«ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖОҚ ЖЕРДЕ, МЕМЛЕКЕТ ЖОҚ»

/uploads/thumbnail/20170716220734367_small.jpg

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті 1992 жылдың шілде айында Президент Жарлығымен қайта құрылған. Оның алғашқы төрағасы қызметін генерал-лейтенант Болат Баекенов атқарса, 1993 жылы аталған аса жауапты комитеттің тізгінін генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев ұстады. Осылайша, жиырма бес жылдық тарихында тоғыз төраға басқарған комитет бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің тірегіне айналып үлгерді десек, қателеспеспіз.

ҚР ҰҚК-нің қазіргі төрағасы Кәрім Мәсімов: «1991 жылы қызыл империя – Кеңестер Ода­ғының қирандысында екі­ұштылық, қауіп пен күмәнді жағдайда біздің егемен мем­лекетіміздің тарихы дү­ниеге келді. Нақ бүгінгі таңда, ширек ғасырдан соң, Тұңғыш Пре­зидентіміздің Тәуелсіз Қа­зақ­стан Республикасын құ­рудағы алғашқы және одан кейінгі жылдарда қабылдаған шешім­дерінің дәлдігі мен тарихи ма­ңыз­дылығын се­зінудеміз. Ел­басы фено­мені, оның ст­ратегиялық көз­қарасы, сын­дар­лы ішкі және сыртқы саяса­ты қоғамды сіл­кі­ністерден, ал елі­мізді күй­реу­ден сақтады. Өтпелі кезеңнің барша сын-қатерлері мен қиындықтарын еңсеруге мүм­кіндік туғызды. Халықаралық қоғам­дас­тық­тың теңқұқылы мүшесіне, дә­йек­ті даму, тұ­рақтылық пен келі­сімнің өнегесіне айналды. Пре­зиденттің «Ұлттық қауіп­сіз­дік жоқ жерде, мемлекет жоқ» деген бірегей формуласы бүгінгі күннің ұстанымына сәйкес, өзінің әмбебаптығын да көрсетуде», – дейді «Егемен Қазақстан» га­зетіне жариялаған мақаласында.

Рас, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кімге де болсын оңай соққан жоқ. Елдігімізді сақтап, бірлігімізді нығайтып, алыс-жақын мемлекеттермен бай­ланыс орнату секілді қыруар шаруамен қатар ұлттық қа­уіпсіздік мәселесі де жас мемлекеттің алдында тұрған басты белестердің бірі еді. Осы орайда, егемендігін енді алған елдің ұлттық қауіпсіздік мәселесін шешуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Бұл туралы «Елбасының ерекше еңбекқорлығы мен ерік-жігері, айрықша харизмасы мен ғаламат интуициясы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне кәсіби тәжірибе мен интеллектуалдық және техникалық әлеуетті сатылап жинақтауға көмектесті.

Тәуелсіздік жылдарында әрбір адамды, қоғамды және мемлекетті кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға кепілдік беретін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлдем жаңа жүйесі құрылды», — дейді комитет төрағасы Кәрім Мәсімов өткенге көз жүгірте.

Бүгінде ҰҚК – мемлекеттің ұлттық мүдделері мен өңірлік қауіпсіздіктің негіздерін сенімді түрде күзететін қазіргі заманғы, ықшам әрі тиімді арнайы қызметке айналды. Жиырма бес жыл ішінде ҰҚК органдары қызметінің, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі олардың рөлі мен орнының құқықтық негіздері заңмен бекітілді. Бірқатар заңнамалық және заңға қарасты актілер, оның ішінде «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Арнайы мемлекеттік органдар туралы», «Қарсы барлау қызметі туралы», «Мемлекеттік шекара туралы», «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңдар қабылданды. Аталған заңдардың қабылдануы ҰҚК-нің құзыреттін күшейтіп қана қойған жоқ, елімізді ішкі және сыртқы қауіп қатерден қорғауға зор септігін тиігізді.

Бір сөзінде Елбасы: «Мен қазақстандық арнайы құрылымдар қызметін регламенттейтін құқықтық базаның құрылуына ерекше мән бердім. Ұлттық қауіпсіздік органдары басқа да құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп заңның үстемдігін, адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін қорғауды сенімді түрде қамтамасыз етті. Тәуелсіз Қазақстан ҰҚК-нің түбегейлі өзгешелігі осында», — дей келе, ҰҚК ең күрделі сала екенін еске салған болатын. Нәтижесінде, осы жылдар аралығында ел тыныштығына елеулі үлес қосқан комитет халықаралық терроризм және діни экстремизм секілді құбылыстарға тойтарыс беруге қатысты. Ел арасына іріткі салып, арам пиғылдарын іске асырмақ болғандардың алдын орап, террорлық әрекетке дайындық жасаған қаншама қылмыстық топтардың жолын кесті. Мәселен, соңғы 10 жылда ҰҚК-нің терроризмге қарсы қызметі террорлық сипаттағы 100 шақты зорлық-зомбылық акциясының алдын алған. Халықаралық террорлық ұйымдардың да Қазақстанда ойран салуына жол бермеуге күш жұмсады. Еліміздегі ең керекті комитеттің жиырма бес жылдық қызметіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары баға беріп отыр.

Ендеше, алаш баласының тыныштығына жауапты құрылымды кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, ұлт, мемлекет, қоғам қауіпсіздігін сақтауда, күзетуде кірпік қақпас қырағылық тілейміз.

Камила ЫСҚАҚОВА,

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар