Қайран, Жұмекем-ай! Аяулы да ардақты азаматым-ай! Сенің қазаң қабырғамызды қайыстырып, ішімізді ойсыратып жіберді ғой.
Жұмабек Кенжалинді мен 1981 жылдан, аттай үш мүшел жас, яғни 36-37 жыл біледі екем. Сол кезде Жұмабек «Социалистік Қазақстан» үнжариясының тілшісі ретінде Жұмабаймен (Шаштайұлы) бір кабинетте отырушы еді. Әдеміше келген, мұртты, кескіні С.Сейфуллинге келетіндей, киген киімі жіптіктей жап-жас жігіт болатын. Оның адамды бірден баурап алатын қасиеті бар екен, тіпті мені бұрыннан білетіндей сыңай білдіріп, хал-жағдай сұрасты. Менің жазған мақалаларымды алып қалды, өлеңдеріңді әдебиет бөліміне - Ақаңа (Сейдімбеков) беріңіз деді. Сыпайы, кішіпейіл, өте мәдениетті жан еді. Кейін 1988 жылы «Білім және еңбек» («Зерде») журналына мені комсомол орталық комитетінің конкурсынан өткізіп өзі қызметке алды, одан әрі 1990 жылы тұңғыш парламенттік «Халық Кеңесі» газетіне тартты.
Жұмекеңнің аты жастай шыққан. Ол студенттік кезінде Лениндік степендиат атанып, кәсіподақты басқарып, 5-ші курстан бастап «Социалистік Қазақстан» газетінде істеген. Зерделі де зерек, өте білімді, тасты жарып шыққан аконит өсімдігіндей жан-жағына шуағын шашып жүретін. Өзі шындығында қазақ баспасөзінің қара нары-тұғын. «Халық кеңесін» қазақ журналистикасының ардагері Сарбас Ақтаевтың басшылығымен сайдың тасындай шығармашыл жігіттерден (Марат Тоқашбаев, Жанболат Аупбаев, Самат Ибраимов, Нұрдәулет Ақыш, Болат Оңғарбаев, Мейрамбек Төлепберген, Серік Жұмабек, Болат Жүнісбек, Әділғазы Қайырбеков, т.б.) жасақтады. Бұл газетте ең бірінші болып ұлттық валютаның, жаңа астананың мәселесі көтерілді. Сол тұста астананың сарыарқаға, еліміздің кіндігіне көшірілуіне кейбір басылымдардың қарсы тұрғаны да аян. Ал, «Білім және еңбектің» «Зерде» атауына ауыстырылуының басы-қасында Жұмекеңнің өзі жүрді. Аталмыш журналда ақберен Ақселеудің ізін қуып, жолын сақтап қалды. Мұнда да Бейбіт Сапаралин, Әшірбек Амангелдиев, Қайырғали Медетов сынды талантты қаламгерлермен бірлесе жұмыс істеп, басшылық жасады. Ол ұзын саны 5басылымның («Білім және Еңбек», «Халық Кеңесі», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі») бас редактор сарашысы болды, бірталай қаламгерлерді тәрбиеледі. Сөздің емес, істің адамы болды. Менен бір жарым жас кіші болса да өзін ұстаз санайтынмын, оны өзіне айттым да.
Жұмабек редакцияларға демократияның дәнін, ұрығын септі, ұжымшыл, сергек, өте қарапайым, адамның қас-қабағына қарайтын сондай аяулы жан еді. Әрбір редакция мүшесінің отбасы ахуалын біліп отыратын. Тіпті Үкімет (басшысы аты-шулы Ә. Қажыгелдин болатын) қаржы-қаражат бөлмей, «Халық Кеңесі» тараған мезетте (1996 жыл) ол редакциядағы 60-70 адамның тіпті корректорына дейін жұмысқа орналасуына көмектесіп, ең соңынан өзі кетіп еді. Сол кез елімізде жұмыссыздық өршіп тұрған кезең ғой. Биік адамгершілігіне таңдана, арнайы барып Жұмекеңе рахмет айтып, қолын қыстым. Ал, салыстырып көріңіз, кейін тоқшылықтау 2000-ші жылдары басқа бір ұйымда істегенімде басшысы қысқарып кеткен 12-ақ адамға көмек қолын созбай, отбасылы жандар қаңғып кеткендей болып еді.
Жұмабектің парасатты, ойлы мақалалары мен кітаптары бөлек дүние. Ол әрі ғалым-педагог ретінде университетке шәкірттерге дәріс беріп, ұлағат ұясын қондыра білді. Алтын асықтай екі ұл (Дастан мен Жандос) тәрбиеледі. Жалпы оның отбасы өте ауыр болды. Әкелері ерте қайтыс болып, ол отбасының ең үлкені ретінде өзінің артынан ерген 8-9 бауырын жетелеп, оқытып, жанұяларын түзеп, адам қылды.
Міне, сондай, ізгілікті де аяулы жан еді Жұмабек. Қош, жаны жайсаң, адал дос, арқалы қаламгер, ардақты азамат! Менің қолымнан келетіні – талбесіктен жербесікке жеткен саған өлеңнен ескерткіш орнату:
Қазірде өткен жолын, жайын ұғам,
Оқу іздеп сонау Торғай-Қайыңдадан
Жұмекең алғырлықпен алға шыққан
Парасаты мол келген пайымды жан.
Ілтипатты, ізетті, ізгілікті,
Қашанда ізденгіш жан қызғылықты.
Көрсе де небір қиын-қысталаңды
Елемеген дауылды, ызғырықты.
Түнерген түнді төнген күндіз қылған
Бар ма екен Жұмекеңдей жұлдызды жан.
Адами қасиетпен ақтангерім
халық үшін сайыста қыз-қыз қызған.
Жаятын жан-жағына жайма кілем,
Қазақта Жұмекеңдей бар ма кілең.
Қырық жыл терін төккен баспасөзге
Хас дүлдүл, қаламгерім ардакүрең!
Бақытжан Тобаяқов, Астана
Пікір қалдыру