ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов Түркиядағы қазақстандық туристердің қазіргі жағдайына қатысты түсінік берді. Баспасөз қызметінің басшысы бұл жайында өзінің Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Бүгін түнде Түркияның Анталия қаласында қазақстандық туристермен оқыс оқиға орын алды. Аталмыш мәселеге Қазақстанның жергілікті елшісі араласып, оларға көмек көрсетті.
Біздің отандастар Түркияның кезекті әуе компанияларының тарапынан әділетсіздікке душар болды.
26 шілде күні шамамен 12 сағат бұрын әр елден келген 100 жолаушы, оның ішінде 30-ы қазақстандықтар Анталиядан Ыстамбұл қаласына ұшу керек болатын. Одан әрі қарай біздің отандастар Алматы қаласына бет алған еді.
Алайда, белгісіз себептерге байланысты Onur Air әуе компаниясы рейсты қайта-қайта 2 сағатқа шегеріп, кейіннен түн ауа мүлдем ұшпайтындығын айтқан. Барлық жолаушыларға себебін түсіндірместен дорбаларын қайтарып беріп, ұшақтың Ыстамбұлға ұшпайтынын жеткізген.
Нәтижесінде, Түркия әуе компанияларынан нақты жауап ала алмағандықтан 20 қазақстандық туристер өз бетінше Ыстамбұл қаласына қарай ұшып кеткен, ал құрамында кішкентай балалары бар 10 турист өздерінің қаражаттары жетпегендіктен Анталия қаласындағы Қазақстан елшілігіне барып көмек сұрауға мәжбүр болды.
Түн ортасында қазақстандық дипломат біздің қандастарымызбен кездесіп, Түркияның туристік компанияларының бірімен келісімге келіп, оларды дереу қонақ үйге жатқызған.
Аталмыш әуе компаниясының басшылығынан болған жайтқа қатысты түсініктеме беруді талап еткенмен, еш нәтиже болмады. Әуе компаниясының өкілдері де бұл іске қатысты өздерін кінәлі сезініп, қандай да бір түсінік беруге асығар емес.
Қазіргі уақытта Қазақстан елшісі Түркиядағы қазақстандық туристерді елге қайтару қамын қарастыруда. Елшінің айтуынша, олардың көпшілігі елге орала салысымен Түркияның әуе компаниясына қарсы сотқа арызданбақ екен», - деп жазады Әнуар Жайнақов.
Естеріңізге сала кетсек, Түркиядағы жер сілкінісінің салдарынан сол елге демалуға барған отандастарымыз елге қайта алмай, биліктен көмек сұраған болатын.
Пікір қалдыру