Кәсіпқой бокста қазақтың туын жедбіретіп жүрген жігіттер Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев және Асхат Уалиханов Бүкіләлемдік бокс сериясының WSB жобасы бойынша финалға шыққан «Astana Arlans» боксшыларына сәттілік тіледі.
«– Ассалаумағалейкум, барша қазақстандықтар! Қазақстан ұлттық құрама командасының «Astana Arlans» клубының жігіттеріне 15 шілде күні өтетін «Cuba Domadores» командасына қарсы финалдық кездесуде жеңіс және сәттілік тілейміз. Алға, Қазақстан! Алға, «Astana Arlans»! – деді боксшылар.
Естеріңізге сала кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев және Асхат Уалиханов бұрын осы «Astana Arlans» командасында бірнеше маусым бойы тер төгіп, WSB жобасы аясында жеңімпаз атанған болатын. Қазір бұл үш азамат та кәсіпқой боксқа ауысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген азаматтар.
Қаперіңізге салайық, 15 шілде, яғни, ертең Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінде биылғы жетінші маусымның финалына шыққан «Астана Арландары» мен «Куба қабыландары» шаршы алаңда кездеседі. 75 келі салмақ дәрежесі бойынша Әбілхан Аманқұл жарақатына қарамай майданға шығатынын өткенде жазған болатынбыз.
«Арландардың» құрамы мен олардың қарсыластары жайлы Арландардың бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков тілшімізге сұхбат берген болатын.
Ұларбек Дәлейұлы
Пікір қалдыру