Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Аталған келісімге 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Астана қаласында қол қойылған. Келісімнің мақсаты екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы, ал ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің болуы мен жұмыс істеуінің тиісті жағдайларын қамтамасыз ету көзделеді.
Бұл ретте келісімге сәйкес, Қазақстан Қытайға Елшілік ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Тәуелсіздік даңғылы бойынан аумағы 3 гектар жер учаскесін қырық тоғыз жыл мерзімге уақытша жалға беріледі. Ал Қытай тарапынан Қазақстанға біздің еліміздің Елшісінің резиденциясын салу үшін Бейжің қаласының 3-дипломатиялық ауданында алаңы 0,2316 гектар жер учаскесін және ҚР Елшілігінің ғимаратын салу үшін Бейжің қаласының 4-дипломатиялық ауданынан алаңы бір гектар жер учаскесін қырық тоғыз жылға жалға беріледі.
Тоқтала кететін жайт, қазір Қазақстан Елшілігінде 0,53 гектар аумақты құрайтын жер учаскесі бар, осының барлығын қосқанда Бейжің қаласында Қазақстанға қарасты жалға берілетін жер учаскелері 1,76 гектарды құрайтын болады.
Келісімге сәйкес, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын қоспағанда, жер учаскелеріндегі дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттары барлық салықтардан және міндетті төлемдерден босатылады.
Автор: Қанат Мәметқазыұлы(ҚазАқпарат)