«100 нақты қадам» аясында атқарылған шаралар

/uploads/thumbnail/20170729204044954_small.png

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі мен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 4 бағыты аясында, атап айтқанда 85,86,87,88,89 қадамдарды іске асырып келеді. Олардың ішінде бүгінгі таңда 85, 86, 87 қадамдар орындалып, 89, 90 қадамдар бойынша нақты шаралар атқарылуда.

85-қадам, яғни «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін жүзеге асыру бойынша, Біртектілікті нығайту және қазақстандық бірлікті дамыту Тұжырымдамасы әзірленді. 86-қадамды іске асыру аясында Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамытудың жаңа Тұжырымдамасы қабылданды. Онымен қоса, Жаңғыру 3.0 аясында туризм саласы отын-энергетикалық, аграрлық-өнеркәсіп кешендері, индустрияландыру, сауда және көлікпен қатар 6 негізгі басымдықтың қатарына қойылған. Туризмді дамыту саясаты географиялық жағынан Қазақстанды тұтас қамтитын қажетті инфрақұрылымы бар 6 өңірлік мәдени-туристік кластерлерді құруға бағытталған. Өңірлердің ерекшелігін ескере отырып, сакральді, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық сияқты өзге де Қазақстан үшін жаңа туризмнің түрлерін дамытуға басты назар аударылмақ. 87-қадамды іске асыру бойынша, Мәдениет және спорт министрлігі өңірлерде музейлер мен Достық үйлерінде және Ұлттық музейде ҚХА тарихы және Қазақстанның көп этникалығы залдарын құрды. «Қазақстан энциклопедиясы» ҚР СІМ-мен бірге «Ұлы Дала Елі» Қазақстан туралы цифрлық энциклопедия шығару бойынша толығымен іске асырылған жоба ретінде бақылаудан алып тасталды.
Дін және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысы тұрғысында аталған Қадамды іске асыру бойынша алдағы жұмыс аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу көзделген. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, қызмет көрсету нарығы жетілдіріледі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тақырыпты қалыптастыруға қоғамның қатысуын кеңейту мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бағалау, ҮЕҰ қызметтердің стандарттарын енгізу арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты мониторингілеу және бағалаудың бірыңғай жүйесі әзірленбек. 88-ші қадам да іске асырылғанын атап өткеніміз жөн.
«Нұрлы болашақ» (89-қадам) ұлттық жобасының аясында мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу қарастырылатыны белгілі.
Аталған Қадам бойынша тілдерді дамыту саласында Қазақстан Республикасында тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын іске асырудың ІІ кезеңі (2014-2016 жылдар) аяқталып, Қазақстан Республикасындағы тiлдердi қолдану мен дамыту мемлекеттiк бағдарламасын іске асырудың 2017-2019 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітілген. Мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңі (2017-2019 жж.) аясында мемлекеттік тілді оқытудың әдіснамасын жетілдіру, мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру, тіл мәдениетін жетілдіру, Қазақстандағы тілдік әралуандықты сақтау, қолдау, ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену бағытындағы жұмыстар жалғаспақ. Бұл орайда Мемлекеттік тілді дәріптеу және өзге тілдерді білу мақсатында республикалық конкурстардың («Текті сөздің төресі – терме», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің дәстүрлі республикалық байқауы, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», «Тіл шебері», «Тілдарын») ережелері әзірленген. Сонымен қатар биыл 15 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының отырысы өткізіліп, заңнамалық актілерде жиі қолданылатын терминдер, сондай-ақ мәдениет саласы терминдері қарастырылды. Комиссия шешімі бойынша 100-ден аса термин бекітіліп, атауларды өзгертуге байланысты 28 ұсыныс қабылданды. «Мемлекеттік тілді оқыту: әдіс, тәжірибе, инновация» тақырыбында республикалық семинар-кеңес болып өтті. Іс-шара мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын талқылау мақсатында «Тамыры терең әліпби: жалпытүркілік бірегейліктің мызғымас негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Осы қадамның аясында қолға алынған іс-шаралар қатарында Астана қаласында өткізілген «Қазіргі терминжасамның өзекті мәселелері» атты семинар-кеңесті, сондай-ақ Шымкент қаласында «Ономастика саласындағы жұмыстарды ұйымдастырудың өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық семинарды айтуымызға болады. Барша қауымға белгілі, биыл Елордамызда 22-25 маусым аралығында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткізіліп, оған әлемнің 39 елінен 350-ге жуық адам шақырылды. Құрылтай аясында Мемлекет басшысының қатысуымен салтанатты жиын өткізілді, бірқатар министрліктерде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды, ЭКСПО павильонына бару және т.б. шаралар атқарылды.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысы бойынша, жастардың табысты әлеуметтенуіне бағытталған, мемлекеттік ­жастар саясатының тиімді моделін қалыптастыруды аяқтау Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының екінші кезеңінің негізгі мақсаты болып табылады. Биыл 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысы өткізіліп, онда мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланды.
«Ақпараттық қамту және ілгерілету (90-қадам) бойынша Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қазақстандық мәдениетті, тарихи тұлғалар мен қазіргі заман қайраткерлерін таныту мақсатында еліміздің ежелгі кезеңінен бергі тарихы, қазақстандық мәдениет, еліміздің қазіргі заманғы өмірі, тарихи тұлғалар мен азаматтар – «біздің заманымыздың қаһармандары» туралы баяндайтын ауқымды кино- және тележобаларды жасау жөнінде 2015-2020 жылдарға арналған «Мәңгілік Ел» кешенді жоспары іске асырылуда. Тақырыптық жоспарға сәйкес қолға алынған көптеген кинотуындыларды айтуымызға болады.

Айтуған Дәулет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар