Б.Сағынтаев Теміртауда моноқалаларды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

/uploads/thumbnail/20170729092917209_small.jpg

Елбасы жолдауында "Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.  

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.", - деп атап өтілген болатын.

Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің моноқалаларын дамыту жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, моноқалалардың әкімдері және өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Кездесуге қатысушылар өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясындағы моноқалаларды дамыту барысын, «зәкірлі» инвестициялық жобаларды іске асыру барысын, тоқтап қалған және толық жүктелмеген жобалар мәселелерін, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамытудың түйіткілді мәселелерін талқылады.

Осы тақырыптар бойынша ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Бұдан өзге,өз қалаларындағы жағдай бойынша Теміртау қ. әкімі Ғалым Әшімов, Кентау қ. әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев және Степногор қ. әкімі Әнуар Күмпекеев толық баяндама жасады.

Жекеменшік сектордың позициясы жайлы «Talas Investment Company» ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов, «Bapy Mining» ЖШС директоры Бақыт Шалбаев, «ССГПО» АҚ вице-президенті Ерлан Әлкенов, «SES Saran» ЖШС бас инвесторы Ян Зонненшайн, «ERG» қадағалау кеңесінің төрағасы Алдияр Қазтаев айтып өтті. 

Кеңесті қорытындылай келе, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының басым бөлігі моноқалаларда орналасқанын және жүйе құраушы болып табылатынын атап өтті. Сондықтан, еліміздің Президенті Н. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан осындай зауыттарды технологиялық жаңғырту осы елді мекендердің тұрғындары үшін аса маңызды.

Сонымен қатар, моноқалалардың болашағы халықтың белсенді бөлігіне, атап айтқанда, туризм және ауыл шаруашылығы сияқты салаларды дамытуға қаражат сала алатын кәсіпкерлерге байланысты екендігі атап өтілді.  

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға кеңесте айтылған ұсыныстарды моноқалалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында оларды дамытудың әрекеттегі бағдарламасына өзгерістер әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар