көрген... Бірақ Бадишаның жағдайы бұдан жақсарып кетпеді. Сол ақыл-есін тұмшалаған қара түнектің бүгін тағы да бір сейілген сәтінде үй сыртында ат қып мініп жүрген шыбығын тастай беріп, үйілген тезек түбінде жатқан жыртық қапты сүйретіп, үйінен ұзап қырға шығып кеткен... Бадиша мен Хадиша туған осы үйде Бадиша отыздан астам жылдар өмірі өтіп, үй маңы мен қора ішінен аулаққа аяқ басқаны емес. Ал ата-анасының ол үйден ұзап кетер деген еш күдігі болған емес. Бадиша күні бойы шарбақтың бір бұрышында отыра-отыра сол жерде ұйықтап та оянатын. Ол туған күндер аз өтті ме, көп өтті ме бейбақ одан да бейхабар еді. Бірсарынды күні мен түнінде еш айырмашылық жоқ: Қарақошқыл әктелмеген үй, тұмшаланған терезе, одан шықса: темір-тесек, ағаш, шыбықпен қалай болса солай қоршалған қора-қопсы. Осы үй мен ауланың ішінде шыр көбелек айналған – Бадиша мен тіршілік қарекетін көрген шал мен кемпір.
Бадишаның үйі ауылдың солтүстік жағында, үйінен жүз қадам жүріп-ақ ауылдың шетінен шығуға болатын. Ауылдан шыға Бадишаға кездескен таңсық көріністер, қора-қопсының иісінен бөлек табиғаттың жұпар исі таза жерді баспаған, таза ауаға жұтпаған Бадишаның тұла бойын босатты.
Бұл ауылдың малы шығысқа қарай өретін. Сиыр қосатын табын да, ұсақ малды қоралайтын жер де ауылдың шығысында. Сол себепті де Бадиша бет алған солтүстік жақ бірең-сараң қозы, лақ, бұзаулар жайылғаны болмаса, мал аяғынан таптаурын болмаған көк майса еді. Бедеге шөп пен бірге дала гүлдерінің ірілі-ұсақты ұйыса өскен шоқтары, жусан мен бетегенің, қоңыраугүлдің аяқ басқан сайынғы сыбдыры Бадишаның жылт еткен санасындағы сәулесін иіс сезу мүшелерін тітіркендіріп, әтірге мас болған жанның жағдайына жеткізді. Ол қолына ұстаған қабын сүйрете оның қайда қалғанын да сезбей қалды. Артына бір бұрылып қараған да жоқ, маңдай алдына қарай маңа берді...
****
Сонау қарғыс атқан отызыншы-қырқыншы жылдардың құрбандығы болып, Сібірдегі айдауға бар жастық жалының темір қоршаудың ішіне тастап, араға 25 жыл салып, елге оралған Сағымболға ауыл ішінен баспана да табылмаған. Жазда шөпшілерге, қыста арық-тұрақ мал бағатын малшылардың мекені болатын осы қора-қопсылы екі бас үйдің бір басына оның келіп қоныстанғанына да екі жылға таяп қалған. Жасы елуді енсерген Сағымболға тепсе темір үзетін елуінді ешкім бере қоймас. Жүдеу жүзді, ерте еншік тартқан иені, қуаныш дегенді білмей өткен көз жанарына қарап оны шал дерсін...
Шөпті шөпшілер машинамен шабады, алайла олардың машиналары жүре алмайтын ойлы-қырлы арықтың жағалауы сияқты жерлерді қол шалғымен шабады. Сол шалғыны жігіттердің бірі осы – Сағымбол. Айдаудағы жылдар оның жанын жаралағанымен қоймай, туға елдің тұрмыс-тіршілігінен де ада еткен. Өмірдегі көптеген іс-әрекетке, күнделікті атқарылатын жұмыстарға орашолақтығы өзге түгіл, өзіне де айдан анық көрініп тұратын. Былтыр да осы уақытта шөпшілермен бірге болып шалғы салуды үйренген еді. Сағымбол иелік ететін баздың маңайы шабылып бітіп, шөп шабушылар қосып осыдан екі күн бұрын жолдың арғы жағына көшіріп-қондырған. Сағымбол күн ұзақ шөп шабушылармен болып, кешкі асты көпшілікпен ішкеннен кейін көк дөненіне мініп, өзінің жалғыз үйлі мекеніне қайтып, дамылдайтын. Абақтыда өктен көп жылдар оны жалғыздыққа әбден төселдіріп, кісілік етіп жіберген. Дабырлаған көпшілік ішінде өзін жаман сезінеді. Жүрегі қысылып, басы зенгіп ауыратыны бар. Ал өзімен-өзі жеке жүрсе, бұның бірі де жоқ. Өзінің бұл мінез-құлқын Сағымболдың өзі де түсіне алмайды. Мүмкін, жаратылысынан осындай ма, әлде сан ұлттан құралған айдаудағы көп тұтқындармен шешіліп айтар сөзі де, сыры да жоқ сорлыны азапты күндер осындай етті ме?! Бір Аллаға аян. Әйтеуір, оны сөзұғарлар қатарына қосу қиын-ақ. Ол өзімен-өзі мәнгі қолындағы тырмасы я ашасымен таң атқаннан кешке дейін үн-түнсіз жүре беруден жалықпайды. Біреу-міреу қоярда қоймай сөзге тартса, тоқ етерін айтып, әрі қарай сөз сабақтауға құлықсыз екенін сездірер еді.
Қас қарая мекеніне жеткен Сағымбол атынан түсіп, үйіне есігіне қарай жүрді. Есікке жетер-жетпес қайдан тап болғаны белгісіз біреудің қолдары бұның белуарына жабыса кеткен. Қапелінде әрі шошып, әрі қорыққан еркек өз денесін өзі сілкілеп, екі қолын ербеңдетіп, айқайлайын десе қорқыныштан үні шықпай өзіне жабысқан пәледен құтылмақ болды... Бірақ бар әрекеті бос әурешілік еді. Көп пе, аз ба өзімен алпарысқан еркек құлыптаулы есікті ашып, өзін белінен қапсыра құшақтаған қолдың иесін сүйрете-мүйрете үйге енген... Сол, сол-ақ еткен әлгі міскін қолын қоя беріп, бұрышқа барып бүк түсіп отыра кетті.
– Ух, – деп есін жиған еркек жарық жағуға ұмтылды. Май шамды тұтатын болып, әлгі бұрышқа қарағанда оған келіп жабысқан жын да, шайтан да емес, кәдімгі әйел екенін көрген. Бапсайлап қараған Сағымбол басындағы бетін жапқан орамалынан оның жүзін көре алмағанымен, үстіндегі алба-жұлба киімі, бұта тілген қызыл жоса аяғына қарап сандалып «көп жүргенсің-ау» деп топшылады.
– Ей, кімсің? Қайдан жүрсің? Адамсың ба, әлде...? – деп тоқтаған Сағымбол әйелден еш жауап ала алмай біраз отырды.
Қимылмыз әйелге қарап отыра атын тұсап жіберуі керектігі ойына түсіп далаға шыққан. Маңай көзге түртсе көргісіз. Өлара шақтын қою қараңғы түні. Ол есікті толық жаппай, жартылай ашық қалдырды. Ондағы ойы – ана әйел далаға шықса, кетер жолымен жөніне кетсе дұрыс болар еді-ау дегені. Бірақ Бадиша отырған орнынан қозғалған жоқ. Қарыңғыда ессіз қора мен үйді паналап көп тұрған ол үй ішіне кірген соң бірден ұйқыға кеткен. Сыртта тұрып қорқыныштан атша тұлаған жүрегін басқан Сағымбол атын жайғастырып қора-қопсыны бір шолып шыққан...
Үйге кіріп, терсінген телпегін әдеттегі орнына ілген Сағымбол босағадағы орындықта біраз отырды. Әлгі әйел отырған бұрышқа көз қиығын тастады. Оның қимылсыз бүктіскен қалпында үйықыға кеткені байқалады. Шамасы әбден шаршаған болар деп, ойлады Сағымбол. Етігін шешіп, күнұзын термен ақжем болған аяғының бақайларын қимылдата ашып біраз отырды. Абақтыда да өзгенің есігінде жүргенде де жатар алдында аяғын жуып әдетттенген ол, бүгін су мен шелекті салдырлатпай-ақ қояйын деп ойлады. Үй іші күні ұзақ жабық тұрғаннан қапырық еді, ол енді ештеңеден сескенбей есікті айқара ашып, төсенішін реттеп сала бастады. Үй ішін түнгі салқын ауа аралап шықты-ау деген кезде есікті жауып, жерден жоғарылау етіп жасаған сәкі төсегіне жантайды. Күні ойы жұмыстан шаршаған денесі сәл дамыл тауып, көзі ілініп кеткен. Ояна келсе, таң бозарып, үй ішіне жарық түсе бастапты. Түнгі өзіне жабысқан міскін отырған орнынан төсегіш төселген жерге сырғып, бір қолын жастана жатқан қалпында ұйықтап жатыр. Оның дудыраған шашы, қалай болса солай оралған орамалы шетінен жартылай көрінген жүзі жас мөлшерін аңғартқандай. Қайта ұйықтай алмасын білген Сағымбол үй маңынан ұзап кеткен атына қарай аяңдады. Түскі ыстыққа ұрынбай ертемен қимылдайтын шөпшілер жұмысқа кірісіп кетпей бұл да жетуі керек. Күндегі жеке отырып шәйінен да қағылып, атын ерттеп мініп шөпшілерге жүріп кетті. Есікті соңында келіп, құлыптармын деп ойлаған. Үйдегі шақырусыз қонақ та оған дейін өз жөніне кетер деген үмітпен.
Шаңқай түсте қайта оралған Сағымбол әлгі әйелдің кетпегенін, кетпек түгіл есік алдындағы жер ошақ пен үй арасындағы ақ тақырды сыпырып жүргенін көрген. Тағы тосырқау. Аттан түсіп жатқан Сағымбол тағы да түндегідей жабыса кете ме деген қауіппен әйелге жақындағы. Ол қолындағы сыпырғышын тастай бере үйге кіріп кеткен. Сағымбол да үйге кіре ертеңгісін жинаусыз қалған орнынын жиналып қалғанын, алайда төсек жапқыштың теріс жағы олпы-солпы қалпында жабулы тұрғанын байқады. Ол тағы да:
– Сен кімсің? Қайдан келдің? Атың кім? – деп сөзге тартқан. Әйел «ым...м» – деп кеудесін шұқып, алыстан келдім, – деп екі саусағымен жүрген жүрісін білдірді.
– Е, бейшара мылқау екен ғой, – деп ойлап Сағымбол оған тамақ ішесің бе дегенді ыммен түсіндірді. Сағымбол жерошаққа от жағып, алдына шәугімді, артына қазанды қойып, өзі жасайтын тары көжені отқа қойды. Шәй қайнап, дастархан басына жайғасқан екеуі үн-түнсіз шәйларын тарқасқан. Жұмыс басына қайта оралған Сағымбол бұл жайды жария еткен жоқ. Ел кезіп, қайыр тілеп жүретін Жұмажан туралы сан естіген, егер сол болса, аларын алып мен қайтқанша бетімен кетер деп ойлаған. Бірақ Жұмажанды ешкім мылқау деген жоқ сияқты еді...
Ыстық күнгі әдетімен кешкі салқында қимылдары қыза түскен шөпшілер қараңғылық қоюланғанда барып бірақ жұмысты тоқтатты. Шөпшілер жататын қостарына, Сағымбол тұсаулы атына беттеді. Ол келіп үй алдына тоқтағанда үй әйнегінен болар – болмас жылтыраған сәуле көрінді. Кеше кешкісін зәресін ұшырған міскіннен бүгін сескенген жоқ. Айдауда болған жылдарда құбыжықтың неше түрін, адамның хайуаннан бетер жыртқыштарымен сан рет бетпе-бет келіп, жын-періден адамның қауіптірек екенін білген. Адам өлімін көре-көре көзі үйренгені сонша, олардан қорықпақ түгіл, тірілерден теперіш көрген кезде өліктермен құшақтасып жатуға да бар еді...
Төсеніштің үстінде екі тізесіне басын қойып ұйқылы-ояу отырған Бадиша сықырлай ашылған есіктің дыбысынан басын көтеріп бұған қараған. Көзі кешегідей ессіз емес, ағы мен қарасы да ап-анық, бұның келгеніне қуанып балаша ыржалақтады. Орнынан тұрып, «шәй, шәй» – деп шәугімге ұмтылған...
– Тілі бар екен, кеше мен одан қорықсам, ол менен қорқып сөйлей алмай қалған ғой, – деп түйді Сағымбол.
Сағымболдың жайбарақат түріне, аспай-саспай киімін шешінуіне, төсекке барып жантая кетуіне бажайлап қараған Бадиша қолындағы шәугімімен бірге өзі тұрған жерге отыра кеткен...
– Ей, келген жағыңа неге кетпедің?
– Кімсің өзің? Қолыңдағы шәугімді қой орнына, күйе болдың ғой, – деген Сағымболдың сөзіне:
– Ы-ы-ым, – деп жауап қатқандай болып, шәй ішелік дегендей тағы да ишара білдірген...
Күні бойы шалғы мен аша ұстаған қолы қарысып, әбден шаршаған денесі дамылдап маужырап ұйқы басқан. Ұйықтап кеткен екен... Түсінде әйел затының құшағында, бойы балқып, жан рахаты мен тән рахатын сезініп жатып оянып кеткені... Ояна келсе, О, Тәңірім, сақтай гөр! Өзіне тақала жатқан қонағы бұны жотасынан құшақтаған күйі қалың ұйқыға батқан екен...
Әлгі түсті көруі де тегін емес, Сағымболдың әйел құшағын көрмегелі көп жылдардың жүзі болды, қара ағаштай қатқан денесіне басқа да ләззатты рахат сезімін бастан кешуіне түрткі болғандай... Қимылсыз ұйқыдағы әйелге басын көтеріп, сәл-пәл қарап жатқан Сағымбол бетін жапқан шашын кейін ысырып, еппен ғана маңдайынан сипаған... Ол қозғалар емес, ұйқысы қатты-ақ екен. Оның құшақтап жатқан қолынан босанып, далаға шықты... Сағымболдың соңғы жылдарда еш сыр бермеген еркектік сезімі басына теуіп, алабұртқан көңілі оны үйге жетеледі. Келе Бадишаны бас салып, құшақтап, аймалап оның оянуын күтті, бірақ әйелден қарсылық та, қимыл да байқалмайды...
– Міскін жанға қиянат жасасам кешіре гөр, құдайым! – деп күбірледі. Жаратушы жақсы Алла, қу тізесін құшақтаумен өткен түрмедегі жиырма жыл, оған қоса бостандықта өткен сан күндерде Сағымболға бір өзіңнің құдыретіңнің бұйрығымен кездестірген пендең ғой. Осының бәрінің қисынан келтіріп, қиюластырып тұрған өзің емей, кім дейсің?! Тіршіліксіз сұлық жатқан көңіл жыланын да сумаңдату, тебігсең де жүрмейтін менің күш-жігерімді тасыту да бір өзіңнің құдыретің деп түсінем... кешір, Алла! – дейді іштей Сағымбол күбірлеп...
Үй маңынан ұзап кеткен атты әкеліп, ерттеп ағашқа байлаған Сағымбол ертеңгі оразасын үйден ашып кетуге ұйғарды. Шәугімді отқа қойып, төсек-орынды жинастырмақ болып үйге кірген ол сол баяғы бұрышта отырған Бадишаны көрді.
– Жүр, далаға шық. Жуын, шай қойып ішейік, – дегенді сөзбен де ыммен де жеткізген Сағымбол әйелді қолынан тартып, сыртқа алып шыққан... Оның үстіндегі киімі әбден кір сіңген, күнге оңған, ал әйелдің өзі де талайдан су тимеген денесі де алба-жұлба киімнің астынан сығалайды. Арықшаның қасына ертіп келіп, суға қолын малып, беті-қолын жуып көрсеткен еркектің қимылын әйел де қайталаған.
– Мен бұны жуындырайын, бірақ одан не пайда, қайтадан кір киімін киеді ғой, – деп ойлайды. Шай орнына су ысытып өзі жуынатын қалқаға ертіп апарған Сағымбол әйелді балаша шомылдырған... Өзінің жуыла-жуыла кішірейген шалбары мен жейдесін кигізіп, шашын да құрғата сүртіп, таза сүлгімен орап қойды. Әйелдің үстінен түскен бар ылпасын легенге салып сабынды аямай-ақ жаққан ол өмір бойы өз кірін өзі жуып үйренген өнерінің барын салып баққан... Бадишаның бар киімін ағын суда аямай шайып, үй маңындағы ши басына желбірете жайды. Қаланған қи күшімен отта қайнап тұрған шәугімді алып үйге кірді. Дастарханға үйіндегі бар мәзірін қойып, әйелді шайға отырғызды. Күнделікті шөпшілерге әкелетін нан, сүт, қант, кәмпит дегеннен өз үлесін тышқанша тартып жүрген Сағымбол дастарханы екі адам үшін молынан жеткілікті азық еді. Әйел де асты көргенде қымсыну, тартынуды қойған. Ертеңгі шайға қанған Сағымбол:
– Мені шөпшілер іздеп жатқан болар, жұмысқа кетейін, сен мына жерді өзің жинастыр. Кетемін, – десең, жолың болсын!
– Атың кім, өзі. Мен – Сағымболмын.
– Сен кімсің? – деп өз кеудесін де әйелдің кеудесін де нұқып. Туғалы «Бадиша-ау – Бадиша, Бадиша қайдасың?» – деп шақырған анасы Қатыш пен әкесінің дауысы құлағында тұрса да, соны Сағымболға жеткізіп айта алмады.
Ол да өз қолымен кеудесін нұқып: Бә... Бә...-дан басқа буынды айта алмай, жұтып қойды. Үйде жеке қалған Бадиша түртпектеп бар затты бір бұрышқа үйып, еденді бұрқыратып сыпырған болып, анасы Қатыштан көргенін істеп баққан. Үйдің ішін бітіріп, сыртқа шықты. Есік алдына су сеуіп сыпырмақ болып еді, өсіп кеткен шөп түбірлері кебергі келтірді. Түбірлерді күрекпен қимақ болды – бәрі әурешілік, түк өндіре алмай көлеңкелеп үйге кірген... Сағымболдың Бадишамен бірлескен тіршілігі өстіп, бір айға созылған.
Бадишаның үйде де, үй маңында да жоқ екенін әкесі Ахметше мал қораланып, қас қарайғанда ғана білді.
– Қатыш, а Қатыш, Бадиша қайда? Үйде де, қора маңында да көрінбейді, – деді.
– Отырған шығар, тал шарбаққа жабысып алып, соның арасынан сыртқа сығалай қарап, мелшиеді де отырады емес пе, бәлкім сол отырған жерінде ұйықтап та қалған шығар, – дейді Қатыш.
Үй маңын, қора-қопсының іші-сыртын, бар қуыс қалтарысты сүзіп шыққан әке үйден қырық қадам шығып көрмеген қызы Бадишаның шын жоғалғанын сезді. Көрші үйлерден де оны көріп, байқадым деген жан болмады. Түннің бір уағына дейін ауылдың бас-аяғын кезіп діңкелеген шал-кемпір үйіне жетіп құлаған...
Сол жоқтан бір апта өтті. Бадишадан еш сыбыс жоқ. Ертесіне атқа мініп ауыл маңын ары-бері кезіген барлық малшы, табыншы, бау-бақша егушілерге қарайған қара көрсең қарай жүр деп тапсырған. Жоғалғанына бір апта өткенде Ахметше қызы Бадишаны абайсызда жардан құлап, суға кетті деп жорыған... Қатыш болса ертеден кешке дейін салақтап үй-үйді кезумен болды. Ауылдың шығыс бөлігінде тұратын үйлер Бадишаның атын естігенде, бұрын соңды бұл ауылда ондай қыз болғанын білмейтін де болып шықты. Ақыр аяғында бүкіл ауыл Бадишаның жоғалғанынан хабардар болды. Қатыш ауыл түгіл жота басындағы қорым-зираттың да әр бұрышын, қалтарысын іздеп көрді. Ауылдың оңтүстігі өзенмен шектесетін. Су иіні ауылға қарай аунай-аунай, қыртты кеміре биіктігі үш-төрт қабат үйдей жарқабақ пайда болғалы не заман... Зират ішіндегі әр биіктің шөп басқан іші-сыртын аралап қайтып келе жатқан Қатыш бұрынғысынан да биіктеп, сорайып көрінген жардың сұлабасын көріп, қызын жардан ұшып өлген болар деп жар жағалай зақ жүрген.
Сорлы, бейбақ біз өлген соң кімге керексің, сені құдай да алмады деп сан рет киіген анасы не десе де іштен шыққан перзенті емес пе, жардан құлап өлген болар деген ой келгенде жүрегі шым-шым етіп, көзіне жас та келген... Сөйтіп, қызын әке де, шеше де бір-біріне айтуға ауыздары бармаса да іштей суға кетіп өлдіге санаған. Бір апта өткенде темір жол бойына ұзатылған кіші қыздары Хадишаға хабар жіберген. Ен жақын адамдары Бадишаны арулап көмбесе де, бұл дүниеде жоқ деп аза тұтып, үйді-үйіне тарасқан.
Шөп шабылып біте салысымен қысқа малшылар отыратын баздарды жөндеу жұмыстары басталдады. Шөпшілер кетіп, енді Сағымбол құрылысшылар бригадасына қосылды. Сағымбол отырған базға тағы екі адам бөлініп, Сағымбол үшеуі малшылар үйінің пешін жөндеу, мал қорасының жыртық тесігін бекіту, базға жақын жерге шөпті тасып үйді т.б. жұмыстар тапсырылды.
Сағымбол мен Бадишаның бір айға созылған қалыпты тұрмыс-тіршілігін қыстауды жөндеуге жіберілген екі жұмысшы бұзды. Жігіттердің бірі: – Ойбай-ау, әлгі ауылдың бас-аяғын кезіп таппағандықтан өлдіге санаған Ахметше шалдың қызы Бадиша ғой мынау! – дескен. Ел құлағы елу. Бадиша ма, жоқ Жұмажан ба? Оны айырса, сол Ахметше шалдың өзі айырар, – деп ойлаған Сағымбол іштей қимай тұрса да үн қата алмады. Қыз әкесі келіп, жоғалған қызын алып кетерде де еш қарсылық көрсетпеді.
Жоғалып табылған оқиғадан соң үш-төрт ай өткенде Бадишаның іші білініп, өзі әрленіп сала берді. Кірін жуып, үйді сыпырып, қора-қопсынын шашылып жатқан тұстарын жинап, әке-шешесін таңқалдыруда. Қанша олпы-солпы киінсе де, Бадиша бойындағы өзгерісті тағы да анасынан бұрын әкесі сезген.
Малдың ертеңгі кезегін көршісіне тапсырды да, кіші қызына барып айтуға жиналды. Ондағы ойы Бадиша бойындағы өзгеріс туралы айтып, ерсе ерте келіп ақылдаспақ. Оларды мазаламас та еді, әттең Қатышпен бірнәрсені ақылдасып, шешу мүмкін емес қой. Әкенің көрген сезгенін әйел заты болып, ол байқамай жүр дейсің бе? Әлде білсе де білмегенсіп, көрсе де көрмегенсіп күл болмаса бүл болсын деп жүр ме, бір Аллам білсін...
Хадиша төрт баланың анасы, ауру әкесінің бойындағы өзгерісті көзімен көрсін, ары қарайғы тіршілік-қарекетке ақыл қоссын деп ойлады. Әке жеткізген хабарға Хадиша қуануын да, қайғырарын да білмеді. Жоғалды дегенде келіп аза тұтқан сіңлісі табылды дегенде келгенде жоқ еді. Енді болған жайды көзімен көруге асығып, әкесімен жолға шықты. Шешіндіріп, суға түсіріп, өзінің ала келген көнетоз киімдерін киіндіріп, ауру әпкесінің жанында бірер сағаттай уақытын өткізген. Бірақ Бадишадан ештеңе де сұрап білу мүмкін емес еді. Ішінде әлде бір дерт болмаса, оны жүкті екені анық. Шешесімен сөйлескен Хадиша оның ештеңеден хабарсыз екенін білді. Әкесі малды өріске шығарып кеткенде шешесінің алдына алып келген дәмді тағамдарын қойып: - Апа, Бадишаның аяғы ауыр екен, өзіңіз де байқаған боларсыз, – деп кіші қызы сөзін сабақтай бергені сол еді Қатыш: – Не дейді, ойбай? Жармес қатын кімге керек? Оны екіқабат еткен кім екен? Осы қорада кәрі төбет пен Ахметшеден өзге қой қашырар қошқар да жоқ қой? – деп барқылдай жөнелмесін бе?!
– Апа, Бадишаның жоғалып кеткені есіңізде ме? Мөлшері сол кезден басталған... Айқай-шу шығаратын ештеңе жоқ. Ешкім де бұл үйге кіріп, оның жайын біліп жатқан жоқ қой. Қайта жақсы емес пе? Кемтар адамға кім жақындайды деп ойлаушы едім. Сәті түсіп, сәбилі болатын болды. Өзің айтпақшы әкем екеуін өлген соң бұл бейбақ кімге керек? Ал бала болса өседі, ертең екеуің жоқ болсаң, осы қораның иесі болмай ма?! Бадишаның онда далада қалмағаны ғой. Айы-күні жақындағанда өзім алып кетіп, босандырып, бала ширағанша қараймын. Ал сен болсаң ол сорлыны қарқап-сілеп, кезі келсе төмпештеп ұрғаныңды ғой. Дұрыстап тамақ беріп, салқын тигізіп алмай күт, – деп сөзі жеткенше түсіндірді-ақ.
– Ойбай-ау, мына ауыл ол бала кімнен бітті деп сан-саққа жүгіртпей ме, тіпті әкесін де күнәға белшесінен батыруы анық қой, – деген шеше үәжіне «хадишаның бесінші баласын асырап алдық» дейсін. Алдымен сол күнге аман-есен жетейік де, – деген. Сөз осымен бітті. Бадишаның бар киімінің сыртынан кең халатты тастамай киігізіп қоюын міндеттеген Хадиша үйіне қайтқан.
Көктемгі төлмен бірге Бадишаның да босанар уақыты таяп қалған бір түнге көлікпен келген Хадиша әпкесін үйіне алып бара жатқан жолда толғақ қысып, күйеуі Тастан екеуі аман-есен босандырып та алған. Қырқынан шыққанда балпанақтай ұлды екі қыз кезектесе емізіп, ешкімге көрсетпей бақты. Хадиша емшегінен сут шықпаса да бала тойып алғаннан кейін емшегін баланың аузына салып қоятын. Ондағы ойы Бадиша баланы емізбей қояма деп қорқаннан, бұны істейтінін онын да істейтіні анық. Бір апта өткенде Бадиша емшегін солпылдатып балпанақтай ұл еме бастағанда оның тұла бойы балқып, бала емірене қарап, жүзіне қан жүгіріп мүлде өзгеше күйге түскен. Оның қасында бар әрекетін қалт жібермей отырған Хадиша:
– Тәуба, бұл баланы умаждап лақтыра салса қайтемін деуші едім?... Аналық сезім, аналық түйсік бұның қанша жыл тұмандаған санасын сәулелендіріп, он екі мүшесін балқытуын қарашы. Жаратушым, жарылқай гөр! Не істеймін десең де, бәрі сенің құзырыңда емес пе?! Осы нәресте арқылы Бадишаны да саналы адам санатына қоса гөр, – деп Аллаға жалбарына берген.
***
Хадиша үйінде болған алты ай Бадиша тірлігіне елеулі өзгерістер енгізді. Ол бірер айдан соң бала жаялығын өзі жуып, Хадишамен бірлесіп нәрестені шомылдырып, одан да өзге үй тірлігіне араласа бастаған. Хадишаның есейіп қалған екі қызы күн сайын шашын тарап, айнаға қарап, киімін түзеп киюді Бадишаға жалықпай-ақ үйреткен. Бойы үйренген сәттен бастап ол қыздармен шүйіркелесіп сөйлесе де бастаған. Ал баланың мойны қатайып, қолға көтеріп жүруге жараған сәттен бастап, Бадиша баланы бауырына басып, қыздарға бергісі келмей алып қашатын. Осының бәрін көріп, біліп жүріп Хадиша әпкесі үшін, қарт ата-анасы үшін де қуанышты еді.
Балаға қырық күн толғанда Хадиша мен Тастан өз ұлдарына ұйқастырып Бостан деп атын қойды. Ауылдық советке барып, осы туған балаларын ұлы жоқ нағашы атасының атына «Атметше ұлы Бостан, анасы – Қатыш» деп жазып берулерін өтіне сұраған еді... Алты айлық баласымен Бадишаны түнделетіп үйіне әкеп салған... Бұл аулада Бадишаның бар-жоғын қорадағы кәрі ит пенен апта сайын ауылға келіп қант, шай алып тұратын Сағымбол болмаса, ешкім сезген де жоқ еді.
Жоғалған қызын әкесі келіп алып кеткенде Сағымбол оның қайда тұратынын білмеген. Кейінде кейбір жігіттер: – Ей, әлгі Ақметшенің өлдіге санап санап жүрген жынды қызын сенің үйіңнен тауыпты ғой, сен одан қорыққан жоқсың ба? Бір ай бойы сенің үйіңде жатты ма? – Оның аты – Бадиша. Шешесі – Қатыш. Сол шешесі көрші-қолаңға «қызым жоғалып, табылғалы өзгеріп кетті» деп айтыпты, - деген сөзден соң, Бадишаның үйі дүкеннен бұрыстау жерде болса да Сағымбол сол айналма жолмен жүретін...
Аракідік шарбақтың ішінде отырған, я болмаса аула сыпырып жүрген Бадишаны көретін... Көп болды оның көрінбей кеткеніне. Сағымбол – әйтсе де бір көріп қалармын, – деп осы жолмен жүретін...
Сағымболға былтырғы жазда Бадишамен бірге өткізген күндері көрген түстей. Зырлап өтіп жатқан күндер-ай. Түрмедегісі бір жөн ғой, бостандықта да сол жалғыздық...
Айына бір-екі рет болса да шарбақтың сыртынан өтіп бара жатып көретін Бадишаны да көре алмағанына талай уақыт болған... Жаздың ыстық күнінде үстінде жеңіл қызыл көйлегі бар, шашы ұқыпты таралған әйелді шарбақтың ішінен көргенде әуелде Сағымбол оны танымай да қалды. Құйым-құйым қоңыр түсті қабат-қабат киім киген Бадиша мына әйелден мүлде бөлек еді... Еріксіз аттың басын тартып Сағымбол анықтап көріп алайыншы дегендей біраз тұрды. Үйден бала көтерген кәрі әйел де шықты. Өзіне қарап тұрған адамға қызыл көйлекті әйел де қарады... Бірақ ол бұл адамды танитын ия білетін сыңай танытқан жоқ. Малды суатқа я өріске айдайтын таптаурын жол үстінен адамдар үзілмейтін. Осы жол үстінде біраз жүріп барып, тағы да тоқтап өзіне қарап тұрған еркекті Бадиша таныды ма, жоқ па, ол атын тебініп ұзап кеткенше телміре қарап қалды...
Майра Жылқыбаева