«Дәстүрлі әндерді келмесе де эстрадаға салатынына ішім ашиды»

/uploads/thumbnail/20170716220658727_small.jpg

Талғат Әбуғазы Қазенұлы – дәстүрлі әнші

Балалық шағыңызға шолу жасасақ. Ата-анаңыз қандай бейнесімен есіңізде қалды?

- Мен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында  қарапайым отбасында туып, өстім. Әкем Қазен Әбуғазы — шы­ғыс өңіріне белгілі күйші. Қазен Әбуғазыұлы 1936 жылы Қытай  Халық Республикасындағы  Тарбағатай аймағының Дөрбілжің ауданында дүниеге келген. Жасынан ән мен күйге  құмар өнерге әуес болып өседі. 1962 жылы Атамекенге оралғаннан кейінде бойға біткен өнерді тастамайды. Аудандық мәдениет үйінің оркестрі құрамында домбырашы және жеке әнші ретінде аудандық, облыстық деңгейдегі концерттерге қатысып өнер көрсетеді. 1986 жылдан бастап  күй шығару  өнеріне ден қоя бастайды. 2002 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ғылыми зерттеу лабораториясына өз орындауында 20 –ға жуық күйлерін жаздырады. Анам медицина саласында еңбек еткен. Анамда өнерден құр алақан емес, «әу, демейтін қазақ жоқ қой» арасында әндетіп тұратыны бар. Қазіргі уақытта екеуіде зейнет жасына жетіп, үйде бала-шаға, немерелерінің қызығын көріп отыр. Отбасымызда жеті ұл, бір қыз бар. Ағам Мұрат Әбуғазы – күйші. Қалған бауырларым да өнерден құр алақан емес. Кә­сіби түрде шұғылданбаса да бәрі домбыра тартады. Балалық шағым ынтымағы мен бірлігі жарасқан Ақсуат ауылында өтті. Үш-төрт жасымда отбасымыздың фольклорлық ансамбльі болатын сонда ән айтатынмын. 8-9 сыныптардан бастап домбырамен ән айта бастадым.

- Қарапайым ауыл баласының өнер жолына түсуіне кім себепкер болды?

- Өнер жолына келуіме  себепкер ол менің әкем мен Мұрат  деген ағам болды. 11 сыныпты бітіргеннен кейін арман қуып Алматыға келіп Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне Қайрат Байбосыновтың сыныбына қабылдандым. Ұстаздан жолым болған адамдардың бірімін деп айтуға болады. Үш жыл колледжді оқып, бітіріп Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасына Бекболат Тілеухановтың шәкірті Ардақ Исатаеваның сыныбына қабылдандым. Консерваторияны тәмәмдаған соң, өзім тәлім алған Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне шәкірт тәрбиелеуге ұзтаздық қызметіне орналастым. Ұстазым Қайрат Байбосынов Астанаға қоныс аударғанда Жусіпбек Елебековтен келе жатқан әншілік сыныбын маған  сеніп тапсырған болатын. Қазіргі таңда, «Халық» бөлімінің меңгерушісімін.

- Даңқты ұстаздардан тәлім алыпсыз, өзіңіздің шәкірттеріңіз көп пе?

- Шәкірттерім көп Бөдесов Саян, Елемесов Нұрсұлтан, Диас Мұратханұлы,  Талант Мажитов деген дарынды болашағынан үміт күттіретін шәкіртерім бар. Қазіргі таңда колледжді тәмәмдап Жоғарғы оқу орындарында  білімдерін шыңдап, жетілдіруде.

- Бүгінде дәстүрлі әншілер эстрада әншілерінің көлеңкесінде қалып қалды.  Осы орайда, дәстүрлі өнерді дәріптеуге ықыласты талапкерлер қатары көп пе?

- Әрине, көп, өкінішке орай барлығын қабылдай алмаймыз. Көбіне, Алматы облысы мен Орталық Қазақстаннан талапкерлер көп келеді.

- Қазір, сіздің өз репертуарыңызда қанша ән бар?

- Репертуарымда 300-400-ге жуық ән бар. Анау, Ақан сері, Біржан Салдардың әнінен бастап кейінгі композиторларға дейінгі әндерді айтамын.

- Эстрадаға көш бұрғыңыз келмей ме?

- Жоқ,  дәстүрлі ән айтып жүргеннен кейін эстрадаға бет бұрам деген ой жоқ. Бірақ та, қазіргі заман талабы сол болғандықтан, болашақта эстрада жанрын қосымша алып жүруге де болады.

- Қазір халық әндерін эстрадалық  нақышқа салу үрдіске айналды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

- Кейбір әндер бар эстрада жанрына келмейтін соларды салып жатады, сол кезде ішіміз ашйтыны бар. Ал, кейбір әндер өздері сұранып тұрады.  Әуенін кетірмей түпнұсқасын сақтай отырып айтса болады. Негізінде, халық әндерін  бұзбай-ақ қойса, сол қалпында қалса деп ойлаймын. Кейінгі композиторлардың әндері де жеткілікті ғой.

- Дәстүрлі әнші ретінде, айтыңызшы бүгінгі таңда дәстүрлі ән өнерінің беталысы қандай?

- Дәстүрлі өнердің беталысы жаман емес. Ұлттық өнеріміз шама шарқынша насихатталып жатыр. Өйткені, өзінің тыңдармандары бар, орындайтын орталары бар.  Дегенменде, әліде көбірек насихат керек. Болашақ талантты жастарымыз көп, сондықтан ұлттық өнеріміз әрі қарай өрлей береді деп ойлаймын. Халықтың алдына шығып, танылып жүргені бар, танылмағаны бар жас өнерпаздар қосылып, қазақтың әні мен күйінен шашу шашып тұрады. Кейінгі уақыт та консерватория қабырғасында, ән байқауы барысында ән салумен ғана шектеліп барамыз. Дүйім ел тыңдайтындай кештер жоқ десе де болады. Көпшіліктің «Паһ, шіркін», «Бәрекелді, жарайсың» деген қолдау сөздерін естімесе, дәстүрлі әнші мен күйші арқаланбайды. Ал арқаланып әнін шырқап, күйін төгіп, барын салу үшін бізге сахнаға жиі шығу қажет.

- Дәстүрлі өнерді насихаттау жолында қандай іс-шаралар өткізілуде?

- Жақында, халықаралық көрмеге орай Алматы мәдениет күндері аясында Астана Жастар театрында және Этноауылда «Інжу-маржан», «Мәңгілік мұрат» дәстүрлі музыка кештерін өткізді. Ұлттық өнерімізді ұлықтап, рухани мұрамызды дәріптеу мақсатында өткен кештерге театрымыздың қарасөздің қаймағын қалқып, сүбелі сөзді сарқыттай сақтаған, семсерін жырға суарған, от ауызды, орақ тілді жыршылары мен термешілері және көмейіне бұлбұл ұялаған жезтаңдай әншілері өнер көрсетті. Дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушылары, халыққа танымал өнер иелері Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов, Жәкен Омаров, Аманқос Садықов, Алма Аманжолова, Бағдат Самединова, Нұржан Жанпейісов, Мұрат Әбуғазы, Болат Бөкенов, Саят Медеуов сынды сахна майталмандар және «Қоңыр» тобы мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің қатысуы дәстүрлі музыка кешінің сәнін келтіріп, көркін қыздыра түсті. Жанды дауыста, ұлттық музыкалық аспаптардың сүйе­мел­деуімен өткен кон­церт­тік іс-шараны Арқа жұрты және Астана қаласының қонақтары жылы қабылдады. Оны зал толы көрерменнің қошеметінен байқадым.

-  Дәстүрлі әнді қалай дәріптеу керек?

         - Ұлттық өнерімізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен. Көрсетіледі ғой, бірақ көбірек көрсетілсе. Ұлттық өнерімізге сұраныс аз, қай нәрсе көбірек насихатталса халықта соған қарай бет бұрады. Эстрада көбірек насихатталады, сол себбепті де халқымыз соған бейімделіп барады. Төл өнеріміз сол себепті ақсап тұр. Әр мемлекеттің ұлттық өнері  жоғары деңгейде болу керек.

- Өнер жолында жеткен жетістіктеріңіз қандай?

- 2009-2010 жылы «Сегіз қырлы» тележобасында бас жүлде алдым. 2005 жылы «Асыл мұра» конкурсында лауреат атандым, сол жылы Қарағандыда Мәди Бапиұлы атындағы конкурста лауреат атанып, үшінші орын алдым. Әміре Қашаубаев және Кенен Әзірбаев конкурстарынан екінші орын алдым, Нартай Бекежанов конкурсында лауреат атандым, Әсет Найманбаев конкурсынан бас жүлде алдым. Тағы да көптеген конкурстарда жүлделі орындарды алдым. Ешқандай конкурстан құр қалмадым.

 Бұрынғы кезде конкурстар жиі ұйымдастырылып тұратын. Қазіргі кезде де бар, шәкірттерімді жіберіп тұрамын. Бірақ та, сол конкурстардың ақсап тұрған тұсы бар.

         - Сіздіңше, қай тұсы ақсап тұр?

- Ол конкурстың әділетті өтпеуінде. Бұл шәкірттеріміздің алған бетінен тайдырып, көңілдерін қалдырып жатады. Негізінде, конкурс әділ өткені дұрыс.

- Сол конкурстарда кімдер төрелік етеді?

- Нақты атын атап, түсін түстемесекте  ұлттық өнерімізді насихаттап жүрген аға-апаларымыз отырады. Бір кісі ғана шешпейді ғой, бірнеше адам болады. Талантты балалардың жолын қақпайлап жататын кездері болады. Көпке топырақ шашуғада болмайды,  әділетті түрде өтіп,  ұйымдастырылып жатқандары да бар. Сол конкурстардан оқ бойы озып, шынайы талант иелері, дарынды жастар шығып жатыр.

- Көбінде кейбір дәстүрлі әншілер: «Эстрада әншілері оңай жолмен халыққа танылып, арзан әнмен ақша тауып жүр» дейді. Сіз осы пікірге келісесіз бе?

- Тыңдайтыны бар, тыңдамайтыны да бар. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова,  Нұржамал Үсенбаева,  Майра Мұхамедқызы,  кейінгі «МузАрт» тобы,  Еркін Нұржанов,  Айгүл Қосанова,  Қарақат Әбілдина, Гүлмира Сарина сынды әншілеріміздің әндері қандай керемет. Соларды тыңдаймын, өнерлеріне бас иіп, құрметпен қараймын. Қазіргі эстрадаға келген жастар адам түсінбейтін әндерді айтып кетеді. Әндерінде де, не бейнебаянында мағына жоқ. Шынын айту керек, соларға қарап кейде қарным ашады. Талантына бас иетін жастар бар мәселен, Димаш Құдайбергенов. Әлемдік додода Қазақстанның намысын қорғады. Кеңес Одағы кезінде ХудСовет болды ғой. Бізге сол үрдісті жалғастыру керек. Теледидардан тойдың әні де айтылып жатыр,  ұсақталып кетті. Сол нәрсені қолға алса деген ой бар.

- Отбасыңыз жайында сөз қозғасақ. Отбасыңызда өнерге бейім ұрпақ өсіп келе ме?

- Отбасын құрғанмын. Жарым Арайлым, Шығыс Қазақстан облысы Ақжар ауылынан. Арайлымда өнерден алшақ емес, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмәмдаған. Қазіргі таңда, баламен үйде отыр. Екі ұлым бар, Әбілмансұр 4 жаста, Әбубәкір 1 жаста. Өнер жолын қуады ма, жоқ басқа саланы таңдайды ма,  уақыт көрсете жатар. Жалпы, әке жолын жалғаймыз десе қарсы емеспін.

- Көшеде жүргенде жұрт сізді танып, қолтаңба алып жатады ма? Халықтың ықыласы қандай?

         - Әрине,  баяғыда «Сегіз қырлы», «Алтыбақанға» шықтыңдар ғой деп танып жататыны бар.  Халық қой өсіретін де, өшіретін де. Сондықтан, халықтан аспайсыз, өнерімізді бағалап отырған халқымызға ризамыз ғой.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан

Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар